Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атыраудың бас мешітінде өткен Ораза айт мерекесінің видеосы жарияланды

  islam-atyrau.kz/6 маусым, 2019 жыл.  Қасиетті Ораза айт мерекесі күні Атыраудың бас мешітінде 7000-ға жуық жамағат айт намазына жиналған еді.

Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұровтың бастамасымен бұл күні 2000 сәбиге балмұздақ таратылып, арнайы ойын алаңдары құрылды. Үлкендер үшін айт намазынан соң айттық дастархан берілді. Еске сала кетелік, күллі мұсылман қауым үшін қасиетті саналатын Ораза айт мерекесі кеше басталды. 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Ораза айт мерекесі күні Сұлтан Бейбарыс мешіті екі жүз адамға айттық таратты (ВИДЕО)

 islam-atyrau.kz/6 маусым, 2019 жыл. Қасиетті Ораза айт құрметіне Атырау қалалық Сұлтан Бейбарыс мешіті атыраулықтарға арнайы сыйлық таратты.

«Айт намазын 2000 жамағатпен жұмыла оқығаннан кейін, біз қала көшелерін аралап, тұрғындарға арнайы сыйлық үлестірдік. Барлығы 200 пакет сыйлық көлік жүргізушілеріне, қоғамдық көлік жолаушыларына, балаларға таратылды. Біздің мақсатымыз ұлтымызды ұйыстыра түсетін қасиетті Ораза айт мерекесін насихаттау» дейді Сұлтан Бейбарыс мешітінің бас имамы Ержан Қағазғалиев.

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Батыржан Мансұров: Ораза айт - шүкіршіліктің мерекесі

Қасиетті Ораза айт мерекесі басталды.  Мың айдан да қайырлы Рамазаннан кейін келетін ізгіліктің мерекесін күллі мұсылман қауымайрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді.  Өйткені, бұл - Рамазан айымен қимай қоштасып, келесі Рамазанға есендікте жетуді тілеп, құлшылық ететін нығметке толы күн.

Айт күнінің өзіне тән жарасымды да, сауапты амалдары көп. Айт күні оқылған намаз да, жасалған дұға да ерекше. Бұл күні ғұсыл құйынып, айт намазына қатысу – сүннет. Осы жерде Жәбирдің «Айт күні Пайғамбар (с.ғ.с) әдетте айт намазынан оған барған жолдан өзге жолмен қайтатын» деген сөзіне оқырман назарын аударғым келеді. Ғалымдардың пікірінше, Пайғамбардың (с.ғ.с) айт намазынан өзге жолмен қайтуының астарында, оның көп адамдарды құттықтау ниеті немесе исламның күші мен ұлылығын көрсетуді қалағаны жатуы мүмкін.

Бұл мерекеде әр шаңырақта түрлі тағамдар пісіріліп, әр үйде әдеттегіден сәнді дастархан жайылып, қонақ шақырылуы, адамдардың бірін-бірі құттықтап, игі тілектер арнауға асығуы Пайғамбардың (с.ғ.с) дәстүрге айналып кеткен сүннеті. Ағайын арасындағы үзілген байланыстарды жалғау, туыстық, бауырластық қатынастарды нығайту - бұл мейрамның негізгі ерекшелігі, мәні, маңызы болып табылады.

Бүгінгідей алмағайып заманда татуластық, бірлік, тұтастық мәселелерінің өткір тұрғанын ескерсек, Ораза айт мерекесін қоғамдық тұрақтылықты сақтаушы тетік ретінде қабылдауымыз қажет.

Ораза айттың тағы бір ерекшелігі, ол шүкіршіліктің, сабырлылықтың мерекесі. Адамдарды бір-бірімен жақындастыра түсетін, оларды бір дастарханның басында қосып, бауыр ететін Ораза айт ескі өкпе-реніштерді ұмыттырып, меймандостыққа бастайтын ерекше күн. 

Айта кетерлігі, Ораза айттың бірінші күнінде барша мұсылманға ауыз ашу шарт. Ораза айттың екінші күнінен бастап, шәууәл айының алты күн нәпіл оразасын ұстай берсе болады. Ол сүннет амалға жатады. Әдетте, қарыз күндер нәпіл оразадан кейін өтеледі.

Сан ғасырлық тарихты бастан өткерген ата-бабаларымыз кезінде «қарға тамырлы қазақпыз» деген өсиетті тегіннен айтып қалдырмаған. Бұл барша қазақтың бауыр, туыс, қандас екенін білдіреді. Демек, бұл біздің діни сенім мәселесінде ғана емес, өмірлік, қоғамдық қатынастарда да бір-бірімізден ажырай алмайтынымызды көрсетеді. Бірлігіміз бекем болса, тәуелсіздігіміз де тұғырлы болмақ.

 Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барша мұсылман қауымды Ораза айт мейрамымен құттықтаймын! Ораза айт жүректерге иман, дінімізге қуат, елімізге тыныштық пен береке бергей!

 

***

 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) алғашқы оқыған айт намазы һижраның екінші жылындағы Ораза айт намазы. Мәдинаға қоныс аударып келген кезде, Мәдинадағы бір ансар-сахаба исламнан бұрын тойланатын екі күннің болғаны туралы Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) айтқанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екі күнді не үшін атап өтетіндіктерін сұрады. Олар «Ислам келгенге дейінгі дәуірде біз бұл екі күнді көңіл көтеріп атап өтетін едік» деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға: «Алла ол екі күннің орнына сендер үшін әлдеқайда қайырлысын берді. Біріншісі Құрбан айт, екіншісі Ораза айт». Осылайша, Алла Елшісі (с.ғ.с.) мәдиналықтардың мейрамдарын екі ұлық мерекемен ауыстырған болатын.

 

***

 Күллі мұсылман қауымы отыз күн оразадан кейін шәууәл айының бірінші күнінде Ораза айт мерекесін тойлайды. Айлардың төресі, барша мұсылман баласы үшін қасиетті  Рамазан айы қайырымдылық, құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік айы болса, Ораза айт осы айдың шүкіршілігі ретінде өткізілетін, екі ұлық мерекенің бірі.

Толығырақ ...