«Иманғали» орталық мешітінде қазақша күрестен облыстық турнир өтті
Бүгін, 5-мамыр күні «Нұрсая» спорт кешенінде ҚМДБ-ы төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің жүлдесі үшін қазақша күрестен облыстық іріктеу турнирі өтті. Турнирді ҚМДБ-ның мұнайлы өңірдегі өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы ашып, ата салтымызбен ұштасқан асыл дініміздегі спортпен айналысып, денсаулықты сақтаудың маңыздылығына тоқталды. «Денсаулық – аманат. Алла Тағаланың адамзатқа берген саулық сынды зор нығметіне қиянат жасамай, аман сақтау – адам баласы үшін ұлық міндет. Елдің түкпір-түкпірінде спортпен айналысып жүрген спорт саңлақтары үшін республикалық сайыс ұйымдастыруды қолға алып отырған Бас мүфтидің бастамасының мәні де осында – салауатты өмір салтын насихаттау, өскелең ұрпаққа жақсылықты үлгі ету», – деді бас имам сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеп.
Баппен қоса бақ та шабатын байрақты бӘсекеге 21 палуан қатысып, 20-ы мамыр күні Астанада өтетін республикалық турнир жолдамасы үшін өзара тартысқа түсті.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі 1-орын қызылқоғалық Өтеуов Наурызбектің еншісіне бұйырды. Ал, жүлделі 2-ші орын мәресінен тағы да қызылқоғалық Төлеуішов Мәлік көрінсе, жылыойлық Қоңқақов Береке 3-ші орынға ие болып, республикалық турнирге жолдама алды.
Жеңімпаздарға баға сыйлықтар табыс етіліп, арнайы сертификаттармен марапатталды.
«Иманғали» орталық мешітінің
баспасөз қызметі