Білікті теолог «Иманғали» мешіті жамағатымен жүздесті
9-наурыз күні білікті теолог Серікжан Еншібайұлы «Иманғали» орталық мешіті жамағатымен жүздесіп, «Ислам дініндегі орта жол» (шектен шықпау) тақырыбында уағыз айтты. Жақында ғана қалалық «Әт-тақуа» мешітінің наиб имамы болып тағайындалған С.Еншібайұлы осыған дейін көршілес жатқан Ақтөбе қалалық мешітінде бас имам қызметін атқарған. Халықаралық Қазақ-араб университеті, Түркия Республикасы «Хасеки» имамдар академиясында, сондай-ақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде білім алып, Мысыр мемлекеті Каир қаласындағы «Әл-Азһар» университетінде біліктілігін арттырған маман.
«Шек – барша жаратынды нәрсенің өлшемі. Шексіздік ұғымы тек Алла Тағалаға тән. Сондықтан да белгілі бір шекпен (мақсатпен) жаратылған адам баласы шектен асқан кезде өзге күйге түсіп кетеді. Не адамдықтан шығады, не кісі ақысына қиянат жасайды. Дінде шектен шығу да сол сияқты шариғатта жоқ нәрселерді енгізуге (бидғат) ұмтылып, дін атына кір келтіру. Осы орайда пайғамбар (с.ғ.с.) мұсылмандықта орта жолды ұстауды бекіткен. Олай болса, пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетін құрметтеп, дінде шектен шықпауымыз керек», – деді С.Еншібайұлы.
Кездесу соңы сұрақ-жауапқа ұласып, еркін пікір алмасылды.
Гүлбану Нұрымқызы,
«Иманғали» орталық мешітінің
баспасөз қызметі
