Өкіл имам «Ислам мәдениетінің өркендеуіне Қазақстанның қосқан үлесі» атты халықаралық конференцияға қатысты
- Бөлім: Жаңалықтар
Жақында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне қарасты Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығымен бірлесе отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен «Ислам мәдениетінің өркендеуіне Қазақстанның қосқан үлесі» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті.
Мақсат – ислам мәдениетіндегі қазақ мұсылмандық танымы және Қазақстандағы ислам сәулет өнері ескерткіштерінің ислам мәдениетіне қосқан үлесін зерделеу. Еліміздегі ислами қолжазба мұраларын кешенді зерттеулер мен мазмұнды іс-шараларды ұйымдастыру және насихаттау, қазақ ғұламаларының ислам өркениетінің дамуына қосқан үлесі, Орта Азиядағы ханафи мазхабы ілімі мен тәжірибесінің қазіргі дінтанулық білім жүйесіндегі орны, қазақ ойшылдарының түркі ислам өркениетіндегі рөлі, Алтын Орда тұсындағы жазылған ислами жәдігерлерді зерделеу арқылы діни танымды қалыптастырудың маңызы, қазақ даласындағы хұснихат өнері: тарих және қазіргі заман және басқа да өзекті мәселелер талқыланған жиынға әлемдік деңгейдегі сарапшылар, ғалымдар, ұстаздар қатысқан болатын.
Аталмыш конференцияда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкіл имамы Батыржан Мансұров баяндама жасады.
Атырау халқы арасында кеңінен танымалдылыққа ие тарихи нысандар - Ақмешіт, Ұшқан ата қорымы, Сарайшық қалашығы және Қайнар тұрмыстық кешені туралы баяндаған Атырау облысының Бас имамы Батыржан қажы Берденұлы Атырау жеріндегі бірқатар тарихи нысандардың Қазақстанның киелі жерлері географиясына енгізілгендігін атап өтті. "Қазіргі таңда Қазақ хандығының астанасы болған көне Сарайшықты туризм орталығына айналдыру бағытында жұмыстар атқарылуда. Елбасының "Рухани жаңғыру" мақаласы аясында Атырауда Сарайшық туралы сыр шертетін "Сарайшыққа саяхат" балаларға арналған мультсериалы да түсірілді. Тарихын білмейтін халықтың болашағы да болмайтынын ескерсек, өткенді саралап, ақтаңдақтарды аршып алу жолындағы игі қадамдардың басталуы - ұлт болашағына салынған негізгі капитал. Бұл жердегі дін мамандарының міндеті - ислам өркениетінен сыр шертетін жәдігерлеріміздің тарихын ғылыми айналымға енгізіп, кейінгі буынға дәріптеу болып қала бермек" деді өкіл имам өз баяндамасында.
Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.
