«Сатен Шәмек» атындағы Доссор мешіті Мәуліт мерекесін атап өтті
«Сатен Шәмек» атындағы Доссор мешіті Мәуліт мерекесін атап өтті. Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күні – Мәуліт мерекесіне орай ұйымдастырылған рухани шараға Мақат аудандық мешітінің бас имамы Дәурен Нұржанұлы қатысып, Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тәлім-тәрбиеге толы мүбәрак өмір тарихы туралы уағыз айтты.
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеге келген Мәуліт айы – адамзат тарихындағы аса маңызды күн. Бұл туралы пайғамбарымыздың өзі «Мен бұл күні дүниеге келдім, үмметіме елші болып жіберілдім, бұл күні маған Құран түсті» деп айтқан. Міне, біздің мақсатымыз – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғұмырын, өнегелі жолын жамағатқа, бұқара халыққа кеңірек насихаттау болып табылады», – деді Е.Оташбаев.
Кеш барысында Бердиқұлов Батыр қари Мәуліт оқып, мешіт имамы Оташбаев Елдос Мәуліт дұғасын жасады.
Дастархан басында Доссор кентінің әкімі Жарылғасын Жайжанұлы аудан халқын айтулы мерекемен құттықтап, ауыл ақсақалдары дастархан батасын берді. Пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күнін ұлықтауға жиналған жамағат Мәуліт дастарханынан дәм ауыз тиіп, ризашылық сезімін білдірді.
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша
баспасөз қызметі,
«Сатен Шәмек» мешіті
