Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Жиырма жылға соқыр еткен мейрімділік

Жиырма жылға соқыр еткен мейрімділік

«Өзіңе қалағанды өзге бауырыңа қаламайынша имандарың толық болмайды» . Бұл адамзаттың ардақтысы, ізгілердің ең ұлысы, пайғамбарлардың соңғысы Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сөзі. Көпшілік мухаддис ғалымдар осы хадис исламның негізгі қағидаларын айшықтайтынын, осыны ұстану арқылы қоғамда теңдік, араларында мейрімділік орнығатындығын өз еңбектерінде жазып кеткен. Бүгінгі заманда бізге үйден қарыс қадам аттамай-ақ, тіптен, отырған орныңда білім алуға мол мүмкіншіліктер беріп, Алла бізге өмір сүрудің жолдарын жеңілдетіп қойды.

Алайда, біз дінді қадірлеуден қалдық. Оқу оқып, ілім игеру былай тұрсын, алған ілімді өмірімізде қолдану керектігін ұмытудамыз. Бір қарағанда ғаламтор қорындағы түрлі аудармалар, хадистер, уағыздар, ғалымдардың сөздері адамдарды жақсы жаққа өзгерту керек те шығар. Бірақ біз бұзғындықтың да белең алып, өрісі кеңейіп жатқанына куә болып жүрміз. Әр адамның ғаламторды, телефон гаджеттерін, видео-фотоаппараттарды еркін қолдану арқылы таралып жатқан дерттің бірі – елдің алдында адамның абыройын аяқ асты ету. Қазіргі таңда адамдар біреу сүрініп, жерге құлап үлгергенінше суретке түсіріп ғаламторға жүктеп қояды. Әрі қарай оны ғаламтор арқылы таратып талқыға салып, одан қалса кемсітіп, қорлап жатады. Айта берсек, мұндай мысалдар өте көп, тіпті әлеуметтік желілерде осы мақсатта арнайы топтар ашылған. Ол ортада аурулардың, жындылардың видеоларын, суреттерін және жасырын бейнетаспа арқылы түсірілген адамдардың келеңсіз жайттардағы сәттерін, кемшіліктерін көрсетіп, соны тамашалап отырады. Қынжылтатыны, осы секілді іс-әрекеттерді мұсылман бауырларымыздан да байқап жатамыз. Әлеуметтік желіде мұсылманның парақшасында Құран аяттары мен хадистер, ғалымдардың сөздерімен қатар әлдекімдерді жәбірлеп, әжуа-мазақ еткен мағлұматтарды да көзіміз шалуда. Алайда бұл олардың немесе біздің мұндай пайдасыз істерден тыйятын хадистерді, ғалымдар айтқан ескертулерді білмейді деген ұғымды білдірмейді. Бұл ілімдегі ықылассыздықты, дінімізге салғырт қарайтындығымызды көрсетеді. 

Сөз басында хадисте келтіргеніміздей, тақуалықтың жолын ұстанған, ұлы тұлғалардың өмірінен ғибратты уақиғаларды айта кетсек. Имам Қушайри (Алла оған разы болсын) өзінің Рисалесінде (2/304) былай деп жазады: «Әлдебіреу бір қызға үйленеді. Бірақ қызға кірместен бұрын, оның шешек (оспа) ауруымен ауыратындығы жайында хабар естиді. Сонда әлгі жігіт («ауруымды күйеуім біліп қойыпты» деп қыз қысылып, қолайсыз күйге түспесін деп): «Көзім ауырып жатыр» - дейді. Және аз уақыттан соң: «Менің көзім көрмей қалды»,-  дейді. Осындай халде әйелімен жиырма жыл бойы бірге болады. Әйелі дүниеден озғанша «соқырдың күнін» кешеді. Содан кейін ол көзін ашады. Айналасындағы ел-жұрт: «Сен соқыр едің ғой?!»-  деп сұрағанда: «Мен соқыр болған жоқпын, тек әйелімнің жүрегіне қаяу түсірмес үшін соқыр болғансып жүрдім», - деп жауап береді.

Бұл Хатам әл-Асамның басынан өткен жағдайға ұқсайды. Оған сұрақтың жауабын білу үшін бір әйел келеді. Сұхбаттасып жатқанда әлгі әйел абайсызда жел шығарып қояды. Содан қатты ыңғайсызданып, ұялып отырғанда Хатам әл-Асам бұл жағдайды бірден өзгертеді. Хатам әл-Асам жаңағы ұялып отырған әйелге: «Қаттырақ сөйлемесең, мен сені мүлдем естіп жатқан жоқпын» - дейді. Жаңағы әйел мені естімеген екен деп қатты қуанып кетеді, ал Хатам әл-Асам болса соқыр болғансыған адам секілді, саңырау адам кейпін танытады. Хатам әл-Асамның сөздік мағынасы «саңырау Хатам» деп аударылады. Сондықтан оны әл-Асамм деп атап кеткен.

Бұл болған екі уақиғаға байланысты пікір айтуға дәтіміз бармайды, тек Алладан өтіне сұрайтынымыз: «Иә, Аллаһым, бізге де осындай тақуалықты бергейсің. Өзіңнің ілгеріде өткен сүйікті де таңдаулы құлдарыңдай терең таным, зерделі зеректікті бізге де нәсіп еткейсің. Әмин!». 

Дайындаған: Ерлан Әлменов

Жоғарыға