«Иманғали» мешіндегі биылғы айлық басқосу өз жұмысын бастады
Ай сайын жамағатты бір дастархан басына жиып, уағыз ұйымдастыру –
«Иманғали» орталық мешітінде дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан шаралардың бірі. Жамағат сұранысына орай, оның қоғамдық қажеттілігінің жоғары болып отырғанын атап өтпеске тағы болмайды. Биылғы жыл басы – қаңтар айының алғашқы күндері болып өткен жиынды ашқан бас имам, ҚМДБ-ның мұнайлы өңірдегі өкілі Батыржан Берденұлы осылай деді.
Жиын барысында Ақпараттық-талдау орталығының қызметкері, теолог Мейіржан Рахматулла «Мұсылман ықыласы» тақырыбында сөз қозғап, әсерлі уағыз айтты. «Мұсылманның ықыласы – құлшылықтың өзегі, кілті. Өйткені, ықылассыз жасалған, яғни амалсыз орындалған таудай амалдан махаббатпен жасалған тарыдай амал хайырлы. Бұл ретте ықыластың екінші бір шарты бар. Ол – Алла Тағаланың разылығынан басқа ешнәрсені ортақ етпеу. Іштей өзге дүниені ойлап, сырттай екіжүзділікпен (рия) Аллаға ғибадат жасағандай болу – мұсылман баласының өз қолымен жасаған зор амалының соры», – дей келе, пайғамбардың (с.ғ.с.) мұны кіші ширк (Аллаға серік қосу) қатарына қосқанын атап өтті. Және жамағатты одан ұзақ болуға шақырды.
Бас имам отырыс соңында жамағат тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауап берді. Ақсақалдар қауымы көпке шарапаты тиетін осындай басқосуды тұрақты түрде өткізіп келе жатқан мешіт ұжымына, Батыржан қажыға алғыс айтып, ризашылық сезімдерін білдірді.
«Иманғали» орталық
мешітінің баспасөз қызметі
