Ағайын тату болса, ат көп...
- Бөлім: Мақала
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз Алла сендерді бақылап тұрушы» деп бұйырады («Ниса» сүресі, 1-аят).
Бір кісі ардақты Пайғамбарымызға(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп былай дейді: «Уа, Алланың Елшісі! Мені жұмаққа жетелейтін, ал тозақтан алыстататын кеңес беріңізші» дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ол сенің Аллаға ғана құлшылық етіп, оған серік қоспауың, намазыңды кемеліне келтіріп орындауың, зекетіңді өтеуің және туған-туыстарыңмен қарым-қатынаста болуың» деп жауап береді. Осы хадисте айтылғандарға көңіл аударайықшы.
Аллаға құлшылық ету, намаз оқу, зекет өтеу исламдағы ұлы құлшылықтар екенін мұсылмандар жақсы біледі. Ал туыстармен қарым-қатынаста болу осы құлшылықтармен қатар айтылып тұр. Алла Тағаланың осы дүниеде адам баласына берген сыйлықтарының бірі- бұл ағайын-туыстары. Жылағанда жұбататын, қиналғанда арқа сүйерің, қуанғанда қуанышыңды бөлісетін, өкпелесек назыңды көтеріп, қателігімізді кешіре білетін ағайын-туыстарымыз ғана. Адамдардың барлығы ағайын-туыстай бола бермейтіні шындық. Тустық қарым-қатынасты халқымыз қашанда жоғары қойған. Әйгілі ағартушы, ғалым Ыбырай Алтынсарин атамыз бір еңбегінде: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады» деген.
Ендеше, бала тәрбиесінде туыс-туғандарға деген мейрімділік, жанашырлық көрсетіп тәрбиелеу басты міндет. Туысқандық қарым- қатынасты нығайту дінімізде уәжіп, ал олармен қарым-қатынасты үзу дінімізде қатаң тиым салынған істерден болады.
Адамзатты Алланың өзі аса құрметтеп, мейір махаббатымен жаратқан. Сол мейірімнің нышаны ретінде Алла Құран аяттарында адамзаттың асыл тегін, бірі-біріне туыстығын айрықша білдіріп, нәсілшілдікті, жікшілдікті, араздықты түбегейлі тыйған.
Ендеше, туыстармен қатынас дегеніміз не? Туыстардың үйіне бару, хабарын алып, хал-жағдайын сұрау, хат жазу, ауырғанның көңілін сұрау, қуанышына ортақтасып, қайғы-мұңынбөлісу. Сондай-ақ, көңілі жүдегенді жұбату, қиналған туысқа қол ұшын беру немесе орайы келгенде сый-сыяпат, тарту-таралғы жасау да туыстықты нығайтудың жолдарына жатады. Туыстық байланыс өмірді ұзартады. «Ағайын — ағайынның айнасы», «Ағайын бірде араз, бірде тату», «Ағайында өкпе бар да, кек жоқ», «Ағайынның азары болса да безері жоқ», «Ағайынның ұрысы — торқаның жыртысы», «Бауыр шырын, бас тәтті», «Ағайынмен ішкен ас тәтті», «Ағайын қадірін білмесең, жалғыздық берер сазайды», «Бетің қисық болса айнаға өкпелеме, Ниетің қисық болса ағайынға өкпелеме», «Ағайыңды өкпелеткеннің үні іриді», «Сара жолдың қадірін адасқанда білерсің, Қарындастың қадірін қарасқанда білерсің», «Туғаныңмен туыспасаң кең дүниеге сыйыспассың», «Тіріңде сыйласпасаң, өлгенде жыласпа», «Ағайын тату болса ат көп, Абысын тату болса ас көп» сынды аталы сөздер жалғаса береді.
Екі дүниенің бақытын ойласақ, дұғаларымыздың қабыл болуын қаласақ жақындарымызбен жақсы қатынаста болайық. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда сыйласып өткенге не жетсін?!
Назарбай АБДУРАМАНОВ,
Атырау қалалық «Құспан молла» мешітінің наиб имамы.