Тамақтану әдебі
Ас – адамның арқауы. Біздің денсаулығымыз бен көңіл-күйіміз қалай тамақтанғанымызға тікелей байланысты. Бірақ та кейде қарапайым дастархан басында отыру мен тамақтану әдебіне аса мән бермей жатамыз. Олар:
- тамақты «бисмиллә» деп бастау
- дұғамен аяқтау
- оң қолмен жеу
- өзінің алдынан жеу
- қолды тіреп отырмау т.с.с.
Сондай-ақ, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен тамақтануға қатысты мынадай тұжырымдар шығаруға болады:
– Астан кемшілік іздемеңіз. Әбу Һурайра (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) алдына келген бірде-бір дәмнен кемшілік іздемейтін. Егер алдындағы асты ұнатып, тәбеті тартса, дәм тататын. Ал ұнатпаса, ішпей ақ қоя салатын», - деген.
– Дастархан басында шынтақтп жатпаңыз. Әбу Жухәйфа Уәһб ибн Абдуллаһ (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.): «Мен (патшалар сияқты) шынтақтап жатып тамақтанбаймын», - деп айтты», - деген.
– Асыңызды шайтанға қалдырмаңыз. Әнәс (р.а.): «Бірде Алла елшісі (с.ғ.с.) тамақтанғаннан кейін үш саусағын бірдей ұқыптылықпен жалап-жұқтап, ол: «Қайсыбіріңнің алдындағы асының бір түйірі жерге түсіп қалса, оның былғанған жағын тазалап, шайтанға қалдырмай өзі жесін», - деп табақтың түбі жалтырағанша сарқып, түк қалдырмай тауысып қоюды бұйырып: «Расында, сендер берекенің тағамның қай түйірінде екенін біле алмайсыңдар» - деп айтты.
– Суды үшке бөліп ұрттаңыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Суды түйе секілді бір деммен сімірмеңдер. Су ішкенде екі немесе үш рет тыныс алған абзал. Сондай ақ, «бисмиллә» деп бастап, ішіп болған соң «әлхамдулилләһ» деп Аллаға шүкіршілік білдіріп, мадақ айтыңдар» - деген.
– Тамаққа үрлемеңіз. Бір хадистерден Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) торсық пен местің аузынан су ішуге, ыдыстың ішіне дем алуға немесе үрлеуге тыйым салғанын біле аламыз.
http://mazhab.kz