Батагөй ардагерлер арасында бата сайысы өтті
Алашорда қозғалысының 100 жылдығы және ҚР Ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толуына орай 1-қалалық батагөй ардагерлер сайысы болып өтті. Қала ардагерлері арасында алғаш рет ұйымдастырылып отырған шараға ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілдігі, «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы Ардақ Жұмабекұлы барып қатысып қайтты.
Сайыс нәтижесі бойынша шешендік пен көрегенділіктің, тектілік пен имандылықтың үздік үлгісін көрсеткен Батырхайыр Ақмырза ақсақал байқаудың «Бас жүлдесіне» ие болды. Сондай-ақ, жүлделі орындарды қанжығасына байлап, арнайы марапаттарды иеленген ақсақалдар бойынан халық мұрасына деген зор сүйіспеншілік байқалып тұрды.
Айта кету керек, қасиет-кие дарыған сөз өнерінің қазақ халқы барда ешқашан өлмейтінін әйгілеген бұл сайыс қазақ мәдениетінің өміршеңдігін көрсетті. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып, ұлт тұтастығының діңгегіне айналған сөз тәрбиесін қайта жандандыру қанда бар тектілік пен намыстың қайрағы екенін ескерсек, мәңгілік елдігіміздің баянды болары хақ.
«Иманғали» орталық
мешітінің баспасөз қызметі