Исламдағы некенің шарттары қандай?
- Бөлім: Мақала
Некелесу адам өміріндегі ең бір жауапты һәм қастерлі сәт болып есептеледі. Ұлтымыз некенің адал болуына айырықша мән беріп, неке тазалығын терең түсінген. Ата-бабаларымыз ұрпағына некеде аса жауапты болуды, некені берік сақтаудың жолдарын ислам діні қағидаттары арқылы өсиет екен.
«Неке» деген сөз арабтың «никах» деген сөзінен шыққан. Тілдік мағынасында «бірігу, қосылу» деген мағынаны береді. Неке қидыру екі жұптың бір-біріне деген жауапкершілігін нығайтады. Ер мен әйелдің өзара міндеттері мен қарым-қатынастары неке арқылы бекітіледі. Ислам дінінің заңнамасы – шариғатта үйленудің үкімі бекітілген сүннет, яғни Пайғамбар (с.ғ.с.) істеген іс. Некенің өзіндік парызы мен шарттары бар. Олар некенің толық болуы үшін өте маңызды. Некенің парызы екеу, оны рүкін деп атайды. Оның бірі - ұсыныс. Ердің не әйелдің аузынан шығатын үйлену сөзі. Мұны шариғатта ижаб дейді. Екіншісі, қабыл алу. Біріншісінің үйлену жөніндегі ұсынысын екіншісінің құп алуы. Мұны шариғатта қабул дейді. Мысалы, жігіт қызға «маған тұрмысқа шық» десе, бұл алғашқы айтылып тұрғандықтан ұсыныс – ижаб, ал қыз «шығамын» деп разылығын білдірсе екінші айтылып тұрғандықтан қабыл алу – қабул болып саналады. Үйленуде екі жақтың разылығы керек, мұнсыз неке жүзеге аспайды. Ал, ұсыныс пен қабыл алу ішкі разылықтың көрінісі.
Некенің шариғатқа сай болу шарттары төмендегідей. Біріншіден, некелесуге рұқсат етілген жандар. Екіншіден, куәгерлік. Қиылған неке дұрыс болу үшін куәгердің болуы шарт. Бұл мәселеде мазһаб имамдары арасында талас жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Өкілсіз және екі әділетті куәгерсіз неке қиылмайды», – деген. Үшіншіден, екі жақты разылық. Егер екеуінің бірі зорлықпен үйлендірілсе неке дұрыс болмайды. Төртіншіден, ата-ананың разылығы.– Бесіншіден, некені жария қылу.
Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с) неке қидырудың маңызы жайлы қалдырған аса тағылымды хадистері бар. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) «Үйленуге мүмкіндігі бола тұрып, үйленбегендер, менің үмметімнен емес» деген хадисі бар. Демек, жасы жеткенде үйленудің маңызын осылай жеткізген.
Сонымен қатар, Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Ақиқатта адам үйленгенде үш түрлі ниетпен үйленеді. Біріншісі имандылығы, тәрбиелілігі, мінез – құлқы, парасаттылығы үшін. Екіншісі дүние – байлығы үшін. Үшіншісі сұлулығы үшін. Сіздер діндарлығына қарап үйленіңіздер, әйтпесе өз – өздеріңізге зияндық істеген боласыздар» деп өсиет еткен.
Қасиетті Құранның «Нұр» сүресінің 32 аятында «Іштеріңдегі бойдақтарды, сондай-ақ қолдарыңдағы құл, күңдердің дұрыстарын үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса да, Алла өз кеңшілігімен оларды байытады. Алла аса кеңшілік иесі, толық білуші» делінген.Демек, Ұлы Жаратушы Алла Тағала өз пендесіне кәмелет жасқа толған соң үйленуді, жұптасып өмір сүруді үкім еткен. Неке ұлттың, ұрпақтың аса жауапты қарайтын зор маңызға ие мәселесі болғандықтан, бұған жауаптылықпен қарау қажет. Иманды, беріктігі мықты отбасылар көбейіп, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын. Әмин!
