Атырау өңірі Мәуліт мерекесін жарыса тойлауда
Атырау өңірі жамағаты биылғы жаңа жыл парағын ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) дүниеге келген ай – қасиетті Мәуліт мерекесін атап өтумен бастады десек, артық айтпағанымыз. Айтулы мерекені тойлауда Құлсары қаласы көш бастаса, қаңтардың 11-күніИндер аудандық «Әйіп қажы» және Махамбет аудандық «Исатай-Махамбет» мешіттерінде өз жалғасын тапты.
Алланың кәламы болған Құранмен ашылған Мәуліт кештеріне ҚМДБ-ның мұнайлы өңірдегі өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы, қажы Батыржан Берденұлы арнайы барып қатысып, екі аудан жамағатын да Мәуліт мейрамымен құттықтады. Бір-біріне айна іспетті үмметті бірлікке шақырып, жүректерді нұрландыратын осындай рухани-танымдық кештердің өте сапалы өтуіне ұйытқы болған мешіт имамдарына қолдау білдіріп, ризашылық сезімін білдірді.
«Біз – атамыз басқа болса да, дініміз, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір, Алла тағаланың иман келтірер деп ақыл-ой, сана берген құлы болғанымыз үшін сансыз шүкір айтуымыз керек. Өйткені, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті – ақиқат кітабы Құран-кәрімнен бастау алып, адамзат баласын бауырмалдыққа, кішіпейілділік пен татулыққа, әділдікке тәрбиелейтін сара жол. Сондықтан да Мәуліт кешін тек қана пайғамбар (с.ғ.с.) туған айға құрмет білдіру кеші ғана емес, ата дінімізге көрсетілген құрмет деп түсінуіміз керек», – деді бас имам.
Шара барысында пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сағыныш сезіміне толы иләһи әндер айтылып, күмбірлеген домбырамен күй шертілді. Аталар өсиетіндей термелер шырқалып, жүрекке нұр, көзге жас үйірген тағылымдық мәні зор көріністер қойылды.
Мәуліт кешінің марапаттау рәсімінде қайырымдылық жұмыстарына белсене араласып, қашан да аудандық мешітке көмек қолдарын созып жүрген бір топ кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері «Алғыс хатпен» марапатталды.
Кеш соңында пайғамбарды (с.ғ.с.) еске алып, оның (с.ғ.с.) мүбәрак өмір жолын ұлықтауға жиылған жамағатқа діни кітаптар, парақшалар таратылып, мәре-сәре болған ағайын Мәуліт дастарханынан дәм ауыз тиді.
«Иманғали» орталық
мешітінің баспасөз қызметі