Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

БАС МҮФТИ АТЫРАУДА ОРТАЛЫҚ МЕШІТТЕ УАҒЫЗ АЙТТЫ (ФОТО)

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз облыстық орталық мешітте уағыз айтып, жұма намазын жүргізді.
Еліміз бойынша уағыз тақырыбы "Исра және Миғраж түні" деп аталады.


"Қасиетті Миғраж түнінде бізге намаз парыз етілді. Намаз - жамандықтан сақтайтын, жәннатқа жетелейтін ұлы құлшылық. Адам намаз арқылы бейәдеп әрекетінен арылып, көркем мінезге ие болады. Өйткені, Аллаға құлшылық еткен пенденің өмірі жақсылыққа қарай түзеледі. Пенденің тұлабойынан ізгі қасиеттер көрініс тапса, демек оның намазы қабыл бола бастады деген сөз. Алла Тағала баршамызды намазы қабыл болған пенделерінің қатарына қосқай", - деді Серікбай қажы Ораз.

Жұма намазынан кейін елдің игілігі үшін бата жасалды.


Толығырақ ...

БАС МҮФТИ УАҒЫЗЫ: БАҚЫТҚА БӨЛЕЙТІН 3 СЕБЕП (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Құлсары қалалық мешітте ақшам намазынан кейін жамағатқа уағыз айтты.

Бас мүфти өз уағызында адамды бақытқа жетелейтін үш негіз туралы айтып өтті. 

«Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде адамды өмірде бақытты ететін үш нәрсе айтылады. Ол, біріншіден, салиқалы әйел, екіншіден, жақсы көлік, үшіншіден кең үй. Міне, осы үш игілікке қол жеткізген адам осы өмірде бақытқа бөлене бастайды. Алайда жақсы үйің бола тұрып, оның ішінде салиқалы әйелің болмаса немесе таяныш болар ер азаматың болмаса – өмірдің өзі баянсыз. Баспаналы болып, бақытын таба алмай жүргендер қаншама. Сондықтан, қамшының сабындай қысқа өмірдің мәні – ізгілік пен имандылықта», – деді Серікбай қажы Ораз.

Толығырақ ...

ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ҚҰЛСАРЫ ҚАЛАЛЫҚ МЕШІТІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Берденұлы Бас мүфти Серікбай қажы Оразға Құлсары қалалық мешітінің жұмысымен таныстырды.

Өкіл имам үш қабатты мешітте құлшылыққа қажетті жағдай мейлінше жасалғанын жеткізді. Алланың үйінде кітапхана, неке залы, діни заттар дүкені, ас беретін арнайы зал, мәжіліс бөлмесі бар екен.

Бас мүфти аудан имамдарымен сұхбаттасып, елге қызмет етуде белсенділік танытуға шақырды.

Серікбай қажы Ораз мешіттің құрылыс жұмыстарына қол ұшын беріп, қайырымдылық шараларға белсенді үлес қосып жүрген кәсіпкер азаматтарға алғысын білдірді.


Толығырақ ...

МҮФТИ САПАРЫ: ЖЫЛЫОЙДА ӨТКЕН ЖҮЗДЕСУ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Атырау облысы Жылыой ауданының жұртшылығымен кездесті.

Құлсары қаласында өткен келелі кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, түрлі мемлекеттік мекеме жетекшілері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мұғалімдер мен студенттер қатысты.

Кездесуде сөз алған Бас мүфти:

«Ізгі ғұламалардың: «Отанды сүю – иманнан», – деген сөзі бар. Отанды сүйем деген сөзді айту оңай. Мұқағали атамыз жырлағандай, «Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген, не тындырдың «басымды иемменен?» деген сұрақ әрбір азаматты терең толғандыруы тиіс. Елдің жетістігіне қуана білу, «әттеген-ай» дегізер тұстарына түсіністікпен қарау – азаматтық іс. Біз, баршамыз Алланың берген қабілеті мен мүмкіндігін Отанның өркендеуіне сарп етуіміз керек. Елдің болашағына біз үлес қоспағанда кім үлес қосар дейсіз?! Әлихан Бөкейхан бабамыз тілге тиек еткендей, «қазаққа ешкім сырттан жақсылық әкеп бермейді». Осыны жастарымыздың санасына көбірек сіңдіре беруіміз керек. Осы ретте Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының жазған өлеңі есіме түсіп отыр: «Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр, жақсылық өз басынан артылмаған. Не пайда өнерің мен біліміңнен, тиісті жерлеріне сарп ұрмаған». Алла Тағала Құранда: «Өздерің жақсы көрген нәрселеріңді садақа етпейінше, игілікке қол жеткізе алмайсыңдар», – деген. Демек, біліміміз бен өнерімізді, қызметіміз бен дәулетімізді халықтың игілігіне жұмсауымыз садақа болып саналады екен», – деді.

Жылыой жұртшылығы Серікбай қажы Ораздың қадамын жақсылыққа балап, батасын беріп, ізгі ниеті мен алғысын жеткізді.


Толығырақ ...

Дінбасы Мақат ауданына сапарлап барды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Сатыбалдыұлы Атырау облысына жасаған ресми сапары аясында Мақат ауданы Доссар елдімекеніне барды.

Ауылдағы мешіт жұмысымен танысып, тұрғындармен сұхбаттасты. Мақат ауданының әкімі Берікқали Жоланұлы Бас мүфтиге өңірдің тыныс-тіршілігі мен қазіргі діни ахуал туралы әңгімелеп берді.

«Біз елдің шетін жаудан қорғап, халықты ізгілікке ұйытқан кешегі ержүрек Махамбет, Исатай сынды бабалардың бүгінгі ұрпағымыз. Баһадүр бабаларымыз осынау ұланғайыр жерді бізге аманаттап кетті. Демек, мемлекет тыныштығының мығым болуына үлес қосып, халықты ынтымаққа бастау – әр азаматтың асыл борышы. Біз ізгі істерімізбен ғана тарихта қаламыз. Бірлік болмаған жерде береке кетеді. Аллаға шүкір, мешіттеріміз ашық, медреселеріміз жұмыс істеп тұр. Осының бәрі Алланың берген үлкен нығметі. Халқымызда: «Бағаламасаң бақ кетеді», – деген жақсы сөз бар. Барымызды бағалап, бір-бірімізге қамқоршы болып жүрейік», – деді Серікбай қажы Ораз.

Кездесу соңында Бас мүфти аудан басшысы Берікқали Жоланұлына «Ұлы дала төсіндегі Ислам» атты кітабын сыйға тартты.

ҚМДБ төрағасы С.Сатыбалдыұлы жергілікті имамдарға нақты тапсырмалар беріп, елге қызмет етуде белсенділік танытуға шақырды.

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу