Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Жылыой ауданында Мәуліт өтіп, Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы жамағатты құттықтады

 islam-atyrau.kz/11 желтоқсан, 2019 жыл.   Бүгін Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында Мәуліт рухани кеші болып өтті. Рухани шараға Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы барып қатынасты.

Үш жүзден астам жамағат қатысқан шара Мәуліт оқылуымен басталды. Кейін Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жиналған жұртшылықты Мәуліт мерекесімен құттықтады.

«Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) дүние есігін ашқанда, ғаламда ғажап оқиғалар болған деседі. Дүние нұрға бөленген. Анасы Әмина әйелдер әдеті бойынша толғақ қысу, қан кетуге ұқсас қиыншылықтарды көрмеген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) туғанда үстінен жұпар иіс аңқып тұрған. Әр мұсылман баласына Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өмірі үлгі болуы керек» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Жылыой орталық мешітінде өткен рухани шара барысында жамағатқа дастархан жайылып, кеш одан әрі сұрақ-жауап форматында жалғасты. Сұрақтың жауабын дұрыс тапқан адамдарға бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Рухани шара аясында Сафи Өтебаев атындағы мұнай-газ технологиялық колледжінің студенттері «Пайғамбарға сағыныш» атты қойылым көрсетті.

Сондай ақ, іс шара аясында әлеуметтік жағдайы төмен жүз отбасыға азық-түлік пакеті тапсырылды.

«Мәуліт – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айы. Бұл ай бізді ізгілік, қайырымдылық жолында біріктіреді. Мәуліттің кереметі сол, адамдардың жүрегі жақсылық жолында ашылып, игі іс істеуге деген ұмтылыстары артады. Біз бүгін Алла разылығы үшін мұқтаж жандарға қолдау білдіріп отырмыз. Бұл игілікті іс жалғасады» дейді Жылыой ауданының Бас имамы Арман Исаев.

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

БАС МҮФТИ БЕРЛИНДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МҰСЫЛМАНДАР ФОРУМЫНА ҚАТЫСУДА (+ФОТО)

  islam-atyrau.kz/11 желтоқсан, 2019 жыл.  Бүгін Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы бастаған делегация Германия астанасы Берлин қаласында басталған XV Халықаралық мұсылмандар форумына қатысуда.

Делегация құрамында ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы да бар.

«Постсекулярлық әлем жағдайындағы дінаралық диалог – өзара ықпалдасудың тұғырнамасын іздеу» атты тақырыпты арқау еткен халықаралық форумға Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасы және Мүфтилер кеңесінің төрағасы, шейх Равиль Гайнутдин, Түркия Дін істері басқармасының төрағасы, доктор Әли Ербаш, т.б. халықаралық діни ұйымдар мен дін саласындағы мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысуда.

Халықаралық форумның ашылу салтанатында баяндама жасаған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз: «Дін – адам баласының рухани тұрғыдан күйзеліске ұшырау кезінде әрқашан көмекке келетін қуатты күш. Ислам – барша мұсылман үмбетінің рухани тірегі. Алайда әлемдік ақпарат құралдарында Исламды кемсіту үрдісі жиі кездеседі. Бұл мәселе бүгінде барлық дінге қатысты болып тұр. Ақиқатында бір-бірімен жауласатын дін емес – адамдар. Бұл ретте әр адам дін туралы көзқарасын түзеуі тиіс. Осы ретте діндер көшбасшыларының онлайн форумын өткізуді ұсынамын. Желілік ресурстар қоғамға ізгілікті насихаттаудың орнына адам санасын теріс арнаға бұруға ұмтылып жатқан қазіргі жағдайда бұл игі бастама мұсылман қауымын жақсылыққа үндейтін болады», – деп атап өтті.

Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен осымен он бесінше рет өтіп жатқан Халықаралық мұсылмандар форумы Берлин қаласында 11 желтоқсанға дейін жалғасады.

 
Толығырақ ...