Әйел жамағатына арналған басқосуда отбасы құндылықтары тақырыбы сөз болды
- Бөлім: Жаңалықтар
Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі Батыржан қажы Берденұлының бастамасымен Атырау қалалық Құспан молла мешіті әйел жамағатына арнап, мейрамханада дастархан жайды. Онда ата-ана мен бала тақырыбы сөз болды.
Шараға арнайы қатысқан өкіл имам Батыржан Мансұров жиналғандарды Алланың алдындағы үлкен аманат – неке мәселесінде мешіт ұстаздарынан ілім алуға шақырды. «Біздің өсіріп отырған балаларымыз болашақта дербес шаңырақ көтеретін үлкен отбасыға айналады. Оларды отбасы алдындағы жауапкершілік мәселесіне осы бастан үйретуіміз керек. Қазір көптеген жамағат арасында некені жеңіл дүние ретінде қабылдау позициясы басым болып барады. Мысалға, некені қиып алады да, бірден талақ бере қояды. Асылында, некенің жауапкершілігі, ауыртпашылығы, шарттары, ережелері бар. Талақтың да айтылатын реті болады. Осыған байланысты біз алдағы уақытта көптеген дәрістер, семинарлар өткізуді жүйелі түрде жалғастыруды қолға алғалы отырмыз» деді Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі Батыржан қажы Берденұлы.
Басқосуды ұйымдастырған Атырау қалалық Құспан молла мешітінің Бас имамы Эммат Ғұмаров діни, жалпы кез келген ілімді әлеуметтік желілерден, интернет кеңістіктен алуға ұмтылу тенденциясының басымдығына тоқталды. «Осы ретте, орталық «Иманғали» мешітінің ресми сайтынан ақпарат алып, Бас имамға сауал жолдауға болады» деген ол, жиналғандарды еліміздің Батыс аймағына тән көрісу мерекесімен құттықтады.
«Кей бауырларымыз көрісуді дінде жоқ дүние деп жатады. Шындығында, көрісудің дінге еш қарсылығы да жоқ. Бұл – қазақтың ежелден келе жатқан мейрамы, әрі адам мен адамды бауырластыратын, ынтымақты арттыратын дүние. Алда келе жатқан 22 наурыз күні Атырау қаласына қарасты барлық мешіттерде киіз үйлер құрылады. Жиырма төрт қанатты зәулім үйде ұлттық, дәстүрлі мерекеміз жоғары деңгейде атап өтіледі» деген имам Эммат Ғұмаров жиналғандарды Наурыз мерекесін бірге қарсы алуға шақырды.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.
