Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Бас мүфти: Рухани биік сана – барша жамандықтың қалқаны

    Елорда төрінде өткен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ Республикалық имамдар форумында негізгі баяндама жасаған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қоғамда көрініс тапқан мәселелерді шешудің жолын атап өтті.

«Психологияда «ынсапсыз менталитет» деген тұжырым бар. Бұл – өмірдегі сәтсіздіктерді өзгеден көру деген ұғымға саяды. Айналадағы адамдардың ғибратты ғұмырынан шабыт ала білетін кісіде «парасатты ойлау» психологиясы қалыптасады.

Бейнелеп айтқанда, біреудің мерейі тасып жатқанда, жігері құм болып, сергелдеңге әсте түспейді. Оны «неге?» деген сауалдан бұрын «неге болмасқа?» деген ойлар үмітіне қанат бітіреді.

Өмірдегі сынақты сабырлыққа жеңдірген жан парасат биігінде қала бермек. Рухани жан-дүниесі бай адам осы жолды таңдайды.

Қоғамда көрініс тапқан мәселелер – отбасылық келеңсіздіктер, оның ішінде ажырасу оқиғалары, суицид, біреудің арын таптау, ұрлық, зорлық-зомбылық, т.б. Осындай күрделі мәселелерді шешудің бір ғана қуатты жолы – рухы биік сананың қалыптасуы деп атар едім. Сана түзелсе – адам түзеледі. Адам түзелсе – қоғам түзеледі. Рухы биік сана – барша жамандықтың қалқаны. Біз осы бағытта жұдырықтай жұмылып, көбірек жұмыс істеуіміз керек», – деді Серікбай Сатыбалдыұлы.






 

Толығырақ ...

Министр: Форум мүфтият пен имам мәртебесін көтеруге ықпал етеді

ІІІ республикалық имамдар форумында баяндама жасаған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бұл жиын Діни басқарманың беделін көтеруге, имамдардың мәртебесін арттыруға септігін тигізетінін атап өтті.

«Бүгінгі форумда қабылданған «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани Тұғырнамасы атты құжат – халқымыздың ұлттық рухани мұрасы мен құндылығын жаңғыртып, бұқараға кеңінен насихаттауға арналған. Сонымен бірге, форумда «Діни лауазымдар тізілімі», «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер реті», «Діни лауазымдардың қызметтік міндеттемелері» атты құжаттар қабылданды. Бұл ауқымды құжаттар – діни саладағы өзекті мәселелерді шешуге, мұсылман үмбетінің рухани сұраныстарын қанағаттандыруға, Діни басқарманың беделін көтеруге, жұмысын жүйелеуге, имамдарымыздың мәртебесін күшейтуге оң ықпал етеді деп санаймыз», – деп атап өтті Дәурен Әскербекұлы.



Толығырақ ...

ҚМДБ: ФОРУМ ҮНДЕУІ ЖАРИЯЛАНДЫ (ФОТО)

Бүгін Елордада өткен ІІІ республикалық имамдар форум соңында жиынға қатысушылардың Үндеуі жарияланды. Үндеу мәтінін ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы оқып берді. Үндеу мәтіні төмендегідей:

«Біз, дін, мемлекет және қоғам қайраткерлері, «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумына қатысушылар «Қазақстан мұсылмандары Рухани Тұғырнамасы» құжатын қолдай отырып, халықты имандылыққа, отаншылдыққа, жан-жақты білім алуға, еңбекқорлыққа, ауызбіршілікке, әділдікке үндейміз.

Имандылық – адамның амалын көркемдейтін рухани жол. Ол – адам бойындағы ізгіліктің көрінісі. «Отанды сүю – иманнан» деген аталы сөз бар. Отаншылдық – Отанға, туған еліне, оның тіліне, туып өскен жеріне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметтен бастау алады. Отаншылдықтың мәйегі – ұлтты сүю. Барша азаматты еліміздің игілігі үшін адал қызмет етуге шақырамыз.

Білім алу, сауат ашу – Ислам дінінің ең басты талабы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім алу – әрбір мұсылманға (ер мен әйелге) парыз», – деген. Мемлекетті құраушы азаматтарды бәсекеге қабілетті болу үшін үздіксіз дамып, әрдайым өзін жетілдіріп отыруға үндейміз.

Отанға қызмет етіп, білім алу, өзін-өзі дамыту тұрақтылықтың негізінде жүзеге асады. Болашағымыздың жарқын болуы бүгінгі бірлігімізге тікелей байланысты.

Шариғатта ғибадат істермен қатар адал кәсіп, отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілік секілді дүние істері бірге жүреді. Өйткені, Ислам – дүние мен ақырет тізгінін тең ұстаған дін. Біз Қазақстан мұсылмандарын дүние ісі мен құлшылық-ғибадатты құстың қос қанатындай тең ұстауға үндейміз.

Қоғамдық ортада мәдениетті болу, өзін ұстай білу, үлкендерді сыйлау, оларға құрмет көрсету, сәлемдесу, сыпайылық таныту – рухани байлықтың көрінісі. Барша азаматты мәдениетті болуға шақырамыз.

Ал әділдік – ізгіліктің өзегі. Әділдік жоқ жерде береке болмайды. Алла Тағала әрбір жаратылысты өз өлшемімен әділ жаратқан. Қоғамда жамандықтың жолын бөгейтін күш ол – әділдік. Әділдіктің салтанат құруымен ғана қоғам өркендейді. Әр адамды әділдікті өз өмірінен бастап, одан кейін оны отбасылық, қоғамдық деңгейге көтеруге үндейміз».

 

Форумға мемлекет, қоғам және дін қайраткерлері, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері, теолог-ғалымдар және Діни басқарманың 500 имамы қатысты.

Нұр-Сұлтан қаласы 23 қазан 2019 жыл








 

Толығырақ ...

Қасым-Жомарт Тоқаев: Форум ҚМДБ жұмысына тың серпін береді

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елордада өтіп жатқан «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумының қатысушыларына құттықтау хатын жолдады. Мемлекет басшысының құттықтау хатын ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов оқып берді.

«Баршаңызды игі дәстүрге айналған Имамдар форумының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Парасаттылық, отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерін халықтың санасына сіңіру – сауабы мол абыройлы миссия. Ислам дінінің осындай ізгі құндылықтары еліміздегі мұсылмандар қауымын біріктіріп, ынтымағын арттырып отыр. Осы орайда, имамдарымыз халық арасында рухани-ағартушылық жұмыстарын ұдайы жүргізіп, жас ұрпақтың бойына имандылықты дарытуға атсалысуы маңызды. Бұл жиын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысына және еліміздегі дін өкілдерінің рухани бастамаларына тың серпін береді деп сенемін. Форум жұмысына сәттілік тілеймін!» – делінген Президент құттықтауында. 


 

 

Толығырақ ...

Ерлан Қошанов: ҚМДБ қоғамда өз орнын таба білді

    Елорда төрінде өтіп жатқан  республикалық имамдар форумында сөз алған Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов мүфтияттың қоғамдағы орны мен рөлін айрықша атап өтті.

«Бүгінгі Форум Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастырушылық-ағартушылық қызметін жаңа бір белеске көтеріп, дін саласындағы жаңа бастамаларға тың рухани серпін беретініне сенімдімін. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – елімізде халықтың көңілінен шығатын иманды әрекеттерге ұйытқы болып, қоғамда өз орнын таба білді.

Бүгінгі мешіт имамдарының халық арасында жүргізетін ауқымды істері Қазақстан мұсылмандарының рухани сұранысына қалтқысыз қызмет етудің жарқын көрінісіне айналды.

Сонымен қатар, қоғамдағы бірлік пен келісімді, татулық пен бейбітшілікті нығайтуға да аянбай үлестерін қосуда», – деп атап өтті Ерлан Жақанұлы.





Толығырақ ...

Бердібек Сапарбаев: ИМАНДЫЛЫҚСЫЗ, ТҰРАҚТЫЛЫҚСЫЗ ҚОҒАМ ДАМЫМАЙДЫ (ФОТО)

Елорда төрінде өтіп жатқан «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ Республикалық имамдар форумында сөз алған ҚР Премьер-министр орынбасары қоғамда тұрақтылық пен имандылық болмаса ол елде даму болмайтынын атап өтті.

«Қай қоғамда болмасын тұрақтылық, бірлік, имандылық болмаса ол жерде ешқандай даму болмайды. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдардың басын жиып, рухани құндылықтар туралы мәселені талқылауы – өте орынды бастама. Бұл бастамаларыңызға сәттілік, жеміс тілеймін.

Расында, қоғамда дін қызметкерінің орны ерекше. Сіздер адам баласы дүние есігін ашқан сәттен бастап, дүние салған сәтке дейін діни рәсімдерді атқарып бересіздер», – деп тілегін жеткізді Бердібек Машбекұлы.



 

 

Толығырақ ...

ІІІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ИМАМДАР ФОРУМЫ БАСТАЛДЫ (ФОТО)

    Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ Республикалық имамдар форумы басталды.

Форумға ҚР Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Премьер-министр орынбасары Бердібек Сапарбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, т.б. ғалымдар, депутаттар, белгілі теологтар, еліміздің әр аймағынан келген 500 имам қатысуда.

Форумды ашқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы: «Біздің басты құндылығымыз – елдің амандығы мен жердің тыныштығы, бірлігі мен бейбітшілігі. «Отанды сүю – иманнан» деген аталы сөз бар. Бұл – тілге жеңіл болғанымен, жүрекке жылы тиетін нақыл. Отбасын ізгілікке тәрбиелеу, елдің игілігіне қызмет ету, тұрақтылық пен тыншытыққа тілектес болу, міне, Отанды сүю деген осыдан басталады. Отаншыл адам өз ортасын береке мен бірлікке бөлеп, ізгілікке үндеп жүреді.

Расында, халыққа қызмет етуден асқан ғазиз дүние жоқ. Әйгілі Әйтеке бидің «Өмірім – халықтікі, өлімім – өзімдікі» деуі де сондықтан. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Араларыңда ең жақсыларың – айналасына пайдалы болғандарың», –деп, қоғамға шуағын шашып, жақсылығын жайып жүретін көпшіл кісінің мәртебесін ерекше атап өткен», – деді.

Форумда «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани тұғырнамасы, ҚМДБ атқаратын діни рәсімдер тізілімі, ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі сынды құжаттар қабылданады.

Басқосу соңында форумның Үндеуі жарияланбақ.

 


 

 

 

 


 


 

 


 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Толығырақ ...

ҚМДБ «Халал даму» ЖШС ұйымының жиыны өтті

 islam-atyrau.kz/23 қазан, 2019 жыл.   ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб муфти Ершат Ағыбайұлы ҚМДБ «Халал даму» ЖШС ұйымының облыстық өкілдерімен алғашқы жиынын жасады.

Маңызды жиында діни басқармаға қарасты «Халал өнімдерін стандарттау» бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған Смайыл Сейтбек мырзаны таныстырды. Сонымен қатар, «Халал даму» ЖШС ұйымының жалпы және өңірлік жылдық есебі берілді.

Жиын соңында ҚМДБ «Халал даму» ЖШС-нің технолог мамандары ай сайынғы жүргізілетін аудит жұмыстарына енгізілген өзгертулерге байланысты, әр мекемеге арналған жеке тексеріс АКТ-лерін түсіндірді. 




 
Толығырақ ...

Мүфтият өкілі Сансызбай Құрбанұлы халықаралық конференцияға қатысты

 islam-atyrau.kz/23 қазан, 2019 жыл.  15-16 қазан күндері Каир қаласында Мысыр мемлекеті президентінің қолдауымен және Мысыр пәтуа бөлімінің ұйымдастыруымен «Фиқһи тартысты мәдениетті түрде шешу» атты халықаралық конференция болып өтті.

Конференцияға 83 мемлекеттен муфтилер мен дін жөніндегі министрлік өкілдері, елшілер, Ислам әлемінің көрнекті ғалымдары қатысты.

Еліміз тарапынан аталмыш конференцияға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы барды.

Екі күнге созылған конференцияда фиқһи тартыстарды мәдениетті түрде шешу, сондай-ақ пәтуа беруге қатысты көптеген мәселелер қаралды. Сонымен қатар Орта Азия және Қазақстан елдерінің әрбір мүфтилігінен бір адамнан осы жиынға мүше етіп тағайындау керектігі жөнінде ұйымдастырушы тарапқа ұсыныс айтылды.

Мысыр елінің қолдауымен өткен бұл конференцияның мұсылман әлеміне ғана емес бүкіл адамзатқа берер пайдасы мол.

Сансызбай Құрбанұлы сапар аясында Мысыр елінде оқып жатқан Қазақстан студенттерімен кездесіп, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың сәлемін жеткізді.


 

 

 

 

 

Толығырақ ...