Ауылым – алтын бесігім!
Адамзат баласы, соның ішінде қарға тамырлы қазақ үшін атамекен, туған жер деген ыстық сөз, киелі ұғымдар. Бойында қазақы қаны бар әрбір азамат үшін кіндік қаны тамған ауылы ерекше қастерлі. Сол себептен болар болар, әр қазақ ара-тұра атакүлдікке барып, ел-жұрттың аужайын біліп, бір аунап қайтпаса көңіл шіркін де көншімейді екен.
Ақпан айының 2-ші жұлдызында Атырау облысы, Махамбет ауданы,«Ақжайық» ауылы,«Қызыл-үй» орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бәтима Итенқызының ұйымдастыруымен «Ибалы адам – иманды қоғам» тақырыбында жоғары сынып оқушыларының қатысуымен тәрбиелік кеш болып өтті.
Кездесуді мектеп директоры Айгүл Бақиқызы ашып, тарих пәнінің мұғалімі Алмагүл Тілепова жүргізіп отырды. Ғибратты кездесуге 100 жылдық тарихы бар білім ұясының түлегі, Алғабас ауылы, «Мәулімберген» мешітінің бас имамы Мақсот Бағытжанов және көмекші молда Серік Бәйменов арнайы қатысты.
Шара барысында бүгінгі таңдағы өзекті діни мәселер қозғалып, түрлі сұрақтарға тұшымды жауаптар берілді.
Кездесу соңында мектеп әкімшілігі шара қонақтарына «Дәлел-дәйектермен намаз оқу үлгісі» (Ханифи мазғабы бойынша ), Имам Ағзам Әбу Ханифаның «Әл - фиқһул әкбар» (Ең үлкен фикһ) атты кітаптарды сыйға тартып, ризашылық сезімдерін білдірді.
Алла Тағала ісімізге береке беріп, ілімімізді арттырсын! Әумин!
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша
баспасөз қызметі,
«Мәулімберген» мешіті.
