Қарты бар үйдің қазынасы бар...
Күллі мақтаулар мен мадақтаулар, ұлықтау мен дәріптеулер бізді жоқтан бар еткен, біздерді тура жолға салып, мұсылман қылған Ұлы Жаратшыға лайық, салауаттар мен сәлем екі дүние сәруары ардақты елші Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с) болсын.
Баршамызға белгілі бүткіл мұсылман әлемі сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)-ның туылған күні Мәуліт мерекесін атап өтуде. Жалпылай алғанда, Мәуліт мерекесінің мән-мағынасы өте зор.
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы Мансұровтың бастамасымен қантар айының 27-ші жұлдызында, облыстық М.Өтемісов атындағы драма театрында Атырау жұртшылығының қатысуымен «Пайғамбарым – ардақтым» атты Мәуліт кеші аталып өтті. Айта кетерлігі, театрда ине шаншар жер болмады. Осы мерекелік кеш аясында асыл дінімізге өз үлестерін қосып жүрген бір топ адамдар «Алғыс хатпен» марапатталған болатын. Олардың қатарында «Мәулімберген» мешітінің ақсақалдары Жүсіп ата Дүйсебаев пен Қайрош қажы Қуанұлы да болатын.
Осы ретте Алғабас ауылы «Мәулімберген» мешітінің бас имамы Мақсот Бағытжанов, наиб имам Ізбасар Қабдырахманов, көмекші молда Серік Бәйменовтер ақсақалдарға құтты болсын айта барып, ақ баталарын алып қайтты.
Қазақ халқы: «Сыйласаңдар қартыңды, жарылқаймын жалпыңды»,-деп бекерден-бекер айтпаса керек. Ұлы Даланың ұлағатты абыздары аман болсын, ағайын! Әумин!
ҚМДБ-ы Атырау облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі,
«Мәулімберген» мешіті
