"Иманғали" орталық мешіті Наурыз мерекесін атап өтті
22-наурыз күні "Иманғали" орталық мешіті ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесін атап өтті. Күн мен түн теңескен жыл басы әз-Наурыз мерекесін көпшілікпен бірге тойлау үлкен мәртебе. Бірін-бірі құшақтай қарсыласып, көрісе амандасқан ағайынның қуанышы - күллі елдің қуанышы. Мешіт ауласына қадам басқан жамағаттың ыстық ықыласы мен жадыраған жылы жүзі осыны аңғартқандай еді.
Алдымен, қазақы киіз үйде ұлттық дәмнен ауыз тиген ағайынды ҚМДБ Атырау өңіріндегі өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Берденұлы мерекемен құттықтап, "Наурыз - қазақтың жаңа жылы. Ел тарихында өзіндік орны бар айтулы мереке. Алла Тағала наурыздан наурызға аман-есен жетіп, береке-бірлігіміздің арта беруін нәсіп етсін. Жайма шуақ көктемнің күніндей көңіліміз ашық, жолымыз жарқын болғай", - деді.
Әзіл-сәні жарасқан ақ дастархан басында күмбірлеген күй тыңдаған жамағат ізгілікті насихаттаумен қатар, қашан да қайырлы істердің ұйытқысы болып келе жатқан өкіл имам Батыржан Берденұлына алғыстарын білдірді.
Сондай-ақ, ақ шаңқан киіз үй алдында кір тасын көтеру, қазақша күрес, арқан тартыс сынды ұлттық спорт ойындарын тамашалады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тарту етілді. Мереке бесікке салу, тұсау кесу рәсімдерімен жалғасып, "Әйел-қыздар" секторының жетекшісі Айжарқын Түзелова кимешекті аналардың бата айтыс отырысын өткізді.
Жылдар өткен сайын ұлттық сипат алып, әдет-ғұрпымызды жаңғыртуға өзіндік ықпалын тигізіп келе жатқан әз-Наурыз мерекесі құтты, мерейі үстем бола бергей!
Толық суреттер --->Суреттер әлемі
Гүлбану Нұрымқызы,
"Иманғали" орталық
мешітінің баспасөз қызметі