Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Неке қиюдың дініміздегі орны

Барша мадақ-мақтаулар ұлы Раббымыз Алла Тағалаға болғай! Жаратқанның игілігі мен сәлемі ардақты Алла Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.), оның отбасына, сахабаларына, сондай-ақ барша игі мұсылмандарға болғай!

Неке – отбасын құрудың негізі болып табылады. Неке ер мен әйелдің өз еріктерімен өмір бойы бірге өмір сүруін қамтамасыз ететін, бірін екіншісіне адал ететін материалдық-рухани байланыс.

Ислам дінінде отбасын құрудың алғашқы шарты неке қидыру болып табылады. Неке қиюдың өз алдына тиісті шарттары бар. Ал, некесіз екі жастың қосылуына Ислам діні қатаң тыйым салады. Қазіргі күнде кейбір жастар некеге мән бермей, бастауын батыстан алатын азаматтық некеге әуестеніп алған. Мұны неке деп те айтуға ауыз бармайды, мұнда ешқандай жауапкершілік те жоқ. Бір-бірін сынау мақсатында бір шаңырақта есеппен өмір сүреді. Бүгінгі күні осындай жалған некеден қаншама адамдар зардап шегуде. Оның салдарынан мыңдаған отбасылар бұзылып, қаншама балалар тірі жетімге айналуда. Жезөкшелік пен азғындық артып, қауіпті аурулар пайда болуда. Ал, адамзатты адалдық пен тазалыққа үндейтін, әр мәселеге даналықпен қарайтын Ислам діні болса неке қиюды діннің талабы етіп қойған. Неке – отбасын құрудың негізі, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Неке – ер мен әйелдің өз еріктерімен бірге өмір сүруін қамтамасыз ететін, бірін екіншісіне адал ететін байланыс.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Біз әр нәрсені жұп-жұбымен жараттық, бәлкім ойланарсыңдар» делініп, әрбір нәрсенің жұптаса өмір сүретіндігін көрсетеді. (Зарият сүресі, 49-аят). Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің хадистерінің бірінде: «Ей, жастар қауымы! Кімнің мүмкіндігі жетсе үйленсін. Себебі үйлену көзді харамнан, абыройдың жоғалуынан ең жақсы қорғайтын нәрсе» деп отбасын құрудың жеке адам үшін де, қоғам үшін де пайдалы екеніне, адамды жауапкершілікке тәрбиелейтініне назар аударады.

Некелесу ерге де, әйелге де белгілі бір жауапкершіліктерді жүктейді. Ер адам – отбасының асыраушысы, ол әйелі мен баласын материалдық және рухани тұрғыдан қамтамасыз етуге міндетті болса, әйелдің міндеті – күйеуіне бағыну, өзін күнәлі істерден сақтау, ерінің тапқанына иелік ету. Мұсылман отбасында ерлі-зайыптылардың міндеттері мен орны діни және ұлттық салт-дәстүрмен бекітілген. Шариғатымызда: «неке – шаңырақ көтеруші ер мен әйелдің ұсыныс және қабылдау арқылы сөз байласуы» болып саналады. Яғни, неке қидыру дегеніміз – үйленуге кедергісі жоқ екі жастың куәгерлердің алдында сөз байласуы арқылы адал жолмен қосылып, перзентті болып, шаңырақ көтеруі деген ұғым.

Әнәс ибн Мәлик (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Адам баласы некеге тұру арқылы иманын кәміл етеді. Иманын кәміл ететін некеге немқұрайлы болудан Алла Тағаладан қорықсын!» деген сөзін жеткізеді. Міне, сондықтан да Ислам дінінде неке адам өміріндегі маңызды бір құлшылық іспетті. Неке ұлы сауаптарға жетелейтін ғибадат болып саналады. Ибн Хуммам (р.а.): «Неке ғибадатқа етене жақын. Үйлену – құлшылық үшін бойдақ қалудан әлдеқайда жоғары», - деген, үйленуде Алла Тағаланың алдында құлшылықтың бір түріне жататыны белгілі. Сонымен қатар үйлену жауапкершілікті талап қылатын адам баласының өмірінің бір негізі ол – отбасын құру, одан ізгі ұрпақ өрбіту.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сендерге өз араларыңнан жұбайлар жаратып, сүйіспеншілік пен мейірім салуы да Алланың белгілерінің бірі. Ой жүгірте білетін қауым үшін мұнда көп ғибрат бар» (Рум сүресі, 21-аят) делінген. Ендеше, үйлену, отбасын құру адамның жаратылысымен астасып кеткен бір нығмет. Дана бабаларымыз: «Отан отбасынан басталады» десе, халқымыз «ақ неке», «адал жар» деген ұғымдармен отбасының, некенің қасиеттілігін ардақтай білген.

Әрбір жанұя өзінше бір Отан. Оның басшысы отбасының қамқоршысы мен тіреуі – ер адам. Адамзаттың абзалы ардақты Елші Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисінде: «Ер кiсi отбасының бақташысы. Сондықтан да ол  –  қол астындағыларға жауапты»деген.(Бұхари, Мүслим). Отбасы босағасының берік, шаңырағының биік болуы, ондағы жанұя мүшелерінің тату-тәтті өмір сүруі – бір-бірлерінің алдындағы құқықтар мен міндеттерді орындауларына тікелей байланысты.

Дана халқымыз: «Екi жақсы қосылса, өлгенiнше дос болады. Екi жаман қосылса өлгенiнше өш болады», – деп тектен тек айтпаса керек. Ерлі-зайыптылардың түндігі бүтін, түтіні түзу бақытты отбасы қатарынан табылуы үшін бір-бірлеріне қатысты құқықтар мен міндеттерді біліп, оларды іс жүзінде жүзеге асыруы қажет.  Өкінішке орай, «Үйлену оңай, үй болу қиын» – демекші, бүгінгі күнде ажырасқан отбасылар қатары көбейіп келеді. Бірін-бірі шынайы сүйеміз деп «екі жарты, бір бүтін» болып шаңырақ көтерген екі жастың арасына жік түсіп, бір-біріне деген ыстық сезімдерін жоғалтып, шаңырақтың шайқалуына нендей нәрсе себеп болды екен?»  деген сауалдың астарында көбінесе ер мен әйел бір-бірлерінің алдындағы міндеттерін орындамаудан туындап жатады.

Ер мен әйелге қатысты міндеттердің ең маңыздысы асыл дінімізде көрсетіп және үйретіп кеткен. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ерлердің әйелдердегі хақылары сияқты, әйелдердің де ерлерінде белгілі хақылары бар» - деп айтқан.  Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Шын мәнінде, әйелдерiңнiң сендердiң алдында және сендердiң әйелдерiңнiң алдында тиiстi мiндеттерiң бар» - деп ескертті. Жаратқан Иеміз қасиетті Құран аяттарында, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асыл хадистерінде көрсеткендей мұсылман ерге әйелінің алдында бірнеше  міндеттері бар екенін көреміз.

Қазіргі кездегі кейбір жастардың отбасын құрып, оны сақтау мәселесіне атүсті қарап, тіпті оны ойыншыққа айналдырып бара жатқаны көңіл қынжылтарлық жағдай болып отыр. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүбәрак хадистерінің бірінде: «Алла Тағала адал  еткен  істің  ішіндегі  ең  жағымсызы – ажырасу» (Байһақи) деген. Демек, рұқсат берілген күнде де, талақтың Алла құзырында ұнамсыздығы мәлім болады.

Ислам дінін үмбетіне жеткізіп, ең кемел бейнеде үйреткен Алла Елшісі (с.ғ.с): «Ләззат алу 

мақсатымен  ғана жиі-жиі әйел  ауыстырған  еркектерге, күйеуден  күйеуге  жүрген  әйелдерге  Алла  лағынет  етсін», - деп, отбасын сақтаудың қаншалықты маңызды екенін соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп кеткен болатын. Алла Тағаланың рұқсатынсыз тіпті бір жапырақ та үзілмейді. Солай болғанда тоғысқан тағдырлар иесі - ерлі-зайыптылар да Алланың тағдыры екендігі күмәнсіз.

Жұбайының қиын мінезі немесе денсаулығының нашарлығы, ризық несібесінің тарлығы, күйбең тіршіліктегі көлденең шығып отыратын көп кедергілер де тек Алланың сынағы деп білген жөн. Перғауындай адамзат тарихындағы ең азулы Алла дұшпанымен бір некеде бола тұра Жәннаттағы сарайын тірі кезінде көріп сүйіншіленген Әсия анамыз бен пасық қауымның күнәсына ортақ болған әйелдерді өз некесінде соңына дейін ұстаған Нұх, Лұт (Оларға Алланың сәлемі болсын) пайғамбарлардың өмірі бұл тұрғыда біздер үшін теңдессіз өнеге.

Айрылысуға не себеп болса да, тек шәһуат қуалаған арзан құмарлық болмауға тиіс. Бір отбасыны күйретіп кетпес бұрын мұны істемек болған адам Алланың алдында айтар уәжінің қандай болатынын ойлануы тиіс. Ең әуелі мынаны жақсы білуге міндеттіміз - ажырасу үкімі халал, яғни, рұқсат етілгенімен халалдардың ішіндегі Алла Тағалаға ең жек көрінішті амал болып есептелінеді. Ол тек басқа амалы қалмаған жұптарға шарасыздықтан жүгінетін ең соңғы шешім ретінде ғана берілген мүмкіндік.

Ақ некемен құрылған шаңырақ – Алланың адамзатқа сыйлаған мейірімі, оны сақтауға сіз бенен бізге әрқашан мүмкіндік берілген.  Сондықтан асыл дініміз насихат еткен некенің орны өте ерекше.

Қорыта айтар болсақ, неке қию – жеңіл-желпі қарауды көтермейтін діни әрі ұлттық мәселенің бірі. Отанды құрайтын отбасы құндылықтарының бұзылуына жол бермеу еліне жанашыр әрбір азаматтың міндетіне айналуы тиіс.  Алла Тағала елімізге амандық, денімізге саулық, отбасыларымызға береке-бірлік бергей! Әумин.

 

Біләл САҒЫНДЫҚОВ,                                                                                       

Мақат ауданы орталық мешітінің бас имамы.

 

 

Толығырақ ...

Имам Әбу Мансурәл-Матуриди және оның ғылым жолындағы ұстаздары

 

Имам Матуридидің толық аты-жөні Әбу Мансур Мухаммад ибн Мухаммад ибн Махмуд әл-Матуриди ас-Самарқанди әл-Ансари. Ол өзі туылған ауылы Матуридке телініп, «әл-Матуриди» деп аталған. Матурид – Өзбекстан мемлекетіндегі Самарқанд маңындағы қалашық.

Матуридидің өз аты − Мухаммад, лақап аты − Әбу Мансур. Өз есімімен қоса Шейх, Шейху-л ислам, Имаму-л Һуда (тура жол көсемі, һидаят көшбасшысы), Аләму-л һуда (тура жолға бағыттаушы, һидаят туы), Раису мәшаайхи Самарқанд (Самарқанд шейхтерінің басшысы), Имаму Әһли ас-сунна (Әһли сүннет имамы) және Имамуль-мутакаллимиин (Кәламшылар имамы) деген сияқты лақап аттармен де кеңінен танылған.

Сондай-ақ, кей дереккөздерінде оның аты көбіне «Әбу Мансур әл-Матуриди», «Әбу Мансур әс-Самарқанди», Әбу Мансур әл-Матуриди әс-Самарқанди, «аш-Шейх Әбу Мансур» және «аш-Шейх әл-Имам Әбу Мансур әл-Матуриди» деп те кездеседі.

Ғұламалардың арасындағы беделіне және ғылымдағы орнына қарамастан, имамның қай жылы дүниеге келгендігі туралы және тегі туралы нақты мәлімет жоқ. Бірақ, зерттеушілер оның ұстаздарының өмір сүрген уақытына қарай отырып, бірнеше болжам айтқан.

Кей зерттеушілер оның Әбу Ханифа қайтыс болғаннан кейін бір ғасырдан астам уақыт өткен соң туылған десе, кейбірі 235/850, 238/853 және 248/862 жылдары, кейбір тарихшылар алғашқы ұстаздарының бірі Нусайр ибн Яхияәл-Балхи 882 жылы дүниеден өткен. Ал, имам Матуриди одан шамамен 20 жасында білім алған болса, 863 жылы дүниеге келген деген болжам айтады. Егер де оның Мұхаммед ибн Муқатиль ар-Разиге шәкірт болған жылдарды ескерсек, Матуриди шамамен 238/853 жылдары туған болуы мүмкін деген болжам айтуға болады.

Мұның барлығы тарихшылар тарапынан жасалынған болжамдар ғана. Осы болжамдарды саралай келе имамның Аббасит халифаты әл-Мутауаккилдің (232-247) билік құрған тұсында дүниеге келгенін байқаймыз. Имам хижра жыл санағы бойынша үшінші ғасырда дүниеге келіп, 333-жылы Самарқанд қаласында дүние салған.

Ол қазіргі Өзбекстан мемлекетінің Самарқанд қаласындағы "Матурид" деген ауылында дүниеге келіп, сол жерде өскен. "Әл-Матуриди" лақап аты да осы туылған жеріне телінеді. Сондай-ақ, оның Самарқанд қаласының Чакардизе зиратына қойылғаны белгілі. Осы Чакардизе зираты тек ғұлама адамдар ғана жерленген мазар ретінде танылған.

Исламның сунниттік бағытындағы ең ірі екі кәләм мектебінің негізін қалаған қос ғалымның бірі Имам әл-Матуриди болса, енді бірі Имам әл-Әшғари. Аталмыш екі ғалымның атымен аталатын «матуридилік» және «әшғарилік» сенім мектебі. Бірақ, солай бола тұра Имам Әшғари туралы және оның сунниттік көзқарастары туралы мағлұматтар Имам Матуридиге қарағанда кеңінен таралған. Әрі «мәлики» мен «шафиғи» мәзхабын ұстанушылар тараған аймақта да Имам Әшғари туралы кең тараған. Ал, Имам Матуридиге келетін болсақ, оның көзқарастары мен мектебі «ханафи» мәзхабы таралған аймақтарда ғана кеңінен таралған.

Матуридитанушы ғалымдар бұл мәселенің неліктен бұлай болғандығын бірнеше себептерді атай отырып түсіндірген. Негізі мұның себебі, сол кездегі тарихи және географиялық жағдайлармен тікелей байланысты. Өйткені, әл-Матуриди Иракта емес немесе ислам әлемінің орталығында емес, Ойкуменаның ең шығысындағы Самарқандта өмір сүрген. Өзінің еңбектерін де сонда жазған. Батыс аймағындағыларды, әсіресе, бағдаттықтарды аса қызықтырмағандықтан, әл-Матуриди алғашында тек қана Самарқандта және туылған жері Мауараннаһрде танымал болған. Дегенмен, V/XI ғасырдың ортасында селжұқтардың солтүстік-шығыстан орталық аудандарға келуі жағдайды өзгертті. Олардың алға жылжуы арқылы Мауараннаһр теологиясы орталық аймақтарға таралған.

Бізге жеткен деректерге қарап, оның үлкен ғалым ретінде жетілуіне көптеген ғұламалардың септігі тигендігін байқаймыз. Әрі оның жастайынан ғылымға құштар, өте ынталы да, қабілетті шәкірт болғанын және өз заманындағы үлкен ғалымдардан тәлім алғанын көреміз. Ол негізгі білімін Самарқандтағы «Даруль-Жузжания» деп аталатын ханафилерге тиесілі білім ордасынан алған.

Имам Мұхаммед аш-Шайбани мен Әбу Юсуфтың шәкірттерінен ілім алған Матуриди ғұмырының соңына дейін діни тақырыптарда зерттеулер жасап өтті. Тәпсір, кәлам, фиқһ фиқһ әдістемелері салаларында маңызды еңбектер қалдырып, көптеген шәкірттер тәрбиелеген. Ханафи мәзһабын еңбектері мен шәкірттерінің дәнекерлігімен жайған. Осы тұрғыда, ол Ханафи мәзһабының имам Ағзамнан кейінгі екінші үлкен ғалымы деп танылған.

Имамның оқу-білім іздену жолында дәріс алған ғалымдар тізімін, негізінен Имам Ағзам Әбу Ханифаның көзқарастарын құптап, мәзһабын ұстанушылар құраған.

 Олар: 1. Әбу Бәкр Ахмад ибн Исхақ ибн Салих әл-Жузжани әл-Бағдади (шамамен IX ғ. екінші жартысы)

Әбу Бәкр әл-Жузжани Жузжанда дүниеге келген. (Жузжан ‒ ортағасырда Мауараннахр аймағына кірген, қазіргі Ауғанстанның солтүстігінде орналасқан 9 Түркменстанмен шекаралас өңір. Бұл өңірден Мауараннахр ханафи мектебінің негізін қалаған белді ғалымдар шыққан.) Әбу Бәкір әл-Жүзжани имам Әбу Юсуф пен Мұхаммед әш-Шайбанидан тікелей дәріс алған Әбу Сулеймен әлЖүзжанидің шәкірті болған. Әбу Бәкір әл-Жүзжани «Китабул-Фарқ уәтТамизи», «Китабут-Таухид», «Тамиз», «Китабут-Тауба» сынды еңбектердің авторы. Ол самарқандтағы ханафи мектебінің дамуына мұрындық болған ғалым ретінде танылады.

2. Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Муқатил ар-Рази (ө.248/862ж.) Әбу Ханифаның маңдайалды шәкірттері имам Мухаммад аш-Шайбани, Әбу Мути‘ әл-Хакам ибн ‛Абд Аллаһ әл-Бәлхи және Әбу Муқатил Хафс ибн Муслим ас-Самарқандиден сондай-ақ әйгілі хадисші Уәқи‛ ибн әл-Жәррахтан (қ.ж.812) тәлім алған ар-Рази Рейде қазылық атқарумен қатар, Әбу Ханифаның пікірлерін кеңінен насихаттаған. Сондай-ақ, Мұхаммед ибн Әли әл-Хаким ат-Тирмизи және Имам Бұхари сынды ғалымдарға дәріс берген. Оның «әлМудда‛а уә-л-мудда‛а ‛алейһ» атты еңбегі болған.

3. Әбу Наср Ахмад ибн әл-‛Аббас әл‛Ийади (қ.ж. шамамен 890)

Нәсәфидің еңбегінде оның шежіресі былай келтірілген: Әбу Наср Ахмад ибн әл-‛Аббас ибн әл-Хусеийн ибн Жәбәлә ибн Ғалиб ибн Жәбир ибн Нәуфәл ибн ‛Иад ибн Йахйа ибн Қайс ибн Са‛д ибн ‛Убадәт әл-Ансари. Осы шежіреге қарап, оның әйгілі ансарлық сахаба, мәдиналық Хазраж тайпасының көсемі Са‛д ибн ‛Убадәт әл-Ансаридің тікелей ұрпағы екенін көреміз. әл‛Ийади фиқһ ілімін Матуридимен бірге Әбу Бәкр әл-Жузжаниден оқыған. әл‛Ийади діни ілімдер арасынан кәләм іліміне өте жетік болған. Ол «Китәб ал-мусаннаф фи мәсәләт ас-сифат» атты Алланың атрибуттарына қатысты еңбек жазып, онда муғтазилиттер мен нәжжәриліктердің пікірлерін сынға алып, сунниттік сенімді жақтаған.

4. Нусаийр ибн Йахйа әл-Бәлхи (қ.ж.888)

Фиқһ ілімінің білгірі әрі тақуа ғалым болған Нусаийр ибн Йахйа әл-Бәлхи имам Мухаммад аш-Шайбани мен Әбу Юусуф әл-Ансаридің шәкірті Әбу Сулейман әл-Жузжаниден тәлім алған. Сондай-ақ ол Әбу Мути‛ әл-Хакам ибн ‛Абд Аллаһ әл-Бәлхи және Әбу Муқатил Хафс ибн Муслим ас-Самарқандиден де тәлім алған болуы мүмкін. Өйткені, дереккөздерден оның Әбу Ханифаның «әл-Фиқһ әл-әбсат» атты еңбегін Әбу Мути‛ әл-Бәлхиден риуаят еткені белгілі. Сонымен қатар ол әйгілі хадисші Ахмад ибн Ханбалмен де кездескен. Сондайақ ол Имам Ағзамға тиесілі «Рисәлә илә ‛Усман әл-Бәтти» атты еңбекті Мухаммад ибн Сәмә‛ әт-Тәмимиден алып, Бәлхке жеткізген алғашқы ғалым. Аталмыш мәліметтерге қарап оны Әбу Ханифаның ілімі мен ғылыми тұжырымдарын Бәлхке жеткізген әрі сонда жайған ғалым ретінде қабылдауға болады. Матуриди одан Әбу Ханифаның еңбектерін риуаят еткен.

Имам Матуриди осы секілді Ислам ғұламаларынан дәріс алған еді.Сондай-ақ Имам Матуридидің ұстаздарының силсиләсі имам Ағзам Абу Ханифаға барып тіреледі.

 1. Әбу Ханифа (150/767)

2. Әл-Имам Әбу Абдуллаһ Мұхаммед әл-Хасан аш-Шайбани (189/804)

3. Әбу Сүлеймен Мұса әл-Жүзжани

4. әл-Фақиһ әл-Имам Әби Абдуллаһ ибн Әби Бәкір әл-Жүзжани (285/898)

 5. Әш-Шейх әл-Фақиһ Әбу Бәкір Ахмед ибн Исхақ әл-Жүзжани (III/IX ғасырдың екінші жарты жылдығы)

6.Әбу Насыр Ахмед ибн әл-Аббас әл-Ийади (260/874)

7.Әбу Мансур әл-Матуриди.

Әһли сүннеттің ақидаға байланысты саласында алғашқы еңбек пен зерттеуді қолға алғандардың ішіндегі көрнекті өкілдердің бірі - Имам Ағзам Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабит. Имам Ағзам Әбу Ханифа фиқһта Ханафи мәзхабының негізін салушысы ретінде ақидаға байланысты көптеген құнды пікірлер айтып кеткені белгілі. Имам Ағзам 699 жылы Куфа қаласында дүниеге келеді. Ұстазы Хаммад ибн Әби Сүлеймен (өл.120/737) Куфа мешітінде ұзақ жылдар бойы дәріс берген кісі. Әбу Ханифа алғашқы ақидалық дәрістерін сол кісіден алып, ұстазы дүниеден өткеннен кейін ел арасында ғалымы, әрі фақиһы еді. Имам Ағзам «Әһли Бәйтті» (Пайғамбар әулетін) жанындай жақсы көріп, оларға үлкен құрмет көрсеткендіктен, Умея мен Аббасид билеушілеріне деген ықыласты ниетін толықтай көрсете алмайды. Әбу Ханифаның екі әулеттің халифалық кезеңін басынан өткерген жылдарында, Умея мен Аббасид әміршілері оған қазылық қызметті ұсынып, ғұлама ол ұсынысты қабыл алмайды. Сөйтіп, Аббасид халифасы Әбу Жағфар әл-Мансур (754-775) ұсынысын қайтарып, сағын сындырғаны үшін Әбу Ханифаны түрмеге қаматады. Бағдаттағы түрмеде 15 күндей қамауда болған ислам ғұламасы 767 жылы 70 жасында дүниеден озады.

Матуридилік мектеп имам Ағзам Әбу Ханифаның (70/80150 х.ж.) іліміне негізделген ханафиттік доктрина негізінде қалыптасты. Әбу Ханифа хижри I-ші ғасырдың екінші жартысы мен II-ші ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүргендіктен табиғин және табиғиндерден кейінгі буын (атба ат-табиийн) ғалымдар қатарына жатады. Әбу Ханифа әйгілі сахаба ‛Абд Аллаһ ибн Мас‛уд негізін қалаған Куфа мектебінің маңдайалды өкілдерінің бірі болып, фиқһта «әһл ар-рай» мектебінің көсеміне айналса, сенімде сунниттік матуриди мектебінің рухани көсеміне айналды.

 

Салтанат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Жылыой мұсылмандар мешітінің ұстазы.

 

 

Толығырақ ...

Наиб мүфти «Ғасыр ғибраты» атты кітаптың таныстырылымына қатысты (+ФОТО)

    islam-atyrau.kz/17 қыркүйек, 2019 жыл.   Ұлттық академиялық кітапханада филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметовтің «Ғасыр ғибраты» атты туындысының таныстырылымы болып өтті.

“Ғасыр ғибраты” бүгінгі таңдағы жаһанданған әлемнің геосаяси келбетін, Қазақстанның әлемдік геосаясаттағы орны мен беделін, антропогенез саласында әлем ғалымдарының қол жеткізген кейбір ғылыми жетістіктіктерін, сондай-ақ, мұсылман әлемінің бүгінгі болмыс-бітімін сипаттайтын ғибратты мақалалар мен очерктерден тұрады.

Автордың 2001-2019-жылдар аралығын қамтитын материалдар легі түгелдей еліміздің бас газеті - “Егемен Қазақстанда” жарық көрген. Бұл тұрғыдан келгенде, автордың жаңа туындысын жалпыұлттық газеттің 100 жылдығына арналған нақты сыйы десе де болады.

Әділ Ахметов – мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, танымал түрколог ғалым. Ол – Ресей және Қазақстан халықаралық жоғары мектеп ғылым академияларының мүшесі.

“Ғасыр ғибратының” таныстырылымына елімізге танымал тұлғалар мен ғалымдар қатысты.

Наиб мүфти Бауыржан қажы Есмахан өз кезегінде сөз алып, ҚМДБ Төрағасы Серікбай қажы Ораздың сәлемі мен игі тілегін жеткізді.

 

Пікірлер (0)

Толығырақ ...

МЫСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СТУДЕНТТЕРДІҢ «ТАЛАБА» ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ҚҰРЫЛДЫ

 

 

  islam-atyrau.kz/17 қыркүйек, 2019 жыл. Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Арман Исағалиев, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфтидің Кеңесшісі Балтабай Мекежанов, ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиевтің қатысуымен Мысыр Араб Республикасы Кайр қаласында оқып жатқан қазақстандық студенттермен кездесу өтті. 

Кездесу барысында Елші Арман Исағалиев пен ҚМДБ төрағасы, Бас мүфтидің Кеңесшісі Балтабай Мекежанов қазақстандық студенттерге оқуда озат болуға шақырып, білім жолындағы ізденістеріне сәттілік тіледі. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың тапсырмасымен Түркия елінен бастау алып, құрылған «Талаба» қауымдастығы Мысыр Араб Республикасында да жалғасын тапты. Бұл қауымдастық шетелдік оқу орындарында діни бағытта оқитын қазақстандық студенттермен жүйелі жұмыс жүргізетін, бірлескен игі жобаларды жүзеге асырады. Кездесуде Бейбіт Мырзагелдиев студенттерге «Талаба» қауымдастығының ережесін таныстырды. Мысыр Араб Республикасындағы «Талаба» қауымдастығының жетекшісі болып студенттердің бірауызды қолдауымен Ақниет Тимурбаев тағайындалды. Кездесуден кейін студенттерге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан дастархан жайылды.

 

 

 

Толығырақ ...

Бас мүфти Алматы облысында болған оқиғаға байланысты көңіл айтты

    islam-atyrau.kz/17 қыркүйек, 2019 жыл.   Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Алматы облысы Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткелінде болған қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты.

«Қайтыс болған марқұмның туған-туыстарына көңіл айтамын. Иманды болсын. Алла Тағала марқұмды мейіріміне бөлеп, қайғының артын қайырлы еткей. Артында қалған отбасына, ағайын-жұртына көркем сабыр тілейміз. Оларға Жаратқанның өзі жар болсын. Ал жарақат алған жандарға Алла шипасын берсін. Жаратушы Иеміз елімізді, жерімізді, Отанымызды, халқымызды түрлі табиғат, жол-көлік апаттарынан сақтасын. Әмин» – делінген Бас мүфтидің көңіл айту жеделхатында.

Айта кетсек, 15 қыркүйекте 19 сағат 20 минут шамасында Алматы облысы Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткелінде пойыз автобусқа соқтығысып, оқиға орнында бір адам қаза тапты. Автобуста 67 адам болған.

Толығырақ ...