Жастарға арналған кезекті көшпелі дәріс Жұлдыз мешітінде өтті
- Бөлім: Жаңалықтар
islam-atyrau.kz/22 ақпан, 2019 жыл
Жастар жылына орай, жастар жамағатының көшпелі отырысы Атыраудағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте болып өтті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық "Иманғали" мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұровтың бастамасымен қала және аудандағы мешіттерде жастар жамағатының жұмыс сипаты жаңа бағдарда ұйымдастырылып жатқаны белгілі. Жастарды рухани кемелдікке, білімді болуға, ынтымағы ұйысқан елімізде бірлікті сақтауға үндейтін отырыста орталық "Иманғали" мешітінің наиб имамы, ұстаз Ерболат Боханов Салман Аль Фариси сахаба туралы уағыз айтты.
"Ислам нұрына шомған бұл адам туралы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) "Жәннат мына үш кісіні аңсайды: Әли, Аммар ибн Ясир және Салман" деп, оның о дүниедегі дәрежесінің жоғары екенін білдірген" деп нақтылады уағыз соңын ұстаз Ерболат Боханов. Исламды қабылдау жолында қым-қуыт тірлікті бастан өткерген сахабаның өмірі кейінгі мұсылман буынға үлгі болары анық.
Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің жастар жамағатының басын біріктірген жиын соңы сұрақ-жауап форматында жалғасты.
Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.