Құсс бин Сайданың баяндамасы
- Бөлім: Мақала
Құсс бин Сайда Ияд тайпасаның көсемі еді. Ол Исаның (аләйһиссаләм) дініндегі бір ғана Аллаһқа сенетін ақын кісі болатын. Ол Уқаз жәрменкесінде жалпы көпшілікке пайғамбар келетіндігінен хабар беретін атақты әрі өте ғибратты баяндамасын оқыды. Ол жерде Хазіреті Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да бар еді. Оның баяндамасы мынадай еді:
«Уа, халайық!
Келіңдер,тыңдаңдар,есте сақтап ғибрат алыңдар!
Жанды нәрсенің барлығы өледі, өлген нәрсе жоқ болады. Соңында барлығы жойылады. Оқиғаның соңы бітпейді,бірінен соңы бірі келіп отырады.
Айтқан нәрселерімді мұқият құлақ салып тыңдаңдар. Көктен бір хабар бар,жерде ғибрат аларлықтай нәрселер бар. Жер жүзі жайылған төсек,аспан болса биік шатыр. Жұлдыздар әрекет етеді,теңіздер тоқтайды. Келген қалмайды,кеткен келмейді. Барған жерлерінде разы болғандықтансонда қалып жатыр ма?
Ант етейін Аллаһтың алдында бір дін бар, ол сендердің сенген діндеріңнен әлдеқайда артық.
Сондай-ақ Аллаһтың жіберетін пайғамбары бар,ол келер уақыты да таяп қалды. Оның көлеңкесі төбелеріңе түсіп тұр. Оған иман келтірген, ол да оны тура жолға салған кісі нендей бақытты. Оған қарсы шығып,бас көтерген кісі нендей бақытсыз.
Өмірін ғапылдықпен өткізген үмбеттерге нендей өкініш.
Ей,адамдар!
Қапыда қалып жүрмеңдер! Барлық нәрсе өткенші пәни тек Хақ Тағала ғана мәңгілік. Ол жалғыз,ортағы да,ұқсасы да жоқ. Жалғыз оған ғана құлшылық қылынады. Ол туылмаған,тумайды да.
Бұрын келіп-кеткендерде біз үшін көптеген ғибраттар бар.
Ей, Ияд тайпасы! Әкелерің мен аталарың қайда? Қайда кетті зәулім сарайлар мен тастан уйлер салған Ад пен Самуд? Дүниелік нәрсесімен тәкаппарланып қауымына «Мен сендердің ең ұлы Раббыларыңмын»деген Перғауын мен Намруд қайда?
Бұл жер оларды диірменінде үгітіп,жоқ қылды. Сүйектері де шіріп жоқ болды. Үйлері де қирап, қаңырап қалды. Олардың орнында қазір иттер мекендеуде. Абай болыңдар,сендер де олар секілді ғапылдыққа түсіп жүрмеңдер. Олардың жолымен жүрмеңдер. Барлық нәрсе пәнилік, тек Жаббар Хақ қана мәңгілік. Өлімге кіретін қақпам бар, ал шығатын қақпа жоқ.
Үлкен-кіші барлығы дүниеден өтеді. Барлығының басынан өткен нәрсе, менің де басыма келеді».
Құсс бин Сайда бұл керемет сөздерді айтқан кезде, өзі айтқан соңғы пайғамбар Хазіреті Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол жерде екенінен хабарсыз еді. Артынан көп өтпей дүние салды. Оның тайпасы пайғамбарлық келген кезде Аллаһ Расуліне барып иман келтірді.
Расулаллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларға:
-Құсс бин Сайданың Уқаз жәрмеңкесінде түйе үстінде отырып: «Жанды нәрсенің барлығы өледі, өлген нәрсе жоқ болады,болатын нәрсе болады», деп хұтпа оқығаны еш ақылымнан кетпейді. Осы хұтпаны оқи алатын адам бар ма? - деді.
Келген топ бұл хұтпаны барлығының дерлік оқи алатынын айтты. Әлемдердің Сұлтаны бұған дән риза болды.
Олармен бірге тұрған Әбу Бәкір ( радиаллаһу анһу ) де:
- Уа, Расулұллаһ! Сол күні мен де ол жерде бар едім. Оның айтқандарының бәрі жадымда,- деп, хұтпаны бастан аяқ оқып берді.
Артынан Ияд тайпасынан бір кісі шығып Құсс бин Сайданың өлеңдерін оқыды. Бұл өлеңдерде Пайғамбарымыздың руы Хашим ұлдарынан ұлы пайғамбар шығатыны ап-ашық айтылған.
Ұлы Расул (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Құсс бин Сайда жайында былай деді: «Аллаһ Тағала Құсс бин Сайдаға рақым етсін, ол қиямет күнінде жеке үмбет ретінде тірілтеді».
«Иманғали» орталық мешітінің
найб имамы Мустафаев Мурат