Исатай ауданы имамы халық алдында есеп берді
Исатай аудандық мешітінің бас имамы Қ.Бақтығұлов Х.Ерғалиев ауылының тұрғындарымен мәдениет үйінде кездесу өткізіп, халыққа есеп берді. Жиынға ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сергей Есмағанбетов бастаған ауыл ақсақалдары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Имам Қ.Бақтығұлов өз сөзінде аудан бойынша жасалып жатқан жұмыстар мен кейбір өзекті мәселелерге тоқталып, қазіргі кезде Алла үйіне ақсақалдардың келмеуі, теріс ағымның алдын алу жолдары,жастарды медресеге оқуға жіберу және жаназа мен садақадағы ысырапшылдық туралы сөз қозғады. «Аудан бойынша садақада қойылатын тағамдардың тізімін жасап отырмыз. Ысырапшылдық туралы Алла Тағала Құран Кәрімде Ағраф сүресі, 31-аятта : «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер», - деген. Біз қаза болған жерге тойдың тамағындай етіп қоямыз, тағамдардың көбі желінбейді одан да маңыздысы үй иелеріне ауыр жүк. Қарызданып тамақ алады, кредит алып жасайтындар да бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қаза болған үйде үш күн тамақ ішілмесін», -деген. Олай болса, қазалы болған үй адамдарын үйімізге шақырып, қолдау көрсетіп тамақтандыруымыз керек», - деді имам Қ.Бақтығұлов.
Қатысушы Сергей ақсақал, Роза, Қаламқас апалар да өз ойларын айтып, бұл ұсынысты қолдайтынын білдірді. Кездесу соңында ауыл имамы Қ.Хайруллин пікірін айтып, қатысушылардың осы айтылған ұсынысты қолдайтынын айтты. Ауданның бас имамы Қ.Бақтығұловтың жұмысына өте жақсы деген баға берді.
ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша
баспасөз қызметі,
Исатай аудандық мешіті