Деструктивті діни ағымдардың қоғамға тигізген зардабы
17-сәуірі күні Жылыой ауданы, Шоқпартоғай ауылдық округі «Ырыс» спорт кешенінде «Деструктивті ағымдардың қоғамға тигізетін зардабы» тақырыбында кездесу өткізілді. Шараның мақсаты – дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, жат ағымдардан сақтандыру, отбасылық дәстүрлі құндылықтарды насихаттау жұмыстарын жүргізу.
Шараға облыстық Дін істері басқармасы «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының директоры Ербол Жаулин, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Әбішова Дина, облыстық денсаулық сақтау басқармасының дәрігері Жұмағалиева Эрика, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологы Құлсымақов Мейіржан, аудан депутаты Балжігітов Ситжан, ауыл әкімі Елеусінов Ерболат, Атырау ІІБ-нан және «Қапан қажы» мешітінің имамы Жамбыл қажы Демеуұлы – мектеп мұғалімдері мен оқушылары, ауыл тұрғындарын қамтыған кездесу өтті. Шара шымылдығын ашқан Е.Елеусінов, жастардың діни сауатты болуы деструктивті ағымдардан сақтанудың бір тетігі екенін жеткізе келе, әлеуметтік желілер мен діни әдебиеттер оқыған кезде дәстүрлі дінімізге қайшы дүниелерге аса мән беру керектігін атап өтті.
Теолог маман М.Рахматуллаұлы өз сөзінде бүгінгі таңда елімізде ақпарат құралдарынан беріліп отырған деструктивті діни ағымдардың қызметі жайлы мәліметтерге көңіл аудару азаматтық міндетіміз екенін айтты.
Деструктивті діни ағымдар тек азаматтардың өміріне ғана емес, еліміздің ішкі тұрақтылығы мен ұлтаралық және конфессияаралық келісім саясатына да зардабын тигізіп отыр. Шындығында, дін зайырлы қоғамымыздың ажырамас бөлігі болып табылады, сондықтан құзырлы инстанциялар еліміздегі діни қатынастарды одан әрі дамытуға әрқашанда мүдделі, – деді теолог. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев өзінің қара сөздерінде: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі», - деп ұлағатты сөз айтқанын тілге тиек етті.
Сондықтан мемлекеттің жастарды тәрбиелеуге, тәні сау және рухани бай жастар ортасын қалыптастыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға ерекше көңіл бөлуі өте маңызды, - деп сөзін қорытындылады М.Құлсымақов. Жиын соңында діни тақырыпта сұрақтар қойылып, өз ойларымен пікір алмасылды.