Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Қабылбек Әліпбайұлы "Иманғали" мешітінде өткен айлық отырыстың қонағы болды

Мешіт жамағатын ауызбіршілікке шақыру, Ислам діні құндылықтарын насихаттау, жат ағымның алдын алу мақсатында ҚМДБ-ы Атырау өңіріндегі өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлының бастамасымен әр ай сайын дастархан басында жамағатқа айлық уағыз өткізу дәстүрге айналған болатын.

          Сәуір айында өтуі тиісті айлық отырыс белгілі исламтанушы Қабылбек Әліпбайұлының облысымызға келу іс-сапарымен тұспа-тұс келгендіктен, бұл жолғы жиын қонағы "Нұр Астана" мешітінің наиб имамы болды.

          Отырысты өкіл имам Батыржан Берденұлы ашып, белгілі исламтанушы

Қабылбек Әліпбайұлын жамағатпен таныстырды. Қ.Әліпбайұлының 1-сәуір күні насихат айтатынын естіп, алыс-жақыннан ағылған ағайынның көптігі сондай - мешіт іші жамағатқа лық толды.

          Жиын барысында Қабылбек ұстаз салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызбен біте қайнасқан Ислам дінінің теңдессіз құндылықтары туралы сөз қозғай келіп, қазіргі таңда қоғамда белең алып отырған ағымға бөлінудің зардап-зиянына тоқталды. "Біз - кешегі Наурызбай, Бөгенбей, Кенесары мен Махамбеттердей елін жаудан қорғаған батырлардың ұрпағымыз. Ал, бүгінгі таңда қаракөз  жастарымыз айрандай ұйыған елдің ішін ала тайдай бүлдіріп, Сирияға асуда. Бұл - елге достық ойлаған, ел ертеңіне алаңдаған жастың тірлігі емес, туған халқына жаулық ниетпен қару ұстаған адамның бейнесі. Алған ілімі асыл пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетіне жеткізбейтін адасқан бауырдың әрекеті. Олай болса, кейінгі өскелең ұрпақ осыдан сабақ алып, Алла Тағала разылығына қауыштыратын білімнен сусындауға ұмтылғаны абзал", - деді ол өз сөзінде.

          Жиын соңында жамағат тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген Қабылбек Әліпбайұлы ілімді даладан емес, Алланың үйінен іздеудің керегін айтып, татулықты үндеді.

 

"Иманғали" орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Жоғарыға