Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


РИЯШЫЛДЫҚ – КІШІ СЕРІК ҚОСУ

РИЯШЫЛДЫҚ – КІШІ СЕРІК ҚОСУ

Қазақта риясыз махаббат, риясыз сүйіспеншілік, риясыз сезім деген сөз тіркестері сирек те болса да айтылып жатады. Қазақ мұны қалай түсінген? Риясыз дегеннің мәнісі қандай?

Әлбетте, бұл сөз төл тілімізде сирек қолданылатыны рас. Алайда,терең мағыналы сөз. Риясыз дегені – шынайы, таза деген мағынаны білдіреді. Шынайы, ықыласпен атқарылған әрбір іс – риясыз атқарылған іс болып табылады екен. Тілімізге енген «рия» сөзінің қайдан келгеніне, сөз төркініне үңілсек, «рия» араб тілінен енген сөз. Жалпы, Ислам діні қазақ даласына келгелі бері тіліміздің сөздік қоры араб сөздерімен толыққаны бәрімізге белгілі. Рия да сол уақыттан бері тіліміздің төрінен мықтап орын алды. Бірақ ауыз екі тілде рия сөзі сиректеу қолданылады. Интернет беттерін ақтарғанда, бірлі-жарым «риясыз» тіркесімен келген сөздерді кездестіреміз. Мысалы, «риясыз махаббат», «риясыз сүйіспеншілік», «риясыз сезім». Ал, рия сөзін кездестіру қиындау. Өйткені, рия сөзін діни ұғымға анағұрлым жақын деуге болады.

Шын мәнінде рия – жасырын серік қосудың нақ өзі. Жасырын серік қосудың ақыр соңы – мәңгілік қасірет. Адам сырт көзге көрсетіп жасаған құлшылығынан қалайда рухани сауап күткенмен, ақыретте Алланың алдына барғанда үлкен жазаның иісін сезе бастайды, сол уақытта Алланың құзырына қолында түк жоқ, құр алақан келгенін байқайды.

Бір күні ардақты Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

     Сендерді ойлап, қатты қорқатыным – кіші серік қосу еді, – деді.

Жанындағылар:

     Кіші серік қосу дегеніңіз не, уа Алланың Елшісі? – деп сұрады.

Алла Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай жауап берді:

     Рия, яғни сырт көзге көрсетіп жасау. Қиямет күні адамдар өз амалдарының игілігін көріп жатқанда, Алла Тағала риякер адамдарға:

     Пәни жалғанда амалдарыңды адамдарыңа көрсетуге құштар едіңдер ғой! Көрейік, олардан көмек таба алар ма екенсіңдер? – дейді.

Рия деген – ақыреттің орасан зор пәлекеті. Мына бір хадис-шәріп риякерлікке әбден еті үйренген пенделердің ақыретте басына келер аянышты халін кеңінен баяндап береді:

«Қиямет күні ең бірінші есебі қаралатын адам – шейіт болып өлген адам Тәңірдің құзырына әкелінеді. Алла Тағала оған (пәни жалғанда) берген игіліктерін, нығметтерін есіне салады. Ол да еске түсіріп, сол игіліктерге қол жеткізгенін айтады

Хақ Тағала сонда:

– Жарайды, осыларға қол жеткізу үшін не тындырдың? – деп сұрайды.

Әлгі адам:

– Шейіт болып, жанымды бергенше, сенің жолыңда аянбай күрестім емес пе?!», – деп жауап береді.

Хақ Тағала:

– Өтірік, жалған айтып отырсың! Сен ел-жұрт «Неткен батыр адам!» деп айтсын деп соғыстың. Солай айтылды да, – дейді. Содан кейін ол адамды бет-жүзімен сүйретілген күйі жәһаннамға лақтыруға бұйрық беріледі.

Келесісі болып, ғылым, білім үйренген әрі Құран оқыған адам (Алланың) алдына әкелінеді. Алла Тағала оған да өзінің берген игіліктерін есіне салады. Ол адам да еске түсіріп, мойындайды.

Алла Тағала:

– Жақсы, осы нығметтерге жету үшін не істеп едің? – деп сұрайды.

Әлгі адам:

– Ғылым үйрендім, (өзгеге) үйреттім және сенің ризалығыңа ие болу үшін Құран оқыдым, – деп жауап береді.

Хақ Тағала сол кезде:

– Жалған айтып отырсың! Сен: «Ғалым адам» деп айтсын деп ғылым үйрендің ғой. «Құранды қандай тамаша оқиды!» десін деп Құран оқыдың. Сен туралы ол сөздер айтылды да. Содан кейін ол адамды да ет-бетімен сүйретілген бойда тозаққа лақтыруға бұйрық беріледі.

(Содан кейін) Алла Тағала мал-мүлік пен әр түрлі мүмкіншіліктер берген бір адам әкелінеді. Алла Тағала өзінің оған берген игіліктерін есіне салады. Ол кісі де өзіне берілген иігіліктерді есіне алып, мойындайды.

Хақ Тағала:

– Ал жарайды, сен сол игіліктерге ие болу үшін не жасадың? – деп сұрайды.

Әлгі пенде:

– Сен бер деген жерден, сен риза болатын еш жерден аянып қалмадым ғой, тек сенің ризалығыңды табу үшін бердім ғой, – дейді.

– Айтып отырғаның жалған! Сен бар жасаған тірлігіңді «Мынау неткен жомарт адам!» десін деп жасадың. Сен жайлы ондай сөз айтылып та қойды, – дейді. Сөйтіп оны да жәһаннамға етбетімен сүйретілген күйі лақытыруға бұйрық беріледі.

Көріп отырғанымыздай ықылас жоғалса, жойылса,Алланың ризалығы да жойылады. Нәтижесінде не Алланың ризалығына бөленбейді, не адамдардың көңілінен шықпай қалады. Өйткені әрбір ісін көзге көрсету үшін жасаған адамның ниетін Жаратушы Алла әшкерелеп, адамдар арасында абыройын түсіріп масқаралайды. Бір адамның риякерлігі байқалып қалса, одан адамдардың көңілі суып бастайды. Алла Тағала риякер адамның басқаларға көрсетіп жасауға кұмар болған амалдарын адазамтқа естіртіп, әйгілейді. Дегенмен, ақыреттік даңқын жай ғана дүнияуи бір даңқтың дәрежесіне түсіріп жібереді.

 

Махсат АЛПЫСБАЙ,

Атырау облыстық «Иманғали»

орталық мешітінің наиб имамы.

Жоғарыға