Мешіт ұстазы А.Түзелова семинарда баяндама жасады
ҚМДБ Әйел-қыздар секторының Атырау облысы бойынша жетекшісі, «Иманғали» орталық мешітінің ұстазы Айжарқын Түзелова Облыстық Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының ұйымдастыруымен өткен
«Әлемнің нұры – әйелдер» атты семинар-тренингке қатысып, «Исламдағы әйелдің орны» тақырыбында баяндама жасады.
А.Түзелова баяндама барысында асыл дініміздің әйел баласына ерекше құрметпен қарайтынын айта келіп, оның өз бастауын қасиетті Құраннан алып жатқанын тілге тиек етті. «Айталық, Алла Тағала «Әли-Ғимран» сүресінде «Раббысы Мәриям анамызды дұрыс қабылдап, әсем өсімдіктей, құлпырған гүлдей өсіріп, жетілдірді», – дейді. Демек, дініміз әйел адаммен әдемі мәміле жасауды бұйырады. Бұл ретте әйел баласы бала кезінен-ақ игі тәрбие алып, Құран насихат еткендей гүлдей нәзік мінез иесі болуы – міндетті. Себебі, қыз бала – болашақ хайырлы ұрпақ анасы, иманды қоғамның негізін қалаушы тұлға. Өкінішке қарай, қазіргі таңда қыз балаларымыз жаратылыс болмысына сай тәрбие ала алмай, қазақ отбасылары рухани дағдарысты бастан кешуде. Қыздарымыз оң жақта жүкті болып, жетімдер саны артуда. Алла Тағала арам деп санаған некесіз қатынастан туған тексіздердің қатары көбейіп, ар-ұяттың үлгісі болған қыздарымыздың қадір-қасиеті төмендеуде. Екіншіден, қоғамда етек алған діни алауыздық отбасындағы аналарымыз бен қыздарымыздың арасындағы туыстық қарым-қатынасқа сызат түсіруде. Шындығында, дінде жоқтығын бетке басып, ата-анаға қарсы келу, безу, отбасыны тастау – Ислам шариғатында жоқ нәрсе. Дініміз жұмақтың ананың аяғының астында екенін айтып, ананы құрметтеуге шақырады», – деді ұстаз өз сөзінде. Осы орайда ол сахаба аналарымыздың өмірін үлгі етіп, шара қонақтарын парасатты әйел болуға үндеді.
Орталық басшысының орынбасары Г.Қожағұлова жүргізген семинар жұмысы орталық псиxологы С.Нұрбекованың психологиялық тренингтері арқылы өз жалғасын тапты.
Гүлбану Нұрымқызы,
«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі