Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Сұлтан Бейбарыс мешітінде 500 адамға Айт дастарханы жайылып, 50 балаға сыйлық үлестірілді (+ВИДЕО)

 islam-atyrau.kz/11 тамыз, 2019 жыл.   Қасиетті Құрбан айт мерекесі күні Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) атынан құрбандық шалынып, 500-ден астам жамағатқа мерекелік дастархан жайылды.

Айт намазынан кейін жайылған ақ дастархан басында Сұлтан Бейбарыс мешітінің бас имамы Ержан Қағазғалиев еліміздің тыныштығы, қоғамның тұрақтылығы үшін дұға жасап, жиналған жамағатты мерекемен құттықтады.

Сондай ақ, бұл күні 200 отбасына құрбан малдың еті таратылды. Бұл кезде негізінен әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы, жетім, жартылай жетім отбасылар қамтылды. 

"Құрбан айт - күллі мұсылман қауымы үшін ұлық мереке. Үш күнге созылатын мерекені бүгінде дүниежүзінің барлық мұсылмандары атап өтуде. Құрбан айт Алла разылығын алу үшін ізгі амал жасайтын күн. Сол себепті, бұл күні әлеуметтік жағдайы тартқан бауырлар жоқ-жітіктерге демеу болып, сауапты амалдар жасайды. Бұл күні біз балаларды да қуантқанды жөн көрдік. Сол себепті, бүлдіршіндер үшін мешіт атынан арнайы сыйлықтар дайындалды" дейді Сұлтан Бейбарыс мешітінің бас имамы Ержан Қағазғалиев.

Ерекше айта кетерлігі, айттың алғашқы күні сәбилерге сыйлық көшелерде таратылды. Яғни,  Сұлтан Бейбарыс мешітінің бас имамы Ержан Қағазғалиев бастаған топ балалар алаңдарын аралап, бүлдіршіндерді тәтті толтырылған сыйлықтармен қуантты. Осылайша, мереке күні елу бала арнайы сыймен қамтылды.

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Атырау: Құрбан айт мерекесі күні орталық мешітте 300 отбасыға ет таратылды

islam-atyrau.kz/11 тамыз, 2019 жыл.    Қасиетті Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні Атыраудың орталық мешітінде үш жүз отбасыға құрбан малының еті таратылды.

Құрбандыққа шалынған мал еті негізінен әлеуметтік жағдайы төмен, қамқорлыққа мұқтаж жандарға үлестірілді. Мейірім мен бауырмалдылыққа үндейтін мереке күні қамкөңіл жандарға ет толы пакеттерді орталық "Иманғали" мешітінің бірінші наиб имамы Мұрат Мұстафаев бастаған ұстаздар легі өз қолымен тапсырды.

"Құрбан шалу жай бір жасай салар күнделікті іс емес. Құлшылықтың бұл түріне жіті көңіл бөле отырып, шынайы ниет қойып, малдың ең таңдаулысын құрбан ету – дүниеміз бен ақыретімізге орасан рухани пайда, сансыз сауап, көңілі қаяу жандарға жұбаныш сыйлайды" дейді ұстаз Мұрат Мұстафаев.

Еске сала кетелік, бүгін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталды. Үш күнге созылатын ұлық мерекені күллі мұсылман қауымы атап өтуде. Бұған дейін ұлық мерекемен қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз құттықтаған болатын.  

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Атырау: Құрбан айт мерекесінің құрметіне орталық мешітте спорттық жарыс өтті

        islam-atyrau.kz/11 тамыз, 2019 жыл.   Қасиетті Құрбан айт мерекесінің құрметіне Атыраудың бас мешітінде бүгін ұлттық спорттық ойын түрлерінен жарыс өтті.

Бұқаралық сипаттағы жарысқа мешіттің ерлер жамағаты асқан белсенділікпен қатысты. Сайыс шымылдығын ашқан орталық "Иманғали" мешітінің бірінші наиб имамы Мұрат Мұстафаев ұлық мереке құрметіне ұйымдастырылып отырған спорттық бәсекенің маңызына тоқталып өтті.

"Адамзатты махаббатпен жаратқан Алла Тағала әрқайсымызға көркем бейнемен бірге, денсаулықты нәсіп етті. Адам баласы рухани саулықпен бірге, тәннің саулығын да сақтай білуі керек. Біздің мақсатымыз салауатты өмір салтын насихаттай отырып, мұсылман бауырлардың бірлігін арттыру" деп атап өтті сайыстың ашылу салтанатында ұстаз Мұрат Мұстафаев.

Спорттық бәсеке ұлттық ойындардың үш түрі бойынша ұйымдастырылды. Яғни, қой көтеру, кір тасын көтеру және қазақша күрес. 

Қой көтеру сайысында Марат Оразғаниев бірінші орынды иеленді. Қой малын бір демде 83 мәрте көтерген ол жиналған жамағатты тәнті етті. 

Кір тасын көтеруде бірінші орын Бақтыбек Бектиминовке бұйырды.  24 килограмм болатын кір тасын Бақтыбек 85 мәрте көтеріп шықты. Нұрлыбек Қалидолла тасты 80 мәрте көтеріп, екінші орынға лайық деп танылды. Үшінші орын Алпамыс Айтмұxановқа бұйырды. Ол кір тасын бір демде 56 мәрте көтеріп шықты. 

Қазақша күрес бәсекесі де өте тартысты өтті. Барша жамағат асқан белсенділік танытқан күрес сайысында Ибрагим Гусейнов топ жарып, бас жүлдені иеленді. 

Дастан Байсымақов пен Мұрат Әбуталиев екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. 

Ұлттық ойындар ұлықталған спорттық бәсекеде қой көтеру, кір тасын көтеру және қазақша күрестен топ жарып, бірінші орынды иеленген жеңімпаздардың барлығына қой малы сыйлыққа берілді. Ал, екінші және үшінші орын иегерлеріне тұрмыстық техникалар сыйға тартылды. 

 

 

      Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Бас имам Батыржан Мансұров қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтады (ВИДЕО)

islam-atyrau.kz/11 тамыз, 2019 жыл.   Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық "Иманғали" мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров ұлық мереке - Құрбан айттың басталуымен құттықтады.

"Жаратқан Алла Тағала еліміздің әр шаңырағына салиқалы ғұмыр, тіршілігімізге береке берсін. Құрбан шалуға  ниет етіп отырған әр отбасының құрбандығын Жаратқан Алла Тағала қабыл еткей" делінген видео құттықтауда.

Еске сала кетелік, қазіргі уақытта Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров қасиетті Мекке даласында қажылық  жасауда. 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады

islam-atyrau.kz/11 тамыз, 2019 жыл.  Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

 

Құрметті отандастар!

Күллі мұсылман үмбетін Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын! Қасиетті Құрбан айт – мейірімділік пен қайырымдылық құндылықтарының теңдессіз көрінісі ретінде халқымыздың рухани дүниесінен ерекше орын алатын мейрам. Имандылықты өскелең ұрпақты тәрбиелеу көзі деп санайтын мұсылман қауымы осы күні ізгі ниетімен игі істер атқарып, өзара түсіністік пен келісім рухын нығайта түседі. Бұл ынтымақ пен бірлікті қадір тұтып, сақтап келе жатқан еліміз үшін өте маңызды. Қасиетті мейрамда баршаңызға зор денсаулық, құт-береке тілеймін. Отанымыз – Қазақстан Республикасы өркендей берсін!

Қасым-Жомарт Тоқаев

 

Толығырақ ...

Қасиетті айт кереметі

Құрбан айт барша мұсылман қауымына ортақ ұлық мейрам. Әлемдік деңгейде мәртебесі биік діни мереке саналатын құрбан сөзі араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Яғни, жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу.  

 

Мерекенің мәні неде? 

Мерекенің тарихы сонауғы қос пайғамбар Ибраһим аләйһиссәләм мен баласы Исмайыл пайғамбардан басталады. Нақты айтқанда, Аллаға деген бағыныштылығымен сыналған Ибраһим пайғамбар Жаратушысын разы ету үшін ұлы Исмайылды өзінің берген уәдесіне сай құрбандыққа шалмақшы болады. Уақыт сәті келгенде Ибраһим пайғамбар Алла алдындағы уәдесін орындауға бел буады. Дегенмен, Алла Тағала пайғамбар етіп жіберген құлының шын тәуекелі мен уәдесіне беріктігіне орай көктен түсірген қошқарды Исмайылдың орнына құрбан етуін бұйырады. Осындай үлкен сынақты бастан өткерген әкелі-балалы қос пайғамбардың тағылымы бүгінде мұсылман қауым үшін ғибрат өнегесіне айналды. 

Құрбандық туралы Алла Тағала былай бұйырады: «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят). Иә, құрбандық шалу шариғатымызда мал-мүлік арқылы атқарылатын ғибадат түріне жатады. Бұл күндері Алла разылығы үшін құрбандық шалған кісілерге көптеген сауап уәде етілген. 

 

Шынайы ниет маңызды 

Қарап отырсақ, құрбан шалу жай бір жасай салар күнделікті іс емес. Құлшылықтың бұл түріне жіті көңіл бөле отырып, шынайы ниет қойып, малдың ең таңдаулысын құрбан ету – дүниеміз бен ақыретімізге орасан рухани пайда, сансыз сауап, көңілі қаяу жандарға жұбаныш сыйлайды.  

Құрбан шалудың қоғамға әкелер бірқатар пайдалары да бар. Атап айтсақ, құрбандық шалу – адам бойында бауырластық, өзгеге көмек беру, жанқиярлық және ынтымақтастық сынды жақсы қасиеттердің пайда болуына ықпал етеді. Сонымен бірге, қоғамда әділеттіліктің күшеюіне өзіндік септігін тигізеді. Әлеуметтік топтар арасындағы белгілі бір алшақтықтың жойылуына, әртүрлі деңгейдегі адамдардың бір-бірінің жағдайын білісіп, тұрмыс-тіршілігін жақыннан тануға, һәм етене араласуына едәуір ықпал етеді. 

Дегенмен, амал ең алдымен Алланың разылығы үшін ғана жасалуы қажет. Сондықтан, құрбандық шалудың – жеке бас және қоғамдық пайдаларын бір шетке қойғанда, бірінші кезекте Алланың разылығы көзделіп жасалатын ғибадат. Құран Кәрімде Алла Тағала бұл жайында: «Олардың (шалынған малдардың) еттері мен қандары Аллаға әсте ұласпайды. Бірақ, Оған (Аллаға) сендердің тек тақуалықтарың ғана жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят) деп бұйырады. Яғни, құрбандық шалудағы көзделген мақсат пен ниеттің маңыздылығын әуелі ақыл таразысына салған жөн болады. 

 

Арапа күнінің маңызы 

Құрбан мерекесінің бірінші күні дүние жүзінің әр тарапынан қажылық ғибадаты үшін қасиетті Меккеге қарай ағылған қалың мұсылман жұрты қажылық парыздарын өтеп, Жаратқанға мінәжат етіп, дұға-тілектерін арнайды. 

Дінімізде екі айт мерекесі де намаз оқумен басталады. Бұл жөнінде Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен бір хадисте былай делінеді: «Бұл күндерде (яғни, айт күндерінде) ең бірінші атқаратын ісіміз – намаз оқу». Осыған орай ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған әрбір мұсылман үшін айт намаздарын оқу – уәжіп (міндет) болып табылады. 

Айт күндері жақындағанда, алдын ала дайындық жүргізіледі, дәмді тағамдар әзірленеді. Мұсылман қауым мереке күні жуынып-тазаланып, таза және әдемі киімдерін киіп, хош иіс сеуіп, айт намазына жөнеледі. Намаз оқылған соң мұсылмандар бірін-бірі құттықтап, жақсы тілектер айтады. Жағдайы төмен кісілерге көмек ретінде садақа беріледі. Айт күндері жеңіл-желпі ойын-сауыққа тыйым салынбайды, бірақ шариғат шеңберінен шыққан дарақылыққа да жол жоқ. 

Ораза айт пен құрбан айт арасында кейбір өзгешеліктер бар. Мысалы, ораза айтында таңертеңгісін айт намазына құрма секілді жеңіл тағамдардан дәм татып шығу дұрыс боп есептелсе, құрбан айтта нәр татпай шыққан абзалырақ. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сол күнгі асын жаңа сойылған құрбан етімен ашқанды құп санаған. Сондай-ақ, ораза айтта пітір садақасы берілсе, құрбан айтта жай садақа беріледі. Арапа – құрбан айтқа байланысты күн. Өйткені, қажылар сол күні қажылықтың ең басты шарты болып есептелетін «арафат уақфасын» орындау үшін Арафат тауында белгілі бір уақыт тұрады. Арапа күні таңғы намаздан бастап, құрбан айттың төртінші күнінің асыр намазына дейін әрбір парыз намазынан кейін «ташриқ тәкбірлері», яғни қосымша тәкбірлер айтылады. 

 

Құрбан шалғанда қандай тәкбір айтылады?

Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін, пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – әдепсіз амал. Ал, қинамай сою – сүннет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде былай дейді: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рахатына қауыштырсын». 

Құрбан шалғанда «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» деп тәкбір айтылып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздалады. Ең абзалы, құрбанды иесінің өзі бауыздағаны дұрыс. Басқаға өкілеттігін тапсырып сойғызуға да болады. Ондайда иесінің құрбан малының жанында тұрғаны жөн. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап, яғни сауап. Бір бөлігі туған туыс, көршілеріне, екінші бөлігі кедей мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі өзінің бала-шағасына, отбасына беріледі. Құрбанның терісін илеп пайдалануға болады. Сонымен бірге, теріні сатып, ақшасын мұқтаж-жетімдерге садақа ретінде беру де сауап. 

Тағы бір ескере кететін жайт, еліміздің кейбір аймақтарында құрбандық малын арапа күндері шалып жатады. Бұл шариғат тұрғысынан алғанда дұрыс емес. Құрбандық айт намазы оқылып біткеннен кейін іске асуы қажет. Сонда ғана ол құрбандық болып саналады. 

Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал. Тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды. 

Қой немесе ешкіні бір адам ғана құрбан ретінде шала алады. Ал, сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін немесе жеті кісі бірігіп, ортақ шалуларына да болады. 

 

Батыржан МАНСҰРОВ, 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы, РһD доктор.

Толығырақ ...

Атырауда Айт намазы оқылды

islam-atyrau.kz/11 тамыз, 2019 жыл.  Күллі мұсылман қауымы әлеміндегі ұлық мерекенің бірі - қасиетті Құрбан айттың құрметіне Атыраудың барлық мешіттерінде бүгін жергілікті уақыт 7.00-де Айт намазы оқылды.

Құлшылық етуге келген халықтың көптігі соншалық, орталық "Иманғали" мешітінің ішкі залдары мен ауласында ине шаншар орын қалмады. Айт намазын ашық аспан астында оқығандар көп.

Мерекелік мінәжатқа жиналған жамағатты орталық "Иманғали" мешітінің бірінші наиб имамы Мұрат Мұстафаев құттықтап, қасиетті Құрбан айт туралы уағыз айтылды. Кейін ұстаз Мұрат Мұстафаев Айт намазын жүргізді. Намаздан кейін Айт хұтпасы оқылып, мешіт жамағаты Жаратушы Алладан еліміз бен жерімізге амандық, тыныштық тілеп, дұға жасады. Дұға жасалып болған соң, мешітке жиналған мұсылмандар бір-бірін Құрбан айт мейрамымен құттықтап, мәре-сәре болды.

Қасиетті мереке құрметіне қазіргі уақытта бас мешітте ұлттық спорттық ойындардан сайыс жүруде. Сонымен қатар, бүгін Атыраудың бас мешітінде мұқтаж отбасыларға құрбан малдың еті таратылады.

Еске сала кетелік, "Құрбан" сөзі "жақын болу", "жақындау" деген ұғымдарды білдіреді. Мұсылман баласы Айт күні құрбандық шалу арқылы Аллаға деген ақ ниетін білдіреді. Демек, Құрбан айтта орындалатын ең қайырлы амал – құрбан шалу. Бұл туралы Алла Тағала қасиетті Құранда: "Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)" ("Хаж" сүресі, 37-аят), – деп адал ниеттің маңыздылығын атап өткен.

 

 

 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...