Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Мешіт әдептері туралы не білеміз?

1. Тазалық сақтау

Алланың Елшісі (): 

«Кімде-кім үйінен дәретін толық алып, кейін адамдармен бірге немесе жамағатпен бірге мешітте парыз етілген намазды оқу үшін шықса, бір қадамы күнәсін кешірсе, екінші қадамы дәрежесін өсіреді»-деген. (Муслим).

Яғни, көпшілікке белгілі болған нәрсе адам әдетте белгілі бір кездесуге немесе көпшілік жиналатын орынға, әсіресе сол кездесу, не отырыс оның жүрегінде елеулі орын алған бір құрметті кісімен болатын болса, онда ол ондай жерлерге бару үшін мүмкіндігінше әдеміленіп, алдын ала дайындық жасайды. Сол секілді мұсылмандар парыздарын өтеу үшін Алланың үйіне жиналып, алдын ала дайындық жасап, тазаланып, әдемі киімдерін киіп, жұпар иісті сеуіп бару керек.

2. Жаман иіспен мазаламау
Кімде кім намаз оқушыларға жағымсыз иіспен зиян тигізген болса, періштелерге де зиян берген болады. Жабир атты сахабадан (Алла одан разы болсын) келген хадисте: Пайғамбарымыз (
) «Кім сарымсақ не пияз жеген болса, біздерге жақындамасын немесе біздің мешітімізге жақындамай үйінде отырсын»-деп қатаң түрде ескерткені бар.(Бұхари)

3. Намазға ерте келу

 Пайғамбарымыз () өзінің үмбетін мешітке ертерек шығуға шақырған. Мысалға Абу Һурайрадан (Алла одан разы болсын) келген хадисте Пайғамбарымыз (): «Егер адамдар азан айту мен бірінші сапта намаз оқудың сауабын білсе еді, әрі сол сауапқа жету үшін таласты тек жеребе тастаумен ғана шешуге болатын болса, жеребе тастар еді. Егер мешітке ерте барудың сауабын білсе еді, онда оған жету үшін жарысар еді. Әрі егер құптан мен таң намазында қандай сауаптың бар екенін білген болса, онда оған еңбектеп болса да келер еді» деген. (Бұхари).

4. Шынайы ықыласпен келу (яғни Алла разылығы үшін)

 Пенденің намазға ертерек асықпай келуі, оның намазды толық бойұсынушылықпен және Раббысына шынайы беріле орындауына мүмкіндік тудырады. Ал керісінше кім намазға ентіге, асығып келсе, бұл нәрсе оның тынысының тездетіліп, ойының шашырап, намаздағы болған қорқынышы мен ықыласын кемітеді. Пайғамбарымыз () өзінің бір сөзінде намаз басталып кеткен болса да, оған жүгіре ентігіп, асығып келуден тиған. Бұған дәлелді Абу Қатададан (Алла одан разы болсын) келген хабардан көреміз. Ол кісі былай дейді: «Біз бірде Пайғамбармен () бірге намаз оқып жатқанымызда, бір кісілердің асығыстықпен келгендіктен, топырлаған аяқтарының дауыстары естілді. Пайғамбарымыз () намазын бітіргеннен кейін: «сендерге не болды?» – деп сұрады. Олар: «біз намазға асыққан едік»-деді. Сонда Пайғамбар (): «Ендігіде олай істемеңдер. Егер намазға келген болсаңдар асығып, аптықпаңдар. Намаздан үлгерген ракағаттарыңды оқып, ал үлгермеген ракағаттарыңды толықтырып бітіріңдер» - дейді. (Бұхари).

5. Мешітке келерде дұға ету

 Намазға шыққан адам Пайғамбарымыздың () мешітке шыққан кезде оқыған дұғасын айтқан абзал. Бұған дәлелді Ибн Аббастың өзінің нағашы әпкесі Маймуна анамыздың үйіне қонған кезде көргенін хабарлаған хадистен табамыз. Сол хадисінің соңында Абдуллаһ ибн Аббас былай дейді: «Біләл (Алла одан разы болсын) келіп, Пайғамбарды  намазға шақырып кетті. Ол кісі түндегі дәретін жаңаламастан тұрып намаз оқыды. Және ол кісінің мешітке бара жатқандағы дұғасы: «Иә Алла менің жүрегіме нұр ұялат, көзімді нұрландыр, құлағымды нұрландыр, менің оңымды және солымды нұрландыр, үстімнен және астымнан нұрыңды төге гөр, алдымнан және артымнан да нұрыңды жаудыр»- деген сөз болды. (Муслим).

6. Мешітке оң аяқпен кіріп, сол аяқпен шығу

 Мешітке оң аяқпен кіру керек. Өйткені Пайғамбарымыз () солай істейтін әрі мешіт құрметті орындардың бірі. Мүбарак хадисте: «Пайғамбар () барлық істе оңды жақсы көретін, дәрет алғанында, киінгенінде, жүргенінде» делінген.(Бұхари)

 7. Сәлем намазын оқу

Мешітке кіргенде отырмастан алдын, екі ракағат мешітке сәлем намазын оқып алу Пайғамбарымыздың () сүннеті. Расулалла () былай деген: «Сендердің біреулерің мешітке кірсе отырмастан бұрын екі рәкағат намаз оқысын»(Бұхари). Әбу Ханифа мазһабы бойынша намаз оқу мәкруһ уақыттар мен жамағат парыз намазын бастап кеткен кезден басқа уақыттарда оқылады.

 Мешітте намазды күтіп отыру абзал істерден. Оның абзалдығын Пайғамбардың () мына хадисінен көре аламыз: «...Кімде-кім мешітке кірсе, және оны онда ұстап тұрған нәрсе намазы болса, онда ол адам намазда болып есептеледі. Сендердің біреулерің намаз оқыған жерінен тұрып кетпейінше, періштелер оған: "Ия, Алла! Оны рахметіңе бөле, Ия Алла! Оны кешіріп, жарылқа. Ия Алла! Оның тәубесін қабыл ет»- деп тілейді. (Муслим).

 8. Мешітте дауыс көтермеу

Өйткені мешіт ондай істер үшін құрылған емес. Мешіт Алланы еске алу, Құран, намаз оқу, және адамдарға дін әмірлерін үйрету сияқты істер үшін арналған орын.Сайб ибн Иазид деген кісі былай дейді: «Мешітте тұрған едім бір кісі мені таспен түртті, қарасам Омар ибн Хаттаб екен. Ол кісі маған: «Анау екеуін шақырып келші»-деді. Ол екеуін оған алып келдім. Сонда Омар ол екеуіне: «Кімсіңдер» немесе «Қайдан боласыңдар»-деді. Олар: «Тайф елінен боламыз»,-деді. Оларға Омар: «Егер сендер қаламыздан болғандарыңда (яғни, Медина қаласының тұрғындары болғандарыңда), Алланың елшісінің мешітінде дауыстарыңды көтеріп сөйлегендерің үшін, қаттырақ ұрып ескертер едім»- дегені бар. (Бұхари).

9. Мешітте халал дүниелерді ғана сөйлеу 

Мұсылман кісінің өзінің мұсылман бауырымен мешітте рұқсат етілген дүние сөздерімен сөйлесуі күнә емес. Өйткені Пайғамбарымыз () өзі де, оның сахабалары да мешітте дүние істері жайында әңгімелесетін еді. Саммағ Ибн Харб Жабир Ибн Самраға:

- Пайғамбармен () бірге отыратын ба едің, - деп, сұрақ қояды. Ол:

- Ия, Пайғамбар () көбіне таң намазын оқыған соң орнынан күн шыққанша қозғалмайтын еді. Күн шыққанда орнынан көтерілетін әрі сахабалар сол кездерде бір-бірімен әңгімелесетін. Жаһилетте болған істерді еске алып күлісетін. Пайғамбарымыз () да естіп күлімсірейтін еді.(Муслим).

Бірақ мешітте рұқсат етілген дүние істерімен әңгімелескен кезде мына нәрселерді естен шығармау керек. Олар:
1. Маңайындағы намаз оқушыларға, Құран оқушыларға, іліммен шұғылданушыларға азар беріп, мазаламау керек.
2. Мешітте дүние істерімен әңгімелесуді әдетке айналдырмау қажет.
3. Сол әңгіме барысында өтірік, ғайбат, өсек сияқты харам етілген күнәлі сөздер мен істерге өтіп кетпеу керек.
4. Әңгімені ұзаққа созбау керек.

5. Сауда-саттық сөздерін айтпау керек.

 10. Мешітке келгенде имамға бойұсыну

Ислам ғұламалары:  «Намаз оқушы адам имамның дінге жаңалық енгізуші немесе анық пасық екені белгілі болса да, ол имам сол мешіттің күнделікті имамы болатын болса, онда мұсылмандар сол имамның артынан намаз оқуға міндетті. Бұл әуелгі буынның да, кейінгі буынның да пікірі» - деген. Бұл мәліметтер мұсылмандардың жетекшісі болып табылатын имамдардың иман және білім деңгейлерінің қаншалықты екеніне қарамастан, оларға ұю қажет екенін дәлелдейді. Мұның бәрі мұсылмандар бірлігінің мызғымай тұруына игі әсерін тигізеді.  Пайғамбарымыз (): «(Имамдар) сендермен намаз оқиды. Егер олар дұрыс жасаса, онда сендерге де, оларға да сауап бар. Ал егер олар қате жасаса, онда сендерге сауап, ал оларға күнә болмақ» -деген. (Бұхари).  Осы хадистің түсіндірмесінде Имам Ибн Әбул-Изз Әл-Ханафи (оған Аллаһтың мейірімі жаусын): «Бұл егер имам қате жасаса  оның зияны оған ерушілерді емес, имамның өзін табатыны  жайындағы анық  мәтін» - деген..

Қорыта айтқанда мешіттің әдептерін сақтау, әрбір саналы мұсылманның басты міндеттері екенін жадымыздан шығармауымыз қажет. Алла Тағала ықыласпен жасаған құлшылықтарыңызды қабыл етсін!

 

Нұрбек ИБАЙДУЛЛАЕВ,

Жылыой мұсылмандар мешітінің наиб имамы.

Толығырақ ...

«АСТАНА» МЕДРЕСЕ-КОЛЛЕДЖІНІҢ ҚЫЗДАР БӨЛІМІ АШЫЛДЫ

  islam-atyrau.kz/10 қыркүйек, 2019 жыл. Елордада «Астана» медресе-колледжінің қыздар бөлімінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Білім ордасының ашылу шарасына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов, қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазықызы, елордалық имамдар мен дінге жанашыр қала тұрғындары қатысты.

Бас мүфти жаңа орталықтың ашылуымен құттықтап, ел астанасында тұңғыш ашылған білім ордасының руханиятымыздағы маңызы жайында тоқтала келе:

«Әйел-аналарымыз жан-жақты білімді болса, болашақ ұрпақты да солай тәрбиелейді. Жаңа медресемізді ашудағы негізгі мақсат – дәстүрлі дінімізді салтымызбен сабақтастырып, тарихи, рухани құндылықтарымызды дәріптейтін мамандар тәрбиелеу. Бүгінде еліміз бойынша 1500 шәкіртіміз университетте оқып жатыр, 2500-ге жуық шәкірт орта білім беретін медресе-колледждерімізде білім алуда. Демек, біз отандық кадрларды даярлауға толыққанды мүмкіндігіміз бар. Біз сырттан келетін діни кадрлар мен шетелдік теологтарға мұқтаждықтан толықтай арылдық», – деп атап өтті.

Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы қыздарға арналған оқу ордасының ашылуымен құттықтап:

«Абай атамыз отыз жетінші қара сөзінде «Адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» дейді. Елге қызмет ететін, жеті жұрттың қамын жейтін адамның баласын тәрбиелейтін жан міндетті түрде иманды болуы керек. Тәуелсіздік қазаққа не берді десек, әуелі қираған мешіттерімізді қалпына келтірді деп қуанышпен айта аламыз. Елдің қамын ойлайтын тұлға алып анадан туады. Осы жерден алып аналар шығуына тілектеспін», – деді.

Ғимаратта оқу залы, асхана, жатақхана, алғашқы медициналық көмек көрсететін бөлме, ұстаздар кабинеті бар. Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет ашылған оқу орталығына биыл 21 шәкірт білім алатын болады.

 
Толығырақ ...

Шәкірттер "Хасеки" академиясына оқуға аттанды

  islam-atyrau.kz/10 қыркүйек, 2019 жыл.  Елордада Бірінші наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Хасеки» академиясына қабылданған шәкірттермен кездесті.

Білім сапарына аттанған шәкірттерге батасын беріп, сәттілік тіледі. Кездесуге, Түркия Республикасының Нұр-Сұлтан қаласындағы елшілігінің Дін істері жөніндегі кеңесшісі Галип АКЫН, ҚМДБ Аппарат жетекшісі Ғылымбек Жәдігерұлы, ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев қатысты.

Айта кетейік, Түркия Республикасы Дін істері басқармасы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни қызмет саласындағы ынтымақтастық туралы 2007 жылғы 29 қазандағы келісім негізінде қазақстандық шәкірттер 2014 жылдан бері Хасеки академиясында діни білімдерін жетілдіріп келеді. Биылғы 2019-2020 оқу жылына аталмыш академияға 18 шәкірт қабылданды. Қазіргі таңда 43 тәлімгер білім алуда. 

 

 
Толығырақ ...