Тәуелсіздік – Тәңір берген тәбәрік
Алла Тағаланың қалауымен Атырау мен Алтайдың арасын алып жатқан Алаш жұрты бүгінде Тәуелсіз Қазақ елі атанып, береке-бірлікте өмір сүруде. Әлем жұрты қайсар халқымыздың түп-тамыр – тағылымды тарихын танып, таңырқап, тамсанып, таңдай қағуда. Бодандықтың қылбұрауынан босаған әз-халқымыз барша ұлт пен ұлыс өкілдерін бауырына тартып, болашаққа зор сеніммен қарауда.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай мерекелік шаралар мемлекеттік деңгейде атап өтілуде. Осы ретте «Мәулімберген» мешіті де айтулы мерекені атаусыз қалдырмады.
Желтоқсанның 16-жұлдызында жұма намазынан кейін мешіттің бас имамы Мақсот Бағытжанов тәуелсіздік құрбандарының рухына орай Құран бағыштап, мешіт ақсақалы Қайрош қажы Қуанұлы бастаған ақсақалдар жиылған жамағатқа ақжарма тілектерін айтты.
Жаратушы жар болып, Тәуелсіз қазақ елінің іргесі бекем, еңсесі биік болғай! Әрқашанда аспанымыз ашық, ырыздық-нәсібіміз молынан болсын! Ұлы Жаратушының рахымы түскен Алла елші, ардақты Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.)-ның лайықты үмметі болуды баршамызға нәсіп еткей! Әумин!
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі,
«Мәулімберген» мешіті