Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына үндеуі

islam-atyrau.kz/9 сәуір, 2019 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына үндеу жолдады.  islam-atyrau.kz Президент үндеуінің толық мәтінін жариялайды. 

Қымбатты Отандастар!

Бүгін елімізге және әрқайсымызға қатысты аса маңызды Үндеу жариялап отырмын.

Еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдадым.

Мен бұл жауапты шешім бойынша Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен ақылдастым.

Парламенттің қос палата спикерімен, Премьер-Министрмен кеңестім. Конституциялық Кеңестің келісіміне жүгіндім. Парламенттегі партия жетекшілерімен кездестім.

Кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау – өте маңызды әрі қажетті қадам.

Біз Елбасымыздың арқасында тәуелсіз, қуатты мемлекет құрдық. Қазақстан халықаралық жүйеде өзіне лайықты орнын алды.

Бізді ықпалды және белді мемлекет ретінде бүкіл әлем мойындайды.   Қазіргі таңда тарихи кезеңді бастан өткеріп отырмыз.

Жоғары билік заңды және бейбіт жолмен ауысты.

Бүкіл әлем қоғамдастығы осы оқиғаны түсіністікпен және құрметпен қабылдады.

  Мемлекет басшысы ретінде мен өзімнің міндетімді және жауапкершілігімді терeң сезінемін.  

Президент лауазымына кіріскеннен бастап өңірлерді аралап жүрмін. Халықтың көңіл-күйін жақсы білемін.

Зиялы қауыммен, еңбек ұжымдарымен, бизнес өкілдерімен, инвесторлармен, халықаралық тұлғалармен кездестім.

Біз Елбасының сара жолымен жүреміз.

Халқымыз – біртұтас. Тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым.

Алдағы Президент сайлауы осыған дәлел болуы керек. Сондықтан, елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет.

Оның үстіне, әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр.

Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін. Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керек.  

Ол үшін аталған тағдырлы шешімді қабылдадым. Мұндай шешім тек халықтың тікелей еркімен сайлауда қабылдануы қажет.   Қазақстан – демократиялық мемлекет.

Президент халықтың таңдауымен сайланады.

  Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін!

Бұл – менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр.

Мен халқымызға, яғни Сіздерге  сенемін.

Қадірлі Отандастар!

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді дана халқымыз.  

Алдағы сайлауға баршаңызды барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын.

Еліміздің келешегі, әр отбасы мен әр азаматтың тағдыры Сіздердің шешімдеріңізге тікелей байланысты!

 

Дереккөз: “atr.kz”

 

Толығырақ ...

Күнәміздің кесірінен айырылатын сегіз нығмет

Адам баласы нәпсіге жеңіліп, иманының күш-қуатын жоғалтқан кезде күнә істеуге бейім келеді. Сондай-ақ, өзін қолдап-қолпаштап тұратын көркем мінездер азайған сайын рухани кемелділіктен алыстай бастайды. Истиқамат, яғни әрқашан туралықта болуда әлсіздік танытады. Осының нәтижесінде күнәлі істер сиқырлы әуен секілді нәпсіні өзіне баурап алып, ақыреттегі жауапкершілікті ұмыттырады. Ардақты елші (с.ғ.с.): «Адам баласы бір күнә істегенде жүрегіне қара дақ түседі. Егер ол күнәні тәрк етіп, Алладан кешірім сұрап, тәубе етсе жүрегі тазарады. Ал, күнә істеуді одан ары жалғастыра беретін болса, қара дақтар көбейе түсіп, соңында бүкіл жүрегін қара дақ басып қалады» Алла Тағала: «Жоқ! Әсте, олай емес! Олардың өз қолдарымен істеген күнәлары жүректерін әбден қарайтып, тотықтырып тастаған (сондықтан олар ақиқатты көре алмауда)»,- дей отырып, осыны меңзеген», - деп айтқан.

Білімді жоқ етеді

Білім – Алла Тағала берген нығметтердің ең құндысы болып табылады, күнә іске аяқ басқан адам осы нығметтен мақрұм қалмақ. Бірде ілгерідегі ізгілердің бірі есте сақтау қабілетінің нашарлағанын айтып шағымданады. Сонда имам күнәлі істерді тастауына кеңес береді. Себебі білім – Алланың нұры, ал Оның  нұры күнәһарларға берілмейді.

Ризықты кемітеді

Тақуалық береке әкеледі әрі ризықты арттырады. Тақуалықты тәрк ету ризықтың кемуіне апарады. Кедейлікке апарар бірден бір жол – Алланың әміріне құлақ аспай, шалыс басу.

Жаратушыдан алыстатады

Адам баласының жасаған әрбір күнәсі жүрегіне қара дақ болып түседі. Қашан жүрегі толықтай қап-қара болған кезде ол адам тақуалық пен бойсұнғыштық қасиетінен ада болған күйе Жаратушыдан жырақта қалады. 

Денені әлсіретеді

Күнәлі істердің рухымызға беретін әсері белгілі, Жаратушыдан жырақтау адам баласының кез келген нығметінен мақрұм қалдырады екен, соның ішінде денсаулыққа да зиянын тигізбей қоймайды. Денсаулықты дені сау адамдардың үстіндегі атласқа теңесек, оның қадірін тек ауырғандар біледі...

Күнә көбейгенде береке қашады

Бірінің артынан бірі жасалған күнәлар Алланың мейірімін жоқ етіп, өмірімізден берекені алып қояды. Күнәға белшесінен батқан адамның өмірі сәтсіздіктер мен тауқыметтерге толып кетеді.

Бір күнә – мың күнәға есік ашады

Егер адам Алла тағала тиым салған күнәлі істі істеп, артынша тәубе етпейтін болса, онда ол күнәлі іс бұл адам үшін үйреншікті әрі болмашы ғана нәрсеге айналады. Осылайша, бірте-бірте ол адам Алланың салған тиымдарына да немқұрайлы қарайтын болады да амалдары әдетке айналып, тәубе ету деген түсінік санасынан мүлде өшіп кетеді.

Алланың рақымы

Күнә жасаған адамның айрылатын ең үлкен нығметі – Алланың рақымы. Алла Тағала адамзатты Өзіне ғана бойсұнып, Өзіне ғана құлшылық жасау үшін жаратқан. Күнә жасап, артынша тәубесіне келген адамды Алла қаласа, рақымымен кешіреді. Алайда, үнемі күнәлі іс жасап, оны ар санамайтын адам Жаратушының жақсылығынан, рақымынан мақрұм қалатыны анық.

Құлшылықтан алыстайды

Адам баласының таңдауында екі жол бар: бірі Хақ Тағалаға бойсұнып, құлшылық қылу әрі күнәлі іс істеп қойған жағдайда тәубеге келу болса, екіншісі нәпсіңнің жетегімен жүріп, қалағаныңды жүзеге асыру. Құлшылықтан алыстау – Алладан алыстау деген сөз. Ендеше, намазды қаза қылуды әдетке айналдырмаған жөн.

Алла адамдарға сансыз нығмет берген. Бұлардың ең үлкендерінің бірі –  нығметтің қадірін білу нығметі. Алланың адамға берген ең үлкен нығметі – иман нығметі. Мұның шүкіршілігі – Оған қарсы келмеу. Әр нығметке сол нығметтің түрімен шүкіршілік ету – нығмет қадірін білудің белгісі.

 

Дереккөз: muslim.kz

Толығырақ ...

Алтынға айналған қамшы

Мұхаммед ибн Мәсләма (р.а.) – Пайғамбарымызбен бірге барлық соғыстарға қатысқан алдыңғы қатарлы сахабалардың бірі. Ол Мәдина қаласында Расулаллаһтың орнына уәкіл ретінде тағайындалған хазірет Омардың ел ішіндегі «арыз-шағым бұрышына» жауапты кісісі болатын. Халықтың бар арыз-тілектері осы бұрыш арқылы шешіліп, қажет болған жағдайда пара алған, біреудің құқығын аяққа таптаған басшылар мәселенің мән-жайы әбден анықталған соң, осы бұрыштың шешімі арқылы лайықты жазасы берілетін.

Бір жолы Омар (р.а.) Мәдинаға жиналған атқа мінер ел ағаларына олардың халыққа жақсы қарауы керектігін, ешкімге әділетсіздіктің жасалмауын қатал түрде ескерткен-ді. Дәл осы мезет халық арасынан сытылып шыққан біреу:

– Мына пәлен деген басшыңыздың мені қарадай кінәлап, жөнсіз ұрғаны бар еді. Алайда, соңында менің кінәсіз екендігім белгілі болған-ды, – деді де, өзінің сол адамда ақысы кеткендігін айтып қалды. Мәселенің жай-жапсарын анықтай келе басшы болып тағайындалған адамның кінәсіз адамды жөн-жосықсыз жазалап, сабатқаны белгілі болды.

Бұл кезде хазірет Омардың (р.а.) да шешімі дайын еді:

– Сені сабаған басшыны сен де соншалықты сабайсың!

Алайда, Амр ибн Ас (р.а.) бұған қарсылық білдірді:

– Ей, Омар! Сонда бұдан былай басшыларыңыздың халықтың көзінше сабатпақ болғаныңыз ба? Егер бұлай жасар болсаңыз, бұдан кейінгі уақытта басшылардың ел алдындағы абырой-беделіне нұқсан келеді. Онда олар жұмыс істеуден қалады ғой...

Хазірет Омардың да бұған жауабы дайын еді:

– Менің өйтіп-бүйтіп тісін батырған әлдіні қорғаштап, жәбір көрген әлсізді дәрменсіз кейіпте қалдыруға дәтім шыдамайды. Кім озбырлық жасаған болса, екінші рет ондай жөнсіз әрекетке баруға жүрегі дауаламау үшін жақсылап жазалануы керек!

Иә, шешім қатал.

Таяқ жеген адам өзін қамшымен қанша рет сабаса, ол да сол басшыны сонша рет сабамақ болды. Бұл жолы ешкімі жоқ әлгі адамға Амр ибн Ас (р.а.) қайта барды. Бара сала өз ұсынысын айтты.

– Сені қанша рет қамшымен сабаса, мен саған сонша алтын берейін. Осыны ал да, кеткен ақыңды кешір. Әйтпесе, халық батылданып, басшылардың жүрегі шайлығып қалар...

Таяқ жеген кісі қамшы салудың орнына алтын алғанда ғана барып, әлгі басшыны кешіреді. Содан былайғы уақыттан бастап тағы да хазірет Омардың (р.а.) қара қылды қақ жарған әділдігінің арқасында панасыз жандарды басынып оларды жөнсіз сабау ісі сап тыйылған еді. 

Құдайберді Бағашар

 

Дереккөз: muslim.kz

Толығырақ ...

Еш нәрсе зиянын тигізе алмайтын дұға

Ұзақ жылдар бойы ардақты Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге болу құрметіне бөленген сахаба Әбу Хұрайра (р.а.) бұл дұға жайлы мына оқиғаны тілге тиек еткен:

«Бір кісі Алла елшісіне (с.ғ.с.): «Кеше түнде мені шаян шағып алды», – деп, түні бойы көз ілмегенін айтып, мұңын шағады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Егер кешкісін мына дұғаны оқығаныңда, ол сені шақпас еді», – деген екен.

Сондай-ақ, Имам Тирмизидің еңбегінде Суһәйл ибн Әбу Салих (р.а.): «Айналамыздағы адамдардың барлығы осы дұғаны жаттап алып, күн сайын кешкісін оқып жүретін. Бірде қызметші әйелдердің бірін шаян шағып алды, бірақ, ол әйел одан ешқандай да зиян шекпеді», – деген.

Жоғарыда келтірілген деректерге қоса осы дұғаға қатысты басқа бір хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім қандай да бір жерге (панажайға) ат басын тірегенде, мына дұғаны оқыса, сол жерден аттанып кеткенге дейін оған еш нәрсе зиянын тигізе алмайды», – деп айтқаны риуаят етілген. 

Оқылуы: «Әғуузу би кәлимәәти-лләәһит-тәәммәәти мин шәрри мә халәқ».

Мағынасы: Алланың мінсіз сөздерімен* күллі жаратылыстың кесір-кесапатынан сақтанамын!

أَعُوذُ بِكَلِمَاتِ اللهِ التَّامَّاتِ مِنْ شَرِّ مَا خَلَقَ

 

Дереккөз: muslim.kz

Толығырақ ...