Белгілі исламтанушы Қ.Әліпбаев Атыраулық дін саласы мамандарымен кездесті
1-сәуір күні белгілі исламтанушы Қабылбек Әліпбаев Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығына ат басын бұрып, өңір теологтарымен кездесті. Жиын тақырыбы дін саласы мамандарының Уахаби-салафи ағым мүшелерімен жұмыс жасау тәжірибелерін жетілдіру мақсатына арналды.
Дін саласы мамандары бастамасымен өзара іс-тәжірибе алмасу аясында
өткен шеберлік сағатын елдің ықыласына бөленіп жүрген Қ.Әліпбайұлының өңірімізге келуіне бірден-бір ұйытқы болған ҚМДБ-ның мұнайлы өңірдегі өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Берденұлы ашып, имамды атыраулық әріптестерімен таныстырды. Жиынның маңызына және оның қоғамдық қажеттілігіне баса назар аударды.
Дөңгелек үстел басында облыстық Дін істері басқармасының басшысы Қ.Көшқалиев бірінші болып сөз алып, Атырау өңіріндегі діни ахуал және осы ретте атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлама жасады.
Басқарма басшысының сөзін жалғаған Мысырлық "Әл-Азһар" Ислам университетінің түлегі, бүгінгі таңда "Нұр Астана" мешітінің наиб имамы қызметін атқарып жүрген Қ.Әліпбайұлы Ислам дінінің артықшылықтарын атап көрсетіп, қазақ тарихындағы орнына тоқталды. "Қанша ғасыр өтсе де, саф күйінде сақталып, өзгеріске ұшырамаған дініміз - Алла Тағала тарапынан қорғалған дін. Оның қос қайнар көзі - Құран және пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Ал, жат ағым идеологиясы осынау алтын діңгегіміздің сыртындағы негізсіз, адамның Аллаға емес, адамға құл болуын көздейтін пендеуи пікір-көзқарастар жиынтығы", - деді Қ.Әліпбайұлы өз сөзінде.
Отырыс соңында мамандар жат ағыммен күрес барысында кездесетін қиындықтар мен түйткілді мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітті.
"Иманғали" орталық
мешітінің баспасөз қызметі