Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Махамбет аудандық «Исатай-Махамбет» мешіті Мәуліт мерекесін тойлады

Екі дүние сардары, ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеге келген қасиетті ай Мәуліт мейрамын Махамбет ауданы да өз деңгейінде атап өтті. 11-қаңтар күні аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде көпшілік назарына ұсынылған рухани кеш пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сан ғасырлар бойы ұлттық тұтастығымыздың ұйытқы-негізіне айналған сүннетін ұлықтап, оның адамзат тарихындағы орнының мәңгілік биіктігін тағы да бір паш етті.

«Исатай-Махамбет» мешітінің бас имамы Мейрамбек Қожахметовтың бастамасымен өткен осынау Мәуліт кешіне ҚМДБ Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Берденұлы арнайы барып қатысты. Алла Тағаланың сүйікті пайғамбары – Мұхаммедке (с.ғ.с.) нәсіп етілген мұғжиза хикметтері туралы сөз сөйлеп, Ол (с.ғ.с.) туған Мәуліт айының қадір-қасиетіне тоқталды.

«Біз – атамыз басқа болса да, дініміз, пайғамбарымыз – (с.ғ.с.) бір, Алла тағаланың иман келтірер деп ақыл-ой, сана берген құлы болғанымыз үшін сансыз шүкір айтуымыз керек. Өйткені, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті – ақиқат кітабы Құран-кәрімнен бастау алып, адамзат баласын бауырмалдыққа, кішіпейілділік пен татулыққа, әділдікке тәрбиелейтін сара жол. Сондықтан да Мәуліт кешін тек қана пайғамбар (с.ғ.с.) туған айға құрмет білдіру кеші ғана емес, ата дінімізге көрсетілген құрмет деп түсінуіміз керек», – деді бас имам өз сөзінде.

Сондай-ақ, облыстық Дін істері басқармасы атынан Ақпараттық-талдау орталығының басшысы Айбек Аташев құттықтау сөз сөйледі. Және арнайы шақыртумен келген қонақ, теолог Мейіржан Рахматулла шараны Құранмен ашты. Шара барысында пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сағыныш сезіміне толы иләһи әндер айтылып, тағылымдық мәні зор көріністер қойылды.

Кештің марапаттау рәсімінде қайырымдылық жұмыстарына белсене араласып, қашан да аудандық мешітке көмек қолдарын созуға даяр бір топ кәсіпкер азаматтар «Алғыс хатпен» марапатталды.

«Мұсылман баласы үшін ізгілікті насихаттап, екі дүние сардары (с.ғ.с.) туған айды ұлықтаудан асқар қуаныш бар ма? Бір-біріне айна іспетті үмметті бірлікке шақырып, жүректі нұрландыратын рухани-танымдық кештің өтуіне ұйытқы болған «Исатай-Махамбет» мешітінің ұжымына айтатын алғысымыз шексіз», – деп ауыл ақсақалы С.Иманғалиев жиын соңында ақ батасын берді. 

 

ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша

баспасөз қызметі, Махамбет аудандық

 

«Исатай-Махамбет» мешіті

Жоғарыға