Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

ҚМДБ ұжымы Арыста зардап шеккендерге бір күндік жалақыларын аударады

   islam-atyrau.kz/26 маусым, 2019 жыл.  ҚМДБ қызметкерлері Арыс қаласындағы қайғылы оқиғаға байланысты біркүндік жалақыларын зардап шеккендерге аударады.

Бас мүфти Серікбай қажы Ораз бастамашы болып осындай игі істі қолға алды. Аталған сауапты іске әр қызметкер өз еркімен келісіп отыр. Аталған істің бастамашасы болған Бас мүфти:

«Бұл дінімізге сай кешегі апаттан зардап шеккендерге көмек беру мақсатында жүзеге аспақ. Қазірдің өзінде Нұр-Сұлтан қаласындағы бірнеше мешіттерде «Елорда асары» атты қайырымдылық шарасы басталып кетті. Күні кеше тосыннан келген апатқа тосырқап қалған ел-жұртты сабырға шақыру мақсатында жергілікті мешіттеріміз ауқымды жұмыстар атқарды. Анасынан адасып қалған балалар сол маңайдағы мешіттерді паналады.

Одан бөлек Шымкент пен Тараз қаласындағы ірі мешіттер де сауапты іске ортақтасуда. Қазақта «қайғыны бөліссең азаяды» деген бар.

Міне, қиын күндерде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыла жұдырық боп жатырмыз. Баршасына Алла разы болсын. Біздің қызметкерлер де бір күндік жалақысын Арыстағы ағайынға аударуды жөн санады» - деді.


Айта кетейік, Бас мүфтидің тапсырмасына сай Арыс халқына Шымкент және Түркістан облысындағы өкілдіктер де жан-жақты көмек беруде.

 

Толығырақ ...

БАС МҮФТИ: АРЫС ОҚИҒАСЫ БАРША АЗАМАТТЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ІСІНДЕ БІРІКТІРУІ ТИІС

   islam-atyrau.kz/26 маусым, 2019 жыл.  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Арыста болған оқиғаға байланысты пікір білдірді.

"Арыс қаласындағы №44856 әскери бөлімінің қоймасында болған жарылыс еліміздің барша азаматын сары уайымға салды. Төтенше жағдай біздің де жанымызға батты. Халқымыз: "Апат айтып келмейді", - дейді. Алланың ісіне амал жоқ. Кемедегінің жаны бір емес пе? Бұл оқиға барша азаматты қайырымдылық ісінде біріктіріп, бауырмашылдығын арттыруы тиіс деп санаймын. 

Қазір Үкімет қажетті шаралар қабылдауда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да өз тарапынан қайырымдылық бағыттағы бастамаларға үлес қосуда. Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы мешіттер тұрғындарға тиісті көмек беруде. Уақытша тұрақтау үшін мешіт пен медреселер есігі əрқашан ашық екенін хабарлаймын.

Бүгін Шымкент қалалық Орталық мешітінде 5 мыңға жуық адамға ас-су берілді. Бұл бағыттағы игі іс-шаралар жалғаса береді. 

Алла Тағала Арыс азаматтарына жар болсын. Басқа түскен сынаққа сабыр етуін тілейміз. Ата-аналар балаларымен қауышып, қуанышқа бөленуін нəсіп етсін. Ал түрлі деңгейде жарақат алған жандарға Алла шипасын берсін. Ел іргесі бүтін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Əмин!" - деп атап өтті Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.

 
Толығырақ ...