Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атырауда әйел жамағаты арасында Құран жарысы өтті

 

   іslam-atyrau.kz/30 қаңтар, 2020 жыл.   Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйелдер-қыздар секторының Атырау облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен бүгін Атырауда Құран жарысы болып өтті.

Аталмыш шараға Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Құран – адамзатты екі өмірдің бақытына жетелейтін ең соңғы иләһи кітап. 14 ғасырдан бері әріпті былай қойғанда, үтір-нүктесіне дейін өзгермеген Алла Тағаланың уахиі. «Хижр» сүресінде Алла Тағала «Шын мәнінде Біз зікірді (Құранды) түсірдік. Енді оны өзіміз сақтаймыз» дейді. Ал қазір біз бұл иләһи кітаптың Алла уәде еткендей, сан түрлі жолдармен сақталып отырғанын көзбен көріп келеміз.

«Исра» сүресінде Алла Тағала «Шын мәнінде бұл Құран ең тура жолға бастайды. Ізгі амалдарды жасаған мүміндерді үлкен сауаппен сүйіншілейді» деп, Құранның адам баласы үшін мәні мен маңызын айтып өтеді. Демек, Құран мұсылманды ең дұрыс, ең пайдалы, ең бақытты өмірге жетелейді. Құранмен өмір сүрген адамды Алла Тағала екі өмірде қор етпейді» деді шара барысындаАтырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Еске сала кетелік, Құран жарысы екі турдан тұрды. Бірінші турда қатысушылар Құранның 30 – шы парасы бойынша сынға түсті. Екінші турда «Бақара» сүресінің алғашқы 10 бетінен кез келген аятты оқып, талдау талабы қойылды.

Сайыс аясында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) туралы көріністер қойылып, уағыз айтылды. Сонымен бірге, үлгілі шәкірттерге сыйлықтар табыс етілді.

Бірнеше сағатқа созылған конкурс аясында бірінші орынды Анаргүл Кенжешова жеңіп алды. Оған 80 мың теңге қаржылай сыйлық табыс етілді.  Екінші және үшінші орындарды Ақтілек Бекболат (40 мың теңге) пен Айару Амангелді (20 мың теңге) өзара бөлісті.

Барлығы он үміткер бақ сынасқан білім бәйгесі тартысты, әрі мазмұнды өтті.

Айта кету керек, конкурс аясында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар мен қасиетті Құран кітабы сыйға тартылды.

 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Атырауда мешіт жастары "Аяттан - амалға" жобасы аясында асар ұйымдастырды (+ВИДЕО)

   іslam-atyrau.kz/30 қаңтар, 2020 жыл. Атырау қаласы «Сұлтан Бейбарыс» мешітінің имамы Ержан Қағазғалиевтың бастамасымен іске қосылған«Аяттан амалға» жобасы аясында жастар жамағаты асар ұйымдастырды.

Яғни, Атырау қаласына қарасты Тасқала ауылында орналасқан «Мәулімберген» мешітін кеңейту жұмыстарына білек күштерімен жәрдемдесті.

 «Қазақ жастары тізе бүгіп іс қылса- халықтық мақсат сонда ғана орындалады» деген екен кезінде Әлихан Бөкейхан бабамыз. Біздің мақсатымыз – жастарды ізгілік жолында біріктіру» дейді «Сұлтан Бейбарыс» мешітінің имамы Ержан Қағазғалиев.

Еске сала кетелік, «Мәулімберген» мешітін кеңейту жұмыстары өткен жылы басталған болатын.

 

 

   Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...