Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Ғылым үйренудің маңызы

     Араб тілінде білу мағынасына келетін «ғылым» сөзі көбінесе «білім», «мағлұмат»  дегенге саяды. Бір нәрсені нақты үйреніп сенуді ғылым дейміз. Білімсіздіктің, надандықтың антонимі болып табылатын «ғылым» сөзінен «ғалым» , «мағлұмат», «мұғалім»  және тағы басқа сөздер шыққан. Ислам ғалымдары ғылымды «Кісінің ақыл және сана сезіміне сыйымды мағлұмат» деп түсіндіреді. «Ғылым бір нәрсенің өз кейпінде танылуы».

     Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да білім үйренудің мұсылмандар үшін өте маңызды парыз екенін көрсете отырып, былай дейді: «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе Алла Тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Періштелер ғылым іздеушінің талабына разы болып, оның аяғының астына қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалымға көктегілер және жердегілер, тіпті судағы балықтарға дейін жарылқау тілейді».

Адамды азғырып тура жолдан тайдырушы әзәзіл шайтан үшін де шариғатты жетік меңгерген ғалым, білімі шамалы қатардағы қарапайым мың мұсылманнан әлдеқайда қорқынышты екен. Дінімізді неғұрлым біліп тани түскен сайын азғырушыдан алыстап, тақуалыққа жақындай түсеміз. Хадисте: «Бір фақих (шариғатты жетік меңгерген ғалым) шайтанға мың қарапайым мұсылманнан қорқыныштырақ» делінеді. Діни ғұламалық Алла Тағаланың сүйікті пендесіне ғана нәсіп болмақ. Сол нәсіптен үміт етуші әрбір мұсылманға қойылар талап: «Кімде-кім білімді үйренсе, Раббысының разылығына лайықты болуы үшін үйренуі тиіс. Ал, керісінше, тек қана дүниені иелену, байлық, мансап үшін үйренген болса, ол пенде қиямет күні жәннаттың өзі тұрмақ иісін де сезбейді», «Ілім үйрену – мұсылман еркек пен әйелге парыз».

       Дініміздің осы әмірлеріне сәйкес, аталарымыз білімге аса мән беріп, ілім адамдарына құрметпен бас иген. Түрік билеушісі Явуз Сұлтан Сәлім Мысырдан қайтып келе жатқан кезінде жанында атақты дін ғалымы Ибн Кемалмен бірге балшықты жерден өтіп бара жатады. Ибн Кемалдың астындағы аттың аяғынан шашыраған балшық Явуздың киімдерін ластап, Ибн Кемал қысылып ұялады. Ұстаздың қысылып, қымтырылғанын көрген Сұлтан Сәлім: «Қысылма, ұстазым! Ғалымның атының аяғынан шашыраған балшық – біз үшін сәнді әшекей. Бұл көйлек осы балшығымен сақталып, өлгенде табытымның үстіне қойылсын» деп өсиет айтып, ғалымдарға деген құрметтің үлгісін көрсете білген.

      Хазірет Али (р.а.) Күмейілге: «Ғылым – байлықтан қайырлы. Өйткені, малды сен қорғайсың, ал ғылым болса сені қорғайды. Ғылым бағындырушы, байлық бағынушы. Байлық, берсең азаяды, білім, берсең көбейеді» деген екен. «Бір ғалымның дәрежесі аузы берік болса да соғысқа қатысып, түнін ғибадат етумен өткізген мужахид құлдан жоғары». «Бір ғалымның өлімінен кейін Ислам әлемінде қаңырап қалған бос орын, сол сияқты ғалым өсіп жетілмегенше толықтырылмайды».

Әбул Әсуад: «Ғылымнан бағалы нәрсе болмайды. Өйткені, сұлтандар адамдарға басшы, ал ғалымдар сұлтандарға басшы» – дейді. Фәтхи Мусылы: «Ғылым және хикметтен (Алла Тағаланың сүйікті құлдарына беретін ғылымы) мақұрым жүрек ішіп-жей алмайтын ауру сияқты, өлімге душар болды деген сөз өте орынды. Өйткені, денені жеп-ішу арқылы сақтаймыз, ал жүректің асы – ғылым және хикмет. Жүрек осы екеуімен өмір сүреді. Ғылымсыз жүрек өлімге жақын» деген.

     Хасан Басри: «Ғалымдардың қаламы шейіттердің қанымен таразыға тартылады және ауыр басады». Ибн Масғұд (р.а.) «Ғылым жоқ болмастан алдын оқыңдар. Ғылымның жоғалуы ғалымдардың өлімімен болады. Жаным қолында болған Алланың атымен ант етемін, Алла разылығы үшін өлген шейіттер ғалымдарға берілген жоғарғы дәрежелерді көргенде, ғалым болу үшін дүниеге қайта келуді тілейді» дейді.

Ибн Аббас (р.а.): «Мен үшін түннің аз да болса бөлігін ғылым үйренумен өткізу түні бойы ғибадат етуден жоғары» дейді. Хасан Басри «Бақара» сүресінің 201-аятындағы «Уа, Раббымыз! Бізге бұл дүниеде жақсылық бер және ақыретте жақсылық бер» деген аятта бұл дүниедегі жақсылық бізге ғылым және ғибадат, ал ақыреттегі жақсылық жәннатқа кіргіз деген мағынада айтылған дұға» дейді.

    Зүбәйр ибн Әбу Бәкір: «Әкем Иракта жүргендегі хатында маған былай деп жазды: «Оқы, өйткені ғылым – жоқшылығыңда байлық, байлығыңда сән болар». Хазірет Лұқман (ғ.с.) ұлына берген насихатында былай деген: «Ұлым! Ғалымдардың мәжілісіне қатыс. Көктем жаңбырымен жерді көгертетін Алла хикмет нұрымен мұсылмандардың жүрегін толтырады».

«Ғалымның өліміне теңізде балықтар, көкте құстарға шейін әр жаратылыс жоқтап жылайды» делінген де сөз бар. Яхя ибн Муаз (р.а.): «Ғалымдар мұсылман үмбетіне әке-шешелерінен де мейірімді. Өйткені, әке-шешелері оларды дүниедегі оттан қорғайды, ал ғалымдар ақыреттегі оттан қорғайды».

 Хасан Басри: «Ғалымдар болмаса, адамдардың басқа жан иелерінен айырмашылығы болмас еді. Өйткені олардың оқытуымен адамдар адамдық дәрежеге жеткен»,-деген.

Жайлыбек КЕНЖЕӘЛИЕВ,

«Хан Ордалы Сарайшық» селолық мұсылмандар мешітінің имамы.

Махамбет ауданы.  

Толығырақ ...

ИМАМДАР ФОРУМЫ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ (+ ВИДЕО)

 islam-atyrau.kz/24 қазан, 2019 жыл.   Діндарлар құзыретіне қарай қызмет етіп, мешіттердегі міндеттер бірыңғайланады. Діни рәсімдерді өткізуде өзімбілдімге салыну тоқтатылады.

Үшінші мәрте өткен имамдар форумында осындай маңызды мәселелерді қамтыған құжат қабылданды. Сондай-ақ қазіргі құбылған заманда құрдымға кетпеу үшін халықты жеті құндылыққа жетелейтін тұғырнама бекітілді. Осы ретте жиынға қатысқан Президент Әкімшілігінің жетекшісі Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының рухани-ағартушылық жолында еңбектене беру керек деген сәлемдемесін жеткізді.

Иә, «адамның жақсысы – айналасына пайдалы болғаны». Пайғамбарымыздың осы сөзін имамдар да салмақтап отыр. Бірақ мұны өмір сүру негізі етіп, мән-мағынасын жіті түсіндіру үшін бүгін құжат жүзінде бекітті. Сонымен жеті қазық – әркімнің тұла бойынан табылуы тиіс жеті кісілік сипаты сияқты. Имандылық, отанды сүю, білім алу, бірлікке шақыру, еңбекқорлық, мәдениеттілік пен әділдік жолын берік ұстану. Бұлар әлбетте, тілге жеңіл, тек іске келгенде кібіртіктеп қалуымыз мүмкін.

Серікбай Қажы Ораз, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:

Яки сырттың болмаса кез-келген басқа мәдениеттердің де төтеп бере алатын, тіпті діни таным -түсініктің теріс ағымдарға да төтеп бере алу үшін негізі өзінің тұғырлы рухани құндылықтарға біздің тәрбиеміз негізделуі керек.

Ендігі мәселе – діни рәсімдер өткізу тәртібі. Яғни тал бесіктен жер бесікке дейінгі жөн-жоралғыны тәртібімен орындау. Себебі кей рәсімдердің айналасында бірізділік жоқ. Мысалы, кей өңірлерде мәйітті тек мешітте жууды міндеттеп қойған діндарлардың да бар екені айтылып жүр.

Ершат Оңғаров, наиб мүфти:

Қайсысы діни рәсім, қайсысы діни рәсім емес осыған қатысты да пікірталастар бар, әртүрлі ойлар бар. Сондықтан біз бірізділікті қалыптастыру үшін діни рәсімдер реестрін жасап отырмыз.

Сондай түсініспеушіліктерді жүйелеу маңызды. Құжатта 45 діни рәсім тізімі түзілді. Бұдан бөлек діндарлардың лауазымдық міндеттері де реттелді. Енді мешіт, медреседегі әр маман құзыреті шеңберінде ғана қызмет көрсетеді. Тағы ауыл имамдарын материалдық тұрғыдан қолдау туралы ұсыныс болды.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Деструктивті ағымдармен күресіп жатыр. Оларды осы бағыттағы жұмысын қолдау үшін біз бір тетіктерді қарауымыз керек. Мүмкін біз грант арқылы осындай көмек көрсететін де шығармыз.

Сонымен осы форумда мәні терең үш құжат құпталды. Бұл имамдарға бағдар. Осылайша қоғамдағы құлдыраудан шығудың жолы – рухы биік сана қалыптастыру деп танып отыр мұсылманшылықтың тұтқасы болған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.

Толығырақ ...

Діни рәсімдер тізімі бекітілді: кімдер 45 рәсімнің барлығын өткізе алмайды?

      islam-atyrau.kz/24 қазан, 2019 жыл.   "Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі" тақырыбын арқау еткен III республикалық имамдар форумында бірнеше маңызды құжат қабылданды. Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың айтуынша, діни рәсімдер тізімдемесі әрбір имамның жұмысын нақтылайтын болады.

 

"Тарихымызға зер салып қарайтын болсақ, біздің халқымызда "ахундар", "қалпе", "ишандар" деген діни лауазымдар болған. Әрқайсысының атқаратын діни қызметі бір болғанмен саласы, яки болмаса, мақсаты мен болмасы әртүрлі. Осы ретте біз діни рәсімдердің тізімдемесін әзірледік. Бала шыр етіп, дүниеге келген сәттен бастап, оған берген батамыз бен айтқан азанымыздан бастап, кісі дүниеден қайтқанға дейін атқаратын діни рәсімдерді тізбелеп шықтық. Тізім әрбір діни қызметкердің жұмысын нақтылайтын болады", - деді Ораз. Форумда бекітілген тізімге 45 діни рәсім кіреді. Олар – сәбиге ат қою, бата беру, сүндет тойдың батасын беру, құрбандық батасын беру, сапар батасын беру, Құран үйрету, азан айту, бес уақыт намазды өткізу, жұма намазын өткізу, тасаттық (истисқа) намазын өткізу, күн тұтылу (кусуф) намазын өткізу, Рамазан айындағы діни рәсімдерді атқару, ауызашарда Құран оқу мен бата беру, тарауық намазын өткізу, Қадір түнін өткізу, иғтикафты өткізу, Ораза айт намазын өткізу, зекетті түсіндіру және ұйымдастыру, пітір садақасын түсіндіру және ұйымдастыру, садақа әдептерін түсіндіру, ұшырды түсіндіру және ұйымдастыру, қажылық рәсімдері, ихрам, арапада тұру, тауап, жамаратта тас ату, сағи жасау, Құрбан айт намазын өткізу, діни неке қию, уағыз айту, пәтуа беру (шығарылған пәтуаны таныстыру), мәуліт оқу, дем салу, иман үйіру (талқин), оң жаққа жатқызу, арулау (мәйітті жуу), кебіндеу, жаназа намазы, жерлеу, зиратты тазалау, асқа қатысу, құран бағыштау, мешітке келгендерге Құран оқу, қабір басына барып Құран оқу және хатым-Құран оқу.

Діни рәсімдерді таныстарған наиб мүфти Ершат Ағыбайұлының айтуынша, бүгінде діни рәсімдерге қатысты кейбір келеңсіз жағдайлар болып жатады. Дін қызметкерлері кейбір рәсімдер имамның қызметіне кірмейді десек те, адамдар түсінбейді, кінәрат тағады. Бұдан бөлек, мешітке қатысты жоқ адамдар діни рәсімдерді атқарып, шариғатқа бұра тартып, жұртты шатастырып жүр. Соның салдарынан діни қызметкерлер мен исламға қатысты кереғар пікір қалыптасады.

"Діни рәсімдер тізімдемесі - заманның талабынан, қоғамның сұранысынан туындаған тарихи құжат. 45 тармақты рәсімдерді шектеу деп түсінбеуіміз керек. Әлбетте, діни рәсімдер өте көп. Алайда біз қоғамға ең керектісін, ең көп орындалатынын алып отырмыз. Болашақта заман талабына сай, қажеттілікке орай қайта жасақталуы да ықтимал екенін ескергеніміз жөн", - дейді Ағыбайұлы.

Мүфтияттың діни білім және кадр бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Әліпбекұлының сөзіне қарағанда, діни қызметкерлердің барлығы бірдей рәсімді өткізе бермейді. Мәселен, республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларының, сондай-ақ, облыстардың бас имамдары барлық рәсімді атқара береді. Ал қала мен ауданның бас имамдары пәтуа беруден басқа рәсімдердің бәрін атқара алады.

"Наиб имамдарға екі айт намазы мен жұма намазы бас имамның рұқсатымен ғана, ал пәтуа беру рұқсат етілмейді. Қалған рәсімдердің барлығын атқарады. Директор мен ұстаздарға азан айту, бес уақыт намазға имандық ету, жұма намазын өткізу, тарауық намазын өткізу, екі айт намазын өткізу, жаназа рәсімдері мен мешітте Құран оқу бас имамның рұқсатымен болса, пәтуа беруге рұқсат берілмейді. Ал енді, азаншыға екі айт намазын, жұма намазын өткізуге және пәтуа беруге рұқсат жоқ. Ал бес уақыт намаз, тасаттық, жаназа намаздарын өткізу, Рамазан айының рәсімдері, діни неке қию, уағыз айту, мешітке келгендерге Құран оқу бас имамның рұқсатымен ғана іске асырылады", - деп атап көрсетті Әліпбекұлы.

Ал молдаға біраз рәсімді жасауға тыйым салынған. Соның ішінде бес уақыт намазды өткізу, жұма намазын өткізу, тарауық намазын өткізу, Қадір түнін өткізу, иғтикафты өткізу, Ораза айт намазын өткізу, садақа әдептерін түсіндіру, қажылық рәсімдерін түсіндіру, ихрам, арапада тұру, тауап, жамаратта тас ату, сағи жасау, Құрбан айт намазын өткізу, діни неке қию және пәтуа беру бар.

"Ал Құран үйрету, азан айту, тасаттық намазын өткізу, күн тұтылу намазын өткізу, пітір садақасын түсіндіру және ұйымдастыру, ұшырды түсіндіру және ұйымдастыру, уағыз айту, мәуліт оқу, дем салу, жаназа намазы мен асқа қатысу тек бас имамның, осы уақытқа дейінгі қызмет атқарған өкіл имамның рұқсатымен ғана жасалады. Басқа рәсімдерді молда өзі атқара береді", - дейді Әліпбекұлы.



Дереккөз: "Спутник Қазақстан"

 

Толығырақ ...

АУЫЛ ИМАМЫНЫҢ ТҰРМЫСЫ ТҮЗЕЛЕДІ ( + ВИДЕО)

    islam-atyrau.kz/24 қазан, 2019 жыл. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы имамдардың лауазымдық міндеттерін айқындап, дін қызметкерлері жасайтын діни жоралғылардың тізімін де әзірледі, деп хабарлайды  «Хабар 24» тілшісі.
Форум осымен үшінші мәрте өткізіліп отыр. Алқалы жиынға еліміздің әр өңірінен келген 500-ге жуық имам қатысты. Олар дін саласында қордаланған жайттарды қаузап, түбінде бір тоқтамға келді. Маңызды деген мәселелер мадиықталған мәжілісте алдымен Президенттің құттықтау хаты оқылды. Ерлан Қошанов, ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы:
– «Қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту арқылы Қазақстан халқының тұтастығын сақтап, ұлттық болмысымызды айшықтау – бәрімізге де ортақ парыз. Бұл жиын ҚМДБ жұмысына және еліміздегі дін өкілдерінің рухани бастамаларына тың серпін береді деп сенемін. Форум жұмысына сәттілік тілеймін. Қасым-Жомарт Тоқаев».
Дін елді бірлікке, ымыраға үндейді. Жұртты имандылыққа, ізетті болуға шақырады. Тәрбие тал бесіктен десек, бала бойына дәстүрді қатар сіңіріп өсіреміз. Ал асыл дініміз сол дәстүрмен астасып жатыр.   Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:
– Қуантарлығы – кейінгі кезде мешіттерге жастардың көптеп келуі, жастардың иманға бет бұрып жатқаны. Одан бөлек, қалталы кәсіпкерлердің мешіт, медресе, ас беретін ғимараттар салып жатқаны қуантады.
Имамдар бас қосқан форумда түрлі ұсыныстар айтылды. Ілкімді ойлар көп болды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бігіріп, арнайы тұғырнама әзірлеген. Оған «Жеті рухани қазық» деген атау берілді. Одан бөлек, 3 бірдей құжат қабылданды. Сол бойынша дін қызметкерлерінің лауазымдық міндеті айқындалып, жиі жасалатын діни рәсімдердің тізімі жасақталды.   
Серікбай қажы Ораз, қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы, бас мүфти:
– Ол жеті негізге негізделген. Имандылық, отаншылдық, білімділік, еңбекқорлық, ауызбіршілік және мәдениеттілік пен әділдік. Осы жеті тұғырдан негізделген рухани ұстаным негізгі біздің діни қауымның бағдаршамы да, насихатының негізі де болып табылуы керек.
Маңызды бұл құжаттар елді қызылкеңірдек қылған, түрлі даудың туындауына түрткі болған мәселелерге нүкте қоймақ. Енді әрбір дін қызметкері өзіне ғана артылған міндетті атқарады, ел аумағында тізімге енген 45 діни жоралғыны жасауға ғана құқылы болады.
Толығырақ ...