Өкіл имам медресе шәкірттеріне кезекті дәріс оқыды
12-сәуір күні ҚМДБ-ы өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы мешіт жанындағы медресе шәкірттеріне білімнің маңыздылығы туралы кезекті дәріс оқыды.
Екі айлық білім жетілдіру курсында алып жатқан шәкірттерге оқылған дәріс барысында өкіл имам жер бесіктен көр бесікке дейін білім үйренудің маңыздылығын атап көрсетті. "Білім алу - Алла Тағаланың әмірі, пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті. Қасиетті Құранның алғашқы аяттары білім алуды бұйырады. Себебі, құлшылық негізі ықылас болса, ықыластың өзегі - білім. Біліммен жасалған амал білімсіз жасалған амалдан әлдеқайда хайырлы. Білімсіздік қателікке жол ашса, оқу-білім надандықтан құтқарады. Қазіргі таңда қоғамда орын жатқан діннің атын жамылып, жамағаттың ағымға ыдырау үрдісі осы - тарихи, діни сауатсыздықтан келіп туындап жатқан жағдай", - деді бас имам өскелең ұрпақ өміріндегі білімнің тағдыршешті қызметіне тоқтала келіп.
Дәріс соңында шәкірттер өкіл имамға көкейтесті сауалдарын қойып, ілімін дін жолына арнап жүрген білікті ұстаздан тұщымды жауаптарын алды.
"Иманғали" орталық
мешітінің баспасөз қызметі
