«Иманғали» мешітінде жас жамағатқа арналған басқосу өтті
13-қараша күні «Иманғали» орталық мешітінде жас жамағатқа арнайы дастархан жайылып, алдыңғы толқын аға мен кейінгі толқын інінің басын қосқан келелі кездесу болып өтті. Отырысты бас имам Батыржан Берденұлы ашып, жас ұрпақ тәрбиесіндегі аға буынның жауапкершіліктеріне тоқталды.
Жиын барысында «Әт-тақуа» мешітінің бас имамы Өсімхан Аманбайұлы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір тарихы (сира) бойынша тағылымдық мәні зор дәріс оқып, жас жамағаттың иман-сенімін нығайтуға ықпал етерлік аса құнды пікірлерімен бөлісті.
Өсімхан қажы өз сөзінде «Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір тарихын жетік меңгермейінше, біз Құранды түсіне алмаймыз. Түсінген күннің өзінде Құранның тұнып тұрған хикмет-данылығын тану мүмкін болмаған болар еді. Өйткені, біздің пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құранға сай амал еткен – адамзат тарихындағы бірегей тұлға. Осы ретте ардақты аналарымыз да пайғамбар (с.ғ.с.) мінезінің Құраннан тұратынын айтып кеткен. Олай болса, үмметі үшін сүйіншіленіп, оны қуантушы, қорқытушы, ескертуші ретінде жіберілген екі дүние сардары – пайғамбарымызды (с.ғ.с.) сүю – Оның хақ нұрынан бастау алатын сүннетіне сай амал ету, барша ізгі істерін үлгі тұту», – дей келе, жастарды пайғамбарымызды (с.ғ.с.) танудан талмауға шақырды.
Айта кету керек, пайғамбар (с.ғ.с.) тарихы (сира) дәрісі алдағы уақытта тұрақты түрде әр сейсенбі сайын өтіп тұрады. Дәрісті Ө.Аманбайұлы жүргізеді. Сондай-ақ, сабақ барысында кітап оқудан сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталып отырады.
«Иманғали» орталық мешітінің
баспасөз қызметі