Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Бас мүфти қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады (+ВИДЕО)

2019 жылдың 11 тамызы – Құрбан айттың бірінші күні!

 

Серікбай қажы ОРАЗ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

 

ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! 

Құрметті қауым!

Баршаңызды қасиетті Құрбан айттың келуімен құттықтаймын. Айт қабыл болсын! Отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс пен ынтымақ, Алланың амандығын тілеймін!

Құрбан айт – исі мұсылманның ұлық мейрамы. Айт күндері ағайын-жұрт бір-біріне: «Айт қабыл болсын!» айтып, ізгі тілектерін жеткізіп, алғыстарын жаудырады. Осы ретте сіздерге ізгі ниетпен Жаратқанның жақсылығын тілеймін.

Туыс пен бауырға, көрші мен дос-жаранға айттап бару, қадірлі қонаққа айттық беріп, үлкеннің алғысы мен батасын алу – сонау заманнан жалғасып келе жатқан мұсылмандық дәстүріміз. Осы игі дәстүрді қоғамда қайта жаңғыртып, жастарға үлгі-өнеге көрсетуге шақырамын!

«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді. Мұсылман баласы айт күні құрбандық шалу арқылы Аллаға деген ақ ниетін паш етеді.

Өйткені, Алла Тағала қасиетті Құранда:

«Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп адал ниеттің маңыздылығын атап өткен.

Ардақты ағайын!

Құрбан айтта орындалатын ең қайырлы амал – құрбан шалу. Айт күні жағдайы бар кісілер құрбан шалып, оны қараусыз қалған қариялар мен жетімдерге, көпбалалы отбасыларға таратып, сауап алуға тырысады. Алайда, айт күндері мал бағасы қымбаттап кететін жағдай жиі орын алады. Осы ретте отандастарымды мал бағасын шарықтатпай, пайдаға емес, сауапқа бөленуге үндеймін. Өйткені, Құрбан айт – қанағат пен қайырымдылықтың мерекесі.

Ұлық мейрамда жасайтын барша сауапты амалдарыңыз, қайырымдылық істеріңіз қабыл болғай! Қасиетті Мекке қаласында қажылығын өтеп, еліміздің игілігі үшін дұға жасап жатқан ата-апаларымыздың, бауырларымыздың тілегі қабыл болғай!

 

Алла Тағала баршамызды айттан айтқа аман-есен жеткізіп, ізгі істер мен қуанышты сәттерде басқосуымызды нәсіп еткей! Әмин!

Толығырақ ...

Бас мүфти Құрбан айт қарсаңында алқалы жиын өткізді

  islam-atyrau.kz/9 тамыз, 2019 жыл. Елордада Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың төрағалығымен қасиетті Құрбан айтқа дайындық жұмыстарына арналған алқалы жиын өтті.

Жиынға ҚМДБ Төрағасының Бірінші орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти Бауыржан қажы Әбдірашұлы, ҚМДБ бөлім меңгерушілері мен қызметкерлері қатысты.

Жиналыста Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы әр бөлімнің қызметкерлеріне өзіне жүктелген міндет пен қызмет аясында Құрбан айт мерекесі кезінде ұйымдастыру шараларына белсенді түрде атсалысуды тапсырды.

Жиын барысында Наурызбай қажы Тағанұлы Елорда бойынша мешіттер мен дін қызметкерлерінің ұлық мейрамға дайындық жұмыс-жоспарлары жайында баяндады. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша белгіленген 7 орында құрбандық шалуға болатынын хабардар етті.

«Құрбан айт – исі мұсылманның ұлық мейрамы. Біз Құрбан айт күні атқарылатын шараларды жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Әр қызметкер өз саласы бойынша жұмыстарды сапалы түрде орындауы қажет», – деп атап өтті Бас мүфти.

Кездесу соңында ҚМДБ қызметкерлеріне нақты тапсырмалар берілді.

 

Толығырақ ...

Құрбан айт – ұлық мереке

Құрбан - араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы — «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.

Толығырақ ...