Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Мақат аудандық мешітінің бас имамы жастармен жүздесті

 

islam-atyrau.kz/20 тамыз, 2019 жыл.  Жастарды теріс ағымнан сақтандыру мақсатында Мақат аудандық орталық мешітінің бас имамы Біләл Сағындықов жас буынмен кездесті.

 

 Мақат ауданының жастар бөлімі ұйымдастырған кездесу барысында ұстаз Біләл Сағындықов тәрбие, білім көзі туралы уағыз айтты.

 

«Отан – отбасынан басталады. Демек, тәрбиенің қайнар көзі де  отбасы болуы тиіс. Бала өсіп-жетілген сайын оның ортасы да кеңейеді. Бірақ, адам кез-келген сұрағына жауапты маманнан алуға ұмтылуы керек. Мысалға, дін мәселесінде өкінішке орай, кей жастарымыз үшін интернет «ұстаз» болып кетті. Асылында, діни білімде адамға мешіт, медреседен асқан ұстаз жоқ» деп атап өткен Мақат аудандық орталық мешітінің бас имамы Біләл Сағындықов жастарға зымырап өтіп жатқан уақытты дұрыс пайдалана білуге шақырды.

 

Мақат аудандық орталық мешітінің баспасөз – қызметі. 

 

Толығырақ ...

Адалдық - асыл қасиет

Адалдық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Адам бағасының бір өлшемі де іспетті. "Адалдық” деген сөз шыншылдық, айнымастық, шын берілгендік сияқты игі қасиеттерді еске салады. Қазақ пайымында адам бойында адалдық - пәктік, ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді асыл қасиеттердің жиынтығынан тұрады.

Шәкәрім қажы адалдық турасында: «Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, Ғибадат пен адалдық ар үшін жи, - деп, бақыттың өзі адалдыққа негізделетінін айта келіп, адалдықтың ар біліміне қатысына да ерекше көңіл бөледі. 

Адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірінің соңына дейін әділдікті, адалдықты насихаттап, басқаларға іс жүзінде үлгі болып кетті. Алла Елшісінен (с.ғ.с.) тәлім-тәрбие, үлгі алған саңлақ сахабалардың өмірі де тұнып тұрған әділдік пен адалдық.

Әділдігімен, адалдығымен танылған халифа Омар (р.а.) бірде мемлекет қазынасынан барлық адамға мата таратады. Екінші күні мінберге шығып сөйлей бергенде бір сахаба тұрып: «Ей, Омар! Сен біздің алдымызда сөйлеуге хақың жоқ. Себебі, кеше қазынадан барлығымызға мата тараттың. Бірақ, сол мата киім тігіп алуға жетпеді. Ал өзің киім тігіп алыпсың. Бұл әділетсіздік!», – деген кезде Омар қасындағы баласына: «Ей, ұлым Абдулла, мұның жауабын сен түсіндіріп берші», – дейді. Сонда Абдулла: «Әкем кеше маған әрі өзіне екі мата әкелді. Ол мата не өзіне, не маған жетпеді. Кейін әкеме: «Сен елдің алдында көп боласың. Мынау жыртық жамау киіміңмен жүргенің ұят болады», – деп өз матамды берген едім. Осылай екі матаны қосып бір киім тігіп алып, сіздердің алдарыңызға шығып тұр», – деген. Сонда анау сахаба енді сөйлей бер деп рұқсат еткен еді. Бұл оқиға Омардың әділдігін, адалдығын, кішіпейілдігін, сабырлылығын, Алладан қаншалықты қатты қорқатынын, өзінің ісіне қаншалықты жауапкершілікпен қарайтындығын көрсетеді. Дана халқымыздың ұрпағына «ісінде адал болуды», «біреудің ала жібін аттамауды» насихат етіп келуінің бір сыры осында болса керек. Міне, осы секілді жұмысымызға әділдікпен, адалдықпен, жауапкершілікпен қарап, басқа біреу көріп тұрмаса да, Алла көріп тұр, ақыретке барғанда күнім не болады деген  оймен өмір сүру басты парызымыз.

Мақсот БАҒЫТЖАНОВ, Мəулімберген мешітінің бас имамы.

 

Толығырақ ...