Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Нұр-Сұлтанда Халал индустриясын дамыту бойынша конференция өтті

 islam-atyrau.kz/30 шілде, 2019 жыл.  Бүгін бас қаламыз Нұр-Сұлтан қаласында «ТМД аймағындағы Халал индустриясын дамыту бойынша мүдделі тараптардың жұмыс кездесуі» атты конференция ұйымдастырылды.

Бұл жиынның мақсаты АҚИҰ (Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы) ауылшаруашылық ғылымы мен технологиясының ең озық жетістіктеріне, жүйелі тәсіл негізінде мұсылман елдеріндегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуді көздейді. Осыған байланысты АҚИҰ стратегиялық мақсаттары аясында, ТМД аймағында халал индустриясын дамыту мәселелеріне аса зор көңіл бөлінуде.

Қазіргі уақытта сәйкестікті растайтын, рәсімдерді жүргізу бойынша нормативтік талаптарды жетілдіруді қажет етеді. Халал стандарттаудың жалпы мәселелері және оларды іске асыру әлі күнге дейін өзекті мәселелер қатарында саналады.

Бұл жиынға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Б.Есмахан және «Халал өнімдерін стандарттау» бөліміне қарасты «Халал Даму» ЖШС директоры А.Елжановтың және де ТМД мемлекеттері, Туркия (SMIIC), Ұлыбритания, Қырғызстан, Татарстан елдерінен шақыртылған спикерлер, сонымен қатар, ҰАО (Ұлттық Аккредиттеу Орталығы), «САПА» «Ұлттық қоғам, тұтынушылардың құқығын қорғау ұйымы», ХФО Астана «Халықаралық Финанс Орталығы» т.с.с спикерлер қатысты.

 

Толығырақ ...

Құрбан айт - бірлік мерекесі

Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Барлық мақтау Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға тән, Алланың сәлемі және игілігі Пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с), үй ішіне, әрі барша үмметіне болсын.

«Айт» сөзі араб тілінен алынған, «мейрам, қуанышты күн» деген мағыналарды білдіреді. Қуанышты сәт саналуының себебі - отыз күн оразадан кейінгі ауыз ашу болса бірі, екіншісі - қажылық жасап күнәдан тазарғаннан кейінгі құрбан шалып, мейрамдап атап өткендіктен айт деп аталады. 

Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ол күні Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ тілектер айтылады. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқиды. Дүйім мұсылман баласы пайғамбарлардың ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады. Cондай-ақ, Құран Кәрімде: «Әрі барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген түрлі пайдаларын көрсін. Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!» (Хаж сүресі, 27-28). 

 Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, сол арқылы Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады.

 Хазірет Ибраһимнен (а.с.) бері келе жатқан қажылықта орындалатын құрбан (һәди) шалу Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін, хижраның екінші жылы қажылықтан тыс мұсылмандарға да (удхия құрбаны) міндеттелді. Осы күндері айт намазын оқу және құрбан шалу уәжіп ретінде бекітілді.

Қасиетті кітабымызда:

 «Сондықтан Раббың үшін намаз оқы, Раббың үшін құрбан шал», - делінген.  

Жағдайы жеткендердің бәрі құрбан шалса, оның еті тұрмысы төмендерге таратылса, халқымыз арасында ауызбіршілік пен сыйластық та артқан үстіне арта береді. Айт келгенде әр отбасында қуанбайтын, шаттанбайтын кісі қалмауы ләзім. Бесіктегі баладан төрдегі ересектерге дейін барша отандастарымызды айт мейрамын жыл сайын сағына күтетін деңгейге жеткізуге тиіспіз. 

Құрбан Айт, шын мәнінде, ел-жұртты біріктіретін қасиетті мереке. Қайырымдылық пен қамқорлыққа, ынтымақ мен татулыққа үндейтіні аса маңызды. Бұл мереке ең əуелі айт намазын оқумен басталады. Əрбір мұсылман баласы айт күні таңертең мерекелік құлшылықты жасау үшін ғұсыл құйынып, әдемі киімін киіп, мешітке барады. Мерекелік намаздан соң жамағат бірін-бірі құттықтап, жақсылық тілеп, көтеріңкі көңіл-күйге бөленеді. Құрбан айтта жамағат тек мал союмен ғана шектелмейді. Ренжіскен адамдардың татуласқаны жөн. Ауырып жатқан адамдардың көңілін сұрап, арнайы кіріп шығу, жетім-жесір, мұң-мұқтаж адамдарға жанашырлық жасап, оларға да айттың қуанышын сездіру сауабы мол істерге жатады. Осылайша, береке мен бірлікті, қайырым мен қанағатты арттыратын Құрбан айт адамдардың жақындасуына, бірін-біріне ізгілік танытып, қайырымды болуына ықпал етеді. 

Құрбан шалу кімге міндет?

Əрбір жағдайы бар əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп. Адам баласы құрбан шалу арқылы Жаратушының өзіне берген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді. Ал әл-ауқаты төмен адамдарға құрбан шалу міндет емес. Ниеті адал, пейілі шын болса, ол да сауап. Құрбандық етінің бір бөлігі ағайын-туыс пен көрші-қолаңға, екінші бөлігі тұрмысы төмен отбасылар, жетім-жесір мен мұқтаж жандарға таратылады, ал үшінші бөлігі өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. 

Алланың разылығынан үміттенген жандар құрбандыққа соятын малды таңдауда өте мұқият болуы қажет. Ең алдымен, ықылас-ниет дұрыс болуы, одан кейін сойылатын  мал жарамды болуы керек. Құрбандыққа тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал. 

Тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды. Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбан ретінде шалса, сиыр немесе түйені бір кісінің жалғыз өзі немесе жеті кісі бірігіп, ортақ шалуына да болады. Бұл ретте әрбір адамның құрбан шалу ниеті болғаны жөн. Егер бір кісі құрбан үшін, ал екіншісі тек қана етін алуға ниеттенсе, сойылған мал барлық адам үшін құрбан болып есептелмейді. 

 

Құрметті жамағат! Келе жатқан құрбан айт мүбәрак болсын!

Құрбан айт әрқашан жұртымыздың ынтымағын нығайтып, елдің ауызбіршілігін күшейте түсетін мереке болуы тиіс. Барша жұрттың осыған күш салғаны абзал.

Құрбан айт мүбәрак болсын! Айт күнгі ізгі ниеттеріңізді Алла Тағала қабыл етсін!

 

Арман ИСАЕВ,

Жылыой ауданы орталық мешітінің Бас имамы.

Толығырақ ...