Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Аудан ардагерлермен келелі кездесу

Құрманғазы ауданында аудан ардагерлері бас қосқан жиын өтті. Жиын барысында садақаны тойға айналдырмау жөнінде аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Орынғали Құмарғалиев: - Бүгінгі таңда базарлардағы мал соятын қасапханалардың санитарлық талаптарға сай тазалығын сақтап, мал союды сүннетке сай адал стандартына көшіру мәселесі қойылып отыр. Сондықтан шараға қасапханашылар мен кәсіпкерлер шақырылды. Халықтың жағдайы жақсарғанының көрінісі, қайтыс болған марқұмды соңғы сапарға шығарарда өзінің ата-ана,  туыс-бауырына деген құрметі болар – өлім дастарханы той дастарханынан  кем түспей жайылады. Әйтсе де әр нәрсенің өз орны бар. Садақа той емес, - дей келе, малды сүннетімізге сай бауыздау мәселесіне тоқталды. «Малдың адал стандартқа сай сойылуы үшін қасапшының мұсылман болуы, дәрет алуы, «Бисмиллаһ» деп бауыздауы керектігін жеткізді.

Аудан бойынша бас имамы Нұрлан Жарқымбаев дінімізде мүрде шыққан үйден үш күнге дейін тамақ ішпеу керектігі,  ысырыпшылдыққа жол беруге болмайтынын айта келе, «дәстүр бойынша қабір басынан келгендер дастарханнан дәм татады. Көп жағдайда ысырапшылдыққа жол береміз. Бұл «байдың малын байғұс қызғанадының» кері емес. Біреулер мен де ауқатты адамнан кем қалмаймын деп несие алады. Бұлай шығынданудың қажеті не? Біріншіден, мұны ретке келтіруіміз керек. Қолымызда садақада қойылатын тағамдар жазылған тізім бар. Соны көпшілікке ұсыныс  ретінде таратсақ деп отырмыз. Екіншіден, экстремизмге қарсы күшейту мақсатында молдаларға садақаларда жат ағымдардың зиянын айту міндеттеліп отыр. Себебі, олар жастарымызбен жеке жұмыс жасайды, көбінесе мешіттен тыс, интернет арқылы ақпарат таратады. Елге белгілі адамдар да солардың жетегінде кетіп жатыр. Молдалар бізге келсе, қажетті ақпаратпен қамтамасыз ететін едік. Ал, бұл дұрыстап қолға алса, нәтижелі болатын жұмыс, - деді.

Ардагерлерден ысырапшылдыққа жол бермеуді, тероризммен күресті күшейту үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді Өмірзақ Қажымғалиев, Сәркен Нұрғожина, Жексенбай Сариев, Зайр Хидуллин, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жұмақай Ғұмаров, Кудряшов ауылдық округінің молдасы Ғалымжан Құспанов қолдап, өз пікірлерін айтты. Ақсақалдарымыз әр жұма сайын бес адамнан кем емес мөлшерде мешітке барып, намазға қатысып тұратын болып келісті.

 

ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша

баспасөз қызметі,

Құрманғазы аудандық

«Темірәлі» мешіті

Жоғарыға