Мен жастарға сенемін
Алаштың арда ұлдарының бірі – М.Жұмабаев: «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін», –деген. Расында да бойында жастық жалыны лаулаған жастар – ертеңгі ел тірегі. Әрине, аға ұрпақтың ақылы, батасы мен бағыт-бағдары жас буын үшін ауадай қажет. Сондықтан да «жұмыла көтерген жүк жеңіл», – демекші, қоғамдағы түрлі түйткілді мәселені қөпшілікпен бірлесе отырып шешкен абзал.
Осы орайда Атырау қаласына қарасты «Кең-өзек» ауылдық округі, Тасқала елді-мекенінде қаңтар айының 29-шы жұлдызында «Тасқала жастары ұйымы»ҚҚ-ның тұсаукесер рәсімі болып өтті. Кездесуді қор жетекшісі Эльдар Әбежанов ашып, жұртшылыққа қордың алға қойып отырған мақсаттары мен жұмыс жоспарларын таныстырды. Кездесуге қалалық «Жас Отан» жастар ұйымының жетекшісі Дәурен Сейітқалиев арнайы қатысып, өз пікірлерімен бөлісті.
Қордың тұсаукесер салтанатына Алғабас ауылы, «Мәулімберген» мешітінің бас имамы Мақсот Бағытжанов қатысып, ағалық ақ тілегін айтты. Сондай-ақ, жуырда дүниден өткен облыс жастарының көшбасшысы, асыл дініміздің жанашыры Асқар Бопылдықов марқұмның рухына арнайы Құран-Кәрім аяттарын бағыштады.
ҚМДБ-ы Атырау өкілдігінің
баспасөз қызметі,
«Мәулімберген» мешіті
