Ақыл – Алла Тағаланың адам баласына берген нығметі. Ал сол нығметті ортаға салу, бөлісу «ақылдасу» деп аталады. Әлмисақтан мұсылман атанған атам қазақтың көптеген сөздерінен ақылдасуды тілге тиек еткенін көруге болады. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас», «Кеңесіп пішкен киім кең де болмайды, кем де болмайды», «Кеңесті жерде кемдік жоқ, кеңессіз жерде теңдік жоқ», «Кеңесіп кескен қол ауырмас», «Кеңесіп шешкен істің кемтігі болмайды» деген сөздер күнделікті өмірмізде ақылдасудың маңызын тарқатып береді. Еркектің қабырғасынан жаратылған әйел деген ардақтылармен ақылдасуды да аталарымыз кемшілік деп білмеген. Қайта «Қабырғаңмен кеңес» деп өмірлік жартыңмен ақылдасуды жөн көрген.