Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атырауға жұмыс сапарымен наиб мүфти Алау Әділбаев келді

Бүгін Атырау өңіріне жұмыс сапарымен Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының наиб мүфтиі Алау Әділбаев келді.

            Жұмыс сапары аясында наиб мүфти Алау Әділбаев Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ұжымымен және студент жастармен кездесті. Кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы туралы айтқан спикер Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың дін қызметкерлері арасында тастаған «Өзгеруді өзіңнен баста»  ұраны туралы да кеңінен әңгімелеп берді. «Күллі әлемді махаббатпен жаратқан Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Рағыд» сүресінің 11-аятында: «Қайбір қауым өзін-өзі өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді» деп баяндаған. Бас мүфти дін қызметкерлері арасында «Өзгеруді өзіңнен баста!» деген ұран тастап отыр. Егер адам өзгерсе, оның көршісі өзгереді. Одан кейін қоғам өзгереді. Бұл мәселеде әр адамның ойы, сана-сезімі өзгеруі маңызды. Демек, бұл ұранды дін саласы мамандары ғана емес, күллі қоғамға қарата айтылған маңызды бастама деп қабылдауымыз керек. Рухани жаңғырудың мәні де осында. Яғни, адамның санасы, ақыл-ойы өзгерсе, жамандықтан тыйылса, оның ісі де, сөзі де жақсылыққа бейім тұрады» деп атап өтті наиб мүфти Алау Әділбаев.

            Одан әрі ислам дініндегі ғылымның, білім алудың ролі, маңызы, мүфтият жүргізіп отырған діни саясат тақырыптарында сұхбат жүргізген наиб мүфти Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы қолға алып жатқан «Қазақстандағы Ислам мектебі» жобасы туралы айтып өтті.

            Наиб мүфти Алау Әділбаевтың пікірінше, қазақ даласынан шыққан әулиелерді біз әлі күнге аңыз деңгейінен шығара алмай жүрміз. «Шын мәнісінде біздің әулие бабаларымыз өз заманындағы қоғамның дамуына зор үлес қосқан. Ол кісілердің атқарған қызметтерін, еңбектерін тарихи тұрғыда фактілермен зерделейтін болсақ, әулиелеріміз мифологиялық персонаж деңгейінен шығып, шынайы тарихи тұлғаға айналады. Әр кісінің өмірін діни, философиялық, фольклорлық тұрғыдан зерттеуге кіріссек, рухани мұрамыз жаңаратын еді» деген наиб мүфти әр өлкедегі әулиелерді ғылыми тұрғыда зерделеуге шақырды.

Кездесу аясында наиб мүфти Алау Әділбаев профессор-оқытушылар құрамы және студенттер тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап берді.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі. 


Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу