Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Амал – ниеттің айнасы

Әр істің түбінде бір ниет жатады. Сондықтан жақсы істің негізгі себепкері ниет болғандықтан, жаман істердің де кінәлісі ішіміздегі ниет болып табылады. Алла тағала үшін де біздің іс-әрекеттеріміздің сырт көрінісінен гөрі ішкі жан дүниеміздің таза болғаны маңызды. Бұған пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына хадисінде: «Алла сендердің түрлерің мен сырт көріністеріңе әсте қарамайды, жүректеріңе қарайды», - дейді. (Мүслим, Бирр 32; Ибн Мәжә, Зүһд 9; Ахмед бин Ханбал, ІІ, 285, 539).

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) тағы бір хадисінде: Бір меккелік кісі Үммү Қайс деген әйелге ғашық болады. Бірақ Үммү Қайс оған Мәдинаға һижрат жасайтын болса (көшетін болса) ғана тұрмысқа шығатынын айтады. Сосын әлгі ғашық болған кісі бәрін қойып мұсылмандармен бірге Мәдинаға жолға шығады. Муһажир (қоныс аударушы) мұсылмандар әйел үшін һижрат жасаған адамның мәселесі қандай болады, соның айырмашылығын сұрау үшін пайғамбарға (с.ғ.с) келеді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с) оларға былай дейді: «Адамдардың іс-амалдары ниетке байланысты. Сондықтан да кімде-кімнің һижра жасау ниеті Алла және Оның Расулы үшін болса, оның жасаған һижрасы Алла және Оның Расулі жолында болмақ. Ал кімнің һижра ниеті дүние-мүлік табу немесе бір әйелге үйлену мақсатында болса, оның жасағн һижрасы сол нәрселерде болады». (Бухари, Иман 41, Никах 5).

Ниет ішінде де жақсысы мен ең жақсысы, жаманы мен ең жаманы болады. Егер мақсаты ахырет үшін болса, онда жақсы ниет болғаны, ал тек Алла ризалығын ғана табу болса, ол – ең жақсы ниет. Сол сияқты көздеген мақсаты дүние тіршілігі үшін болса, онда – ол жаман ниет. Ал енді талпынған мақсат құр сөз ретінде ахыретті айтып шын мәнінде дүниелік қана болса – ең жаман ниетте болғаны. Осы ниеттің алғашқысына ие болғандар жайында Құранда «Әбрар» (яғни жақсылар) деп, екіншісіне қол жеткізгендер үшін «Муқаррабун» (яғни Аллақа ең жақындар) деп аталған. Ал, кейінгі жаман ниеттегілерге кәпірлер, соның ішінде ең жаман ниет мұнафықтарға (екі жүзділер) тиісті болса керек.

Сондықтан жақсы ниет пен шынайы ықыласқа болу мұсылмандардың жан дүниесін тазартады. Осы тұста Ислам ғұламасы Мәуләнә Жәләлуддин Румидің мына бір сөзін тілге тиек етсек. Ол кісі: «Өзің қандай болсаң, сондай болып көрін немесе қандай боп көрінсең, сондай болуға тырысып бақ!» - дейді.

Мұсылман әрдайым іс-әрекетіне лайықты шынайы ниетте жүрмесе яғни айтқан сөзі мен істеген амалы бір-біріне кереғар болса, Алла сақтасын, мұнафыққа айнала бастағаны. Мұнафық – кәпірден де бетер күнәһар. Бұл жайында Алла тағала: «Күмәнсіз мұнафықтар тозақтың ең төменгі қабатына барады» (Ниса, 145) – деген.

  Ниет жақсы болмаса дүниені құтқарсаң да оның жазасын аласың. Себебі, Алла тағала ешбір істі есепсіз жібермейді. Бұған пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына хадисі дау тудырмаса керек: «Қиямет күні ең алғаш болып шейіт есепке тартылады. Оны Алланың алдына апарады. Алла тағала оған берген нығметтерін есіне салады. Сонда ол есіне алып мойындайды.

– Бұл нығметтерге алғыс ретінде не істедің? - деп сұралады.

– Шейіт болғанша Сенің жолыңда болдым - деп жауап береді.

– Өтірік айтасың. Сен өзіңді батыр деп айтсын деп соғыстың. Солай болды да, жұрт сені батыр екен десті. Енді анау жәһаннамға бар, -  деп, ол адамды жәһәннамға тастауға бұйырады...»(Мүслим, Имара, 152). Хадистің жалғасында аузын толтырып уағыз айтқан (имам) ғалымның да, қайыр-садақа берген бай адамның да дәл солай, ниеттерінің түзу болмағандығы үшін сонша амалдарының босқа кететіні айтылады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мына бір хадисінде:

«Сендерге бір нәрсе айтамын, жақсылап түсініп алыңдар! Дүниеде төрт түрлі адам бар: Біріншісі, Алла өзіне мал-мүлік пен білім берген адам. Бұл кісі мал-мүлкін Алла жолында жұмсайды, туыстарына қарайласып, байлығында Алланың хақысы бар екендігін біледі. Бұл – ең жоғарғы дәреже. Екіншісі, Алла өзіне білім берген, бірақ мал-мүлік бермеген адам. Бұл адам жақсы ниетпен «егер менде де болса, мен де оны Алла жолында жұмсайтын едім» деген ниетте болады. Бұл кісі де осы ниетінің жемісін көреді. Нәтижеде бұл екеуінің алатын сауабы тең болады...» (Тирмизи, Зүһд 17; Ахмет бин Ханбал, IV, 231).

Міне, біреу амалмен тапқан сауапты екіншісі ниетпен тауып отыр. Олай болса, ниетімізді түзейік. Үнемі жақсы амалдар істей алмасақ та, жақсы ниетте жүрейік. Бұл өз қолымызда емес пе? Бірақ ниетім түзу деп бәрін қоя салу, оны іске асыруға ұмтылмау жақсы ниетке жатпайды. Себебі ниеттің  көрінісі – сөз емес, іс, ұмтылыс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім де кім жақсылық істеуге ниет қылып, істей алмай қалса, Алла тағала оған толық жақсылық істегендей сауап жазады. Ал, жақсы істі ниет етіп, сол ниетін іске асырған кісіге Алла он еседен жеті жүз есеге дейін, тіпті одан да көп сауап жазады» – дейді. (Бухари, Риқақ, 31; Мүслим, Иман, 203, 204).

 

«Нұрқас- Сатыбалды» мешітінің

 

имамы Ажок Сарсекеев

Жоғарыға