Индер аудандық «Әйіп қажы» мешіті Мәуліт мерекесін атап өтті
Атырау өңірі жамағаты биылғы жаңа жыл парағын ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) дүниеге келген ай – қасиетті Мәуліт мерекесін атап өтумен бастады десек, артық айтпағанымыз. Айтулы мерекені тойлауда Құлсары қаласы көш бастаса, 11-қаңтар күніИндер аудандық «Әйіп қажы» мешітінде өз жалғасын тапты.
Құранмен ашылған Мәуліт кешінде ҚМДБ-ы Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Берденұлы Алланың сүйіктісі Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) нәсіп етілген мұғжиза хикметтері туралы сөз сөйлеп, Мәуліт айының қадір-қасиетіне тоқталып өтті. Бас имам пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туған айды ұлықтау ісіне бел шеше кірісіп, Алланың разылығын үміт еткен мешіт ұжымына ризашылық сезімін білдіре келіп, «Біз – атамыз басқа болса да, діні – бір, пайғамбары – (с.ғ.с.) бір, Алла тағаланың иман келтірер деп ақыл-ой, сана берген құлы болғанымыз үшін сансыз шүкір айтуымыз керек. Өйткені, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті – ақиқат кітабы Құран-кәрімнен бастау алып, адамзат баласын бауырмалдыққа, кішіпейілділік пен татулыққа, әділдікке тәрбиелейтін сара жол. Сондықтан да Мәуліт кешін тек қана пайғамбар (с.ғ.с.) туған айға құрмет білдіру кеші ғана емес, ата дінімізге көрсетілген құрмет деп түсінуіміз керек», – деді.
Сондай-ақ, Ақпараттық-талдау орталығының басшысы Айбек Аташев, теолог Мейіржан Рахматулла, Индер ауданы әкімінің орынбасары Әлифолла Балахметов, Жарсуат, Есбол ауылдық мешіттерінің имамдары Құраш Рспаев пен Марат Жалмұхановтар да мерекеге орай ақ тілек, ізгі ниеттерін жеткізді
Шара барысында тағылымдық мәні үлкен қойылымдар қойылып, иләһи әндер айтылды. Күмбірлеген домбырамен терме де шырқалды.
Шараның марапаттау бөлімінде Жарсуат ауылдық мешітінің имамы Құраш Рспаев пен «Әйіп қажы» мешіті қызметкері Құсайын Есмағанбетовтер «Алғыс хатпен» марапатталды.
Кеш соңында пайғамбарды (с.ғ.с.) еске алып, оның (с.ғ.с.) мүбәрак өмір жолын ұлықтауға жиылған жамағатқа діни кітаптар таратылып, мәре-сәре болған ағайын Мәуліт дастарханынан дәм ауыз тиді.
ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша
баспасөз қызметі, «Әйіп қажы» мешіті
