Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Үйлендіру-ата-ананың борышы!

Қазіргі таңда елімізде үйлене сап ажырасу үйреншікті құбылысқа айналып болған. Бұл індеттің көбірек орын алуының басты себебі ата-аналардың басым бөлігінің «Жастар өздері біледі ғой, өздері шешеді» я болмаса «өзіне ұнағанын алсын, ұнатқанына тисін» деген пікірді ұстанғандығының кесірі. Мұның арты көп жағдайда орны толмас өкінішке ұластырып жатырғаны жасырын емес. Ал, ақиқатына келсек, Қазақ xалқы ер жеткен ұлы мен бойжеткен қызының болашағына салмақтырақ қарап, ұлына жақсы жар бола білетін қызды, қызына жақсы жолдас болатын жігітті ата-әжелеріміз өздері таңдап отырған, міне сол асыл дәстүріміздің арқасында біздерге дейінгі үлкендер арасында "ажырасу" термині мүлдем болмады десек өтірік айтқан болмаспыз. Ал шариғат заңы бойынша ұлына лайықты келін, қызына лайықты жар тауып беріп үйлендіру — ата-ананың бала алдындағы борышы.

 

Себебі Имам Байһақидың сахабалар Әбу Сағид әл-Худри (Алла ол кісіні раxымына бөлесін) мен Ибн Аббастан(Алла ол кісіні раxымына бөлесін) жеткізген бір риуаятында Алланың елшісі (салла Аллаһу алейһи уә сәллам.) : «Кімнің баласы өмірге келсе оған жақсы есім берсін, жақсы тәрбие берсін, балиғат жасына жеткенде үйлендірсін. Егер балиғат жасына жеткенінде оны үйлендірмей, ол күнәға ұрынар болса, оның күнәсі әкесіне жазылады.» — деген.

 

Пайғамбарымыз (салла Аллаһу алейһи уә сәллам.) басқа бір хадисінде былай дейді:

 

«Балалардың әке-шешесіндегі ақысы үшеу:

 

1.Өмір есігін ашқаннан кейін жақсы есім беру.

 

2.Балиғат жасына жеткенде Алланың кітабын үйрету яғни Құранды.

 

3.Үйлену шағына жеткен кезде үйлендіру.»-деген.

Ендеше, ұрпағымызға мұтылған баба дәстүрін қайта жалғап, ұрпақ тәрбиесімен отбасылық өміріне атүсті қарамай жүгенсіз кетіп бара жатқан қоғамның бұл дертіне жамағат боп тоқтау сап, ата дәстүрімізді қайта жаңғырту жолында білек сыбана бірлесе кірісейік ағайын!

 

Ержан Қағазғалиев

 «Сұлтан Бейбарыс» мешітінің  бас имамы

Толығырақ ...