«Иманғали» орталық мешітінде хадисті жатқа айтудан жарыс өтті (фото)
Желтоқсан айының 18-күні «Иманғали» орталық мешітінде Мәуліт мерекесіне орай ерлер жамағаты арасында сайыс өтті. Жиынды ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша Жастар бөлімінің жетекшісі Арман Урумбаев ашып, сөз сөйледі. Сондай-ақ, мешіттің наиб имамы Артық Жұмабекұлы өзара бақ сынасқалы тұрған жас шәкірттерге сәттілік тілеп, шараны жүргізіп отырды.
Қасиетті ай қарсаңында ардақты пайғамбарымызды (с.ғ.с.) ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған шара 2 бөлімнен тұрды. Сайыстың бірінші бөлімінде жас жамағат «Фирдаус», «Ахнаф», «Мухаджир», «Ансар» атты төрт топқа бөлініп, бір-бірімен білім жарыстырды. Ислам діні тарихындағы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір жолы туралы қойылған сұрақтарға «Фирдаус» тобы белсенді жауап беріп, 1-орынға ие болды. Екінші және үшінші орындарды «Ахнаф», «Мухаджир» топтары иеленді.
Екінші бөлім – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін жатқа айтудан онға тарта шәкірт сынға түсіп, нәтижесінде Сырым Жақсылықов бас жүлдені қанжығасына байлады. Сайыс барысында үздік өнер көрсетіп, хадис жаттау, оны мәнерлеп айту шеберліктерімен көзге түскен жастарға «Пайғамбар (с.ғ.с.) және төрт халифаның өмірбаяны» сынды аса құнды кітаптар тарту етілді.
«Иманғали» орталық мешітінің
баспасөз қызметі