«Иманғали» мешітінде молдалар сынақтан өтті
16-ақпан күні «Иманғали» орталық мешітінде қария молдалар сынақ тапсырды. Еске сала кетейік, бұған дейін ел арасында халыққа қызмет етіп жүрген молдалардың екі айлық білім жетілдіру курсында ілімдерін шыңдап жатқанын хабарлаған болатынбыз. Аталған сынаққа осы курс тыңдаушылары қатысып, жаназа дұғалары, мәйітті арулап, кебіндеу тақырыптары бойынша емтихан тапсырды.
Курстың алға қойған мақсат-міндеттеріне тоқталған Артық Жұмабекұлы молдаларды курсты бітіру қуанышымен құттықтап, «тал бесіктен жер бесікке дейін ілім іздеуді міндеттеген асыл пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті бойынша ілімді көркейту – ниет, құлшылықты көркейтумен тең ізгі іс. Өйткені, Ислам діні – адамзатқа алдымен оқуды бұйырып, сауаттылық пен парасаттылықты талап ететін өркениет діні. Тіпті дініміз өлімді жерлеудің өзіне ерекше мән береді. Яғни, топырақты өлім мен торқалы тойды өткізудің де өз әдебі бар. Айталық, жантәсілім еткен марқұмды арулап, кебіндеу және оның жаназасын шығару – тірінің өлілердің алдындағы ақырғы ақыларының бірі. Сондықтан да оның сүннетке сай орындалуы – молдалар үшін үлкен жауапкершілік», – деді.
Артық Жұмабекұлы, Мұрат Мұстафаев, Арман Урумбаев «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамдары қабылдаған емтиханға 15 молда қатысып, жақсы білім нәтижесін көрсетті.
Емтихан қорытындысы келер аптада, жұма күні ақсақалдарға арналған «Жұма шайында» жарияланып, молдаларға арнайы сертификаттар табыс етіледі.
Гүлбану Нұрымқызы,
«Иманғали» орталық мешітінің
баспасөз қызметі
